Көпбалалы ауыл тұрғындарына 505 мың теңге беріледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6235

18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы енгізу ұсынылды.

Көпбалалы ауыл тұрғындарына 505 мың теңге беріледі

Биыл 287 мың оқушы тегін тамақпен, 553 мың адам тегін жол жүру құжатымен, 219 мың оқушы мектеп формасымен және оқу құралдарымен, 30 мыңға жуық бүлдіршін балабақшамен, 186 мың бала лагерь жолдамасымен қамтылады.  460 мыңнан астам адам бір жолғы көмекке ие болса, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 5 мың адам жұмысқа орналастырылады. Ал 5 мың адам тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобының 10- отырысында айтылды.

Вице-министр Светлана Жақыпова жұмыс тобы 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік қолдаудың кейбір шараларын оңтайландыру арқылы жәрдемақы енгізуді ұсынғанын, көпбалалы аналарды және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды зейнетақымен қамту бастамасын көтергенін сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жалпы кірісті есептеу әдістемесін өзгерту мәселесін күн тәртібіне қойғанын атап өтті.

Басқосу барысында көпбалалы ауыл тұрғындарының жаңа бизнес-идеяларына қайтарымсыз 505 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік грант тағайындалатыны, ал ауылдағы көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мыңнан астам микрокредит бөлінетіні жарияланды.

"Министрлік көпбалалы ауыл тұрғындарын ынталандыру арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Алдағы уақытта көпбалалы ауыл тұрғындары үшін қоғамға қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқу ұйымдастырылады. Бұған қоса үйде атқарылатын әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, осы жерде жұмыс істеген адамдардың жалақысы  субсидияланады. Министрлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Әлеуметтік пакетте жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет көрсетудің 11 шарасы қамтылған", – деді Светлана Жақыпова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу