Көпір үшін кек қайтару

2446

Бүгін Ресей армиясы Украина қалаларына зымырандармен, артиллериялық қарумен соққы берді. 

Көпір үшін кек қайтару

Ресей Президенті Владимир Путин Қырым көпіріндегі жарылысты "теракт" деп жариялағаннан кейін, бүгін таңертеңгі қарбалас уақытта Украина қалаларына соққы беріліп, бейбіт тұрғындар қаза тауып, инфрақұрылым қирады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қанатты зымырандар Киев орталығындағы көпшілік жүретін жол қиылыстарына, саябақтарға және туристік орындарға түсіп, жарылды. Тіпті қарулы жанжалдың басында да Украина астанасына мұндай қарқынмен шабуыл жасалғаны байқалмаған.

Алапат жарылыстар Украинаның батысындағы Львовте, Тернопольде, Житомирде, ел орталығындағы Днепр мен Кременчукте және оңтүстіктегі Запорожье мен шығыстағы Харьковте де болды.

Украина Президенті Владимир Зеленский қарбалас шақтағы шабуылдар адамдарды көптеп өлтіру үшін әдейі ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Ракеталық соққыдан Киевтің орталық саябағындағы балалар ойнайтын алаңның жанында үлкен шұңқыр пайда болды. Ал жаяу жүргіншілер жан сақтау үшін метро станцияларының кіреберісі мен автотұрақтарға жиналды.

Украина қорғаныс министрлігі таңға таман Ресей 75 қанатты зымыран жібергенін, ал Украина әуе қорғанысы солардың 41-ін атып түсіргенін хабарлады.

Киев қалалық полициясының хабарлауынша, қалада кемінде 8 адам қаза тауып, 24-і жараланған.

"Олар бізді құртып, жер бетінен жойып жіберуге тырысып жатыр. Әзірге Украина бойынша әуе шабуылдарын ескертетін сиреналар сөнбейді. Зымырандармен соққы берілді. Өкінішке орай, қаза тапқандар мен жараланғандар бар", – дейді Зеленский Telegram хабар алмасу қосымшасында.

Кейінірек ол бұл соққылардың екі негізгі нысанды көздегенін атап өтті. Энергетикалық инфрақұрылым және адамдарды.

"Бұл уақыт және мұндай нысандар мүмкіндігінше көп зиян келтіру үшін арнайы таңдалды", – дейді тағы бір сөзінде Украина жетекшісі.

Мәскеудің нақты нені нысанаға алғаны туралы әзірге хабар жоқ. Алайда, бұған дейін Ресей Украинада бейбіт тұрғындарды қасақана көздегенін талай рет жоққа шығарғаны белгілі.

"Зымыран кезеп сөйлесу"

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба твиттерде: "Путиннің жалғыз ғана тактикасы – Украинаның бейбіт қалаларына қарсы террор. Бірақ ол бұнымен еліміздің сағын сындыра алмайды. Путин – зымыран кезеп сөйлесетін террорист", – деп жазды.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің ракеталық шабуылынан ғимараттар бүлініп, екі автомашина мен фургон толығымен жойылып, Киевтегі Тарас Шевченко атындағы бас университеттің терезелері ұшып кеткен.

"Киевке ресейлік лаңкестер шабуыл жасады! Зымырандар қала орталығындағы (Шевченков ауданындағы) және Соломянский ауданындағы нысандарға тиді. Осыған байланысты негізгі көшелер жабылып, құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр", – деп жазды қала мэрі Виталий Кличко әлеуметтік желілердегі парақшасында.

Бұл соққылар Керчь бұғазы арқылы Қырым түбегіне апаратын жалғыз көпірде жарылыс болғаннан кейін екі күн өткенде жасалып отыр. Қырым көпіріндегі алапат дүмпуді Путин "азаматтық маңызды инфрақұрылымды жоюға бағытталған лаңкестік акт" деп атады.

"Мұны Украинаның арнайы қызметі ойластырды, орындады және тапсырыс берді", – дейді Путин Кремльдің Telegram-арнасы жариялаған видеода.

Украина көпірдегі жарылыс үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ, Бірақ бұл оқиға Украинаны қуантпаса, қайғыртпады. Ал Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері дүйсенбі күні Путиннің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Кремльден Украинаға жедел жауап беруді талап етті.

"Террористерді" өлтіру

Ресейлік телеарналардағы комментаторлар болса, Украинадан кек алуға шақырып жатыр. Ресей армиясы ұрыс даласында жеңіліске ұшырап жатқандықтан, бүгінде РФ-ның әскери басшылығы алғаш рет қоғамның сынына тап болып отыр.

Путин өзі ашқан көпір – Украинаның оңтүстігіндегі ресейлік күштерді қамтамасыз етудегі негізгі жол және де ол Ресейдің Қырымды аннексиялауының символына айналды.

Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев кеңес отырысында Қырым көпіріндегі жарылысқа жауапты "терроршыларды" өлтіруге шақырды.

"Ресей бұл қылмысқа әлемнің басқа елдері тәрізді лаңкестерді тікелей жоюмен ғана жауап бере алады. Азаматтарымыз осыны күтеді", – дейді Медведев.

Ресейдің Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкиннің сөзінше, Қырым көпірінің үстінде Болгария, Грузия, Армения, Солтүстік Осетия және Ресейдің Краснодар өлкесі арқылы келген көлік жарылған.

Қыркүйектің басынан бері Ресей жауынгерлері ұрыс даласында үлкен сәтсіздіктерге ұшырап жатса, украин әскерлері олардың майдан шептерін бұзып, солтүстік-шығыс пен оңтүстікте мыңдаған шаршы шақырым аумақты қайтарып алды.

Путин бұл шығынға жауап ретінде жүздеген мың резервистті мобилизациялауға бұйрық беріп, оккупацияланған облыстардың аннексияланғанын жариялап, тіпті ядролық қару қолданатынын ескертіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу