Көп жылғы дауға шатылған Шүлбі ГЭС-і қайта сатылмақ

5882

"Алтай келісімі" 8 мың акционерді қан қақсатуда.

Көп жылғы дауға шатылған Шүлбі ГЭС-і қайта сатылмақ

Таяуда Мемлекет басшысы мақұлдаған, 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына сәйкес, мемлекеттің 5 триллион теңге көлеміндегі активтері бәсекелестік ортаға берілмек. Осы жоспар аясында Үкімет "Өскемен ГЭС-і" мен "Шүлбі ГЭС-і" ЖШС-лерін барлық станцияларымен бірге жекенің қолына беруге ниетті.

Статиге AES қосылатын еді...

Мемактивтер айналасындағы дау осыдан 24 жылдай бұрын бекітілген, елге "Алтай келісімі" атымен белгілі болған құпия мәміледен туындаған-тын. Арада он жылдай уақыт өткенде жаңа Үкімет өз мінеттемелерін орындамаған АҚШ компаниясымен айтысып, тартыса бастады.

Мысалы, 2010 жылдың сәуір айының ортасында сол кездегі Табиғи монополияларды реттеу агенттігі AES-ті инвестициялық міндеттемелерін орындамай отырғаны үшін айыптады. Антимонополиялық орган төрағасының сол кездегі орынбасары Анатолий Шкарупа америкалық компанияның 459 миллион доллар міндеттемесін сөз жүзінде қалдырғанын мәлімдеді. Соның ішінде "Шүлбі ГЭС-і" бойынша 396,59 млн (орындамау 94,4%), "Өскемен ГЭС" – 32,97 млн (82,4%), "Өскемен ЖЭО" – 21 млн (35%), "Согра ЖЭО" – 8,96 млн доллар (35,8%).

Осы стратегиялық нысанның бәрі тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында жатжұрттық корпорацияның иелігіне табысталды. Билік "батыстық инвестор кеңес кезінен тоза бастаған станцияларға мол қаражат құяды" деп күтті. Шынында олай болмады.

AES өзін кінәлауға қарсы шықты: айыптаудың бәрін негізсіз және шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. АҚШ инвесторларының еліміздегі өкілі Дәулет Ахметов антимонополиялық органның өзіне қарсы шабуылдап: "бұл агенттіктің инвесторларға қатысты мұндай мәлімдеме жасауға өкілеттігі жоқ!" деп дүрсе қоя берген.

Егер сол кезде Үкімет тегеурін танытып, стратегиялық нысанның бәрін мемменшікке қайтарғанда, яғни, "национализациялағанда", онда қазір Марат Бекетаев жалғыз Статиға ғана бас қатырмас еді: оған америкалық алпауыт қосылуы ықтимал-тын.

1997 жылы Әкежан Қажыгелдин басқарып тұрған тұста Қазақстан Үкіметі мен америкалық AES арасында бекітілген "Алтай келісімінде" барлық даулар Лондон арбитражында шешілуге тиістігі көрсетіліпті. Сол шартқа байланысты республика AES-ке Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында орналасқан станцияларды 20 жылға табыстағаны мәлім.

Инвестор міндеттемесін орындамаса да, ел Үкіметі шыдап бақты.

2007 жылы АЕS "Екібастұз ГРЭС-1" станциясын "Kazakhmys"-қа 1,5 млн долларға сатты. Ал сол жылдың 2 наурызында бұл компания "Екібастұз ГРЭС-1"-дің 50%-ын "Самұрық-Қазынаға" 681 млн долларға өткізгенін жария етті.

576 мыңнан астам тұрғын үй, мемнысан және бизнес кәсіпорындарына қызмет көрсеткен және олар тарапынан үнемі шағым естіген AES ақыры өз еркімен қазақстандық нарықты тастап шықты.

"1997 жылғы 23 шілдеде Қазақстан мен "АЭС Сантри Пауэр Лимитед" (АҚШ) компаниясы арасында 4 қуат өндіруші компаниясы сату-сатып алу және 2 гидроэлектр компаниясын – "Шүлбі ГЭС-і" мен "Өскемен ГЭС-ін" 20 жылға концессияға беру туралы келісім (Алтай келісімі) бекітілді. 2007 жылғы 17 қыркүйекте "Шүлбі ГЭС-інің" 92,14% акциялар пакетін "Самұрық-Энерго" АҚ жарғылық капиталының төлеміне беру жөнінде шешім қабылданды. Нәтижесінде, "Самұрық-Энерго" 2008 жылғы 4 қаңтарда "Шүлбі ГЭС-інің" 92,14% акциясының иесіне айналды. 2017 жылғы 1 қазанда "Алтай келісімінің" әрекет ету мерзімі аяқталды. Сондықтан 2017 жылғы қазанда AES-тің "Шүлбі ГЭС", "Өскемен ГЭС" ЖШС-ларындағы үлесі республикалық меншікке көшіп, Энергетика министрлігіне берілді", – делінген "Самұрық-Энерго" ақпаратында. 

ГЭС қызметкерлері акцияларынан қағылды

Билік пен инвесторларының текетіресінен кәсіпорын қызметкерлері зардап шеккен көрінеді. Сәуле Дүйімбаеваның дерегінше, "Алтай келісімі" бекітілген тұста акционерлік қоғамның шамамен 10% акциялары "Алтайэнерго" қызметкерлерінің меншігінде болыпты.

"AES компаниясы концессионер болған тұста аталған ГЭС-тердің активін тегіс жеке ЖШС-лар иелігіне көшірді. Содан тек 2017 жылы ғана ол ЖШС-ларды мемлекетке қайтарды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ол ЖШС-ларды Энергетика министрлігінің басқаруына тапсырды. Ал активтен жұрдай, бос қалған АҚ болса, "Самұрық-Энергоның" балансында жатыр. Осылайша, бастапқыда ГЭС-тер инвесторға ұсынылғанда, 10% акциялары жеке тұлғаларға тиесілі болатын. Ал кейін ГЭС-терді ЖСШ түрінде кері қайтарып алғанда, мемлекет оның 100% акцияларының иесі болып шыға келді", – деп қапаланады ол.

"Шүлбінің" ұсақ инвесторлары "Бұқтырма ГЭС" АҚ-ындағы әріптестеріне қызыға қарайды: бұл су электр станциясының активтері ешқандай ЖШС-ға ауыстырылмапты. Нәтижесінде, акцияларының 10 пайызы жұмыскерлер қолында қалды, 90%-ы "Самұрық-Энерго" иелігінде және "Қазмырыштың" концессиялық басқаруында.

"Бұл АҚ өз акционерлерінің барлық құқығын сақтап отыр. Тұрақты түрде дивидендтер төлейді. Екеуі де бірдей ГЭС қой. Бірақ "Шүлбіде" 8 мыңнан аса адамның – миноритарлық акционерлердің құқығы аяқасты етілуде. Ол адамдарды билікте ешкім еске алар емес. Олардың бәрі дерлік бүгінде зейнеткер: бұл жаста өз құқығы мен мүлкін белсенді қорғауға мүмкіндігі жоқ. Ал мемлекет болса, өз азаматтарының мүддесін қорғамайды", – дейді Сәуле Дүйімбаева.

Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев AES компаниясы 20 жыл өткен соң, 2018 жылғы қазанда мемлекетке "AES Өскемен ГЭС" және "AES Шүлбі ГЭС" ЖШС-ларының 100% үлесін қайтарғанына сілтеді.

"2020 жылғы 29 желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Бүгінде сол жоспарға сәйкес, "AES Өскемен ГЭС" және "AES Шүлбі ГЭС" ЖШС-лары жекешелендіруге жататын Республикалық меншіктегі ірі ұйымдар тізіміне кірді. Қос кәсіпорын да заңды тұлға саналады, демек, олар өз акционерлерімен арадағы мәселелерін де заң аясында шешуі керек", – деді Қаржы министрі.

Энергетика министрлігі акционерлеріне дивидендті "AES Өскемен ГЭС" және "AES Шүлбі ГЭС" ЖШС-лары төлеуге тиістігіне назар аудартты.

"Азаматтық кодекске сәйкес, Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғалардың өз мойнына алған міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Тиісінше, азаматтар мен заңды тұлғалар да Қазақстан Үкіметі алған міндеттемелер үшін жауапты болмайды. Қос ЖШС да іс басындағы заң тұлға саналады. Ендеше олардың акционерлер алдындағы міндеттемелері де заң жүзінде реттелуге тиісті", – деп сырғытпа жауап қайырды ведомство.

Қос станция сатылып кетсе, жаңа қожайын бұрынғы ұсақ акционерлерді көзге де ілмеуі кәдік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу