Көп балалы аналарға тиісті жәрдемақы проактив тәсілімен тағайындалады

4200

"Азаматтарға арналған үкімет" жаңа пилоттық жоба аясында 6-7 баласы бар әйелдерге керекті төлемдерді еш құжатсыз-ақ аударатын болды. 

Көп балалы аналарға тиісті жәрдемақы проактив тәсілімен тағайындалады

Ең алғашқылардың бірі болып, "Күміс алқа" иеленуіне байланысты тиісті жәрдемақының тағайындалғаны туралы СМС хабарламаны Умида Ахунжанова алды. Тараз қаласында тұратын алты баланың анасы ұялы телефон арқылы келген хатқа оң жауап беріп, біршама уақытын үнемдегенін айтады.

"Мұндай дүниенің іске қосылғанына таңмын. Бұл болмағанда, кішкентай балаларымды тастап, құжаттарды өткізіп жүретін едім. Бұл менің қаншама алтын уақытымды үнемдеді. Себебі мен үшін бөбектеріммен өткізген әр сағатым қымбат", – дейді ең алғашқы проактив тәсілімен жәрдемақы алған көп балалы Умида Ахунжанова.  

Жоба аясында Умиданың телефонына ең алдымен "Жәрдемақы алуға құқылысыз" деген хабарлама келген, кейін жәрдемақы аударылуы тиіс есеп-шоттың нөмірі жолданған. Олардың дұрыстығына келісімін берген батыр анаға ең соңында жәрдемақының тағайындалғаны туралы СМС келген.

Айта кетейік, қызметті алу үшін ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. 

Бұрын көп балалы аналар награданы алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш жазып, кейін оның тағайындалғаны туралы құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына өткізетін. Бұдан бұлай ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ, қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, проактив – қазақстандықтардың құжаттарды ешқайда өткізбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді алуына мүмкіндік беретін жоба.

"Бүгінде жас аналарымыз проактив аясында келетін СМС-терге жауап беріп, баланың туу туралы куәлігін жасатып, оның күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеп, балабақша кезегіне тұрып, сәбиді мекенжай тіркеуіне қоя алады. Сондай-ақ осы проактивті түрде зейнеткерлікке шығу, мүгедектікті рәсімдеу қызметтері алдағы уақытта іске қосылады. Біз азаматтарымыздың өмірін жеңілдетіп, артық қағазбастылықтан арылтамыз. Бұл – мемлекеттік қызметтерді цифрлы форматқа ауыстырудағы бірқатар бастамамыздың бірі", – дейді ол.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу