Көппәтерлі үйлерді жаңа бірлестік басқарады

12592

Тұрғындарға екі есепшот келеді. 

Көппәтерлі үйлерді жаңа бірлестік басқарады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңның негізгі ережелерін түсіндірді.

Оның айтуынша, пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) орнына мүліктің меншік иелері бірлестігі (ММИБ) аталатын жаңадан коммерциялық емес ұйым құрылады. Заң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласын реформалауға, әрі "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР заңын жетілдіруге бағытталған.

"Пәтер иелері кооперативтері 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмысын атқарады. Одан кейін оның орнына көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың екі түрінің бірі келеді. Олар біз ұсынып отырған "бір үй-бір ММИБ-бір шот" қағидасына сүйеніп жұмыс істейтін болады. Көппәтерлі үйлер заңды тұлға ретінде ММИБ (мүліктің меншік иелері бірлестігі) немесе заңды тұлға құрғысы келмесе, жай  серіктестік ретінде қызмет етуіне болады. Мұндай қадамға барып отырған себебіміз, бұрын ПИК басшылары пәтер иелері атынан сөйлейтін, әрі қызмет көрсететін компаниялардың орнына өздері қызмет көрсететін. Қызметтеріне өздері баға беріп, өз жұмыстарын қабылдап, өзіне ақша төлейтін. Тағы бір мәселе, пәтер иелері кооперативінің қарауындағы үйлер көбейіп кетті. Олар он бес, жиырма шақты үйге дейін біріктіріп алды. Пәтер иелері төлеген ақшалары қайда кетіп жатқанын ПИК-тен сұраған кезде, ол ақша басқа үйлерді жөндеуге жұмсалып жатқанын айтады. Тұрғындар "ақшамыз неге өзімізге жұмсалмайды" деген сұрақ қояды. Сол себепті әр үйдің өз шоты болуы керек. Тұрғындар өз үйінің шотын, ақша қайда жұмсалып жатқанын көруге тиіс", –деді ол.

Қайырбек Өскенбаев көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізудің қаржыландыру тетіктеріне де тоқталды.

"Екінші себебі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Екі жылға 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері шұғыл жөндеуді қажет ететін үйлерге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге тиіс. Содан кейін, жергілікті атқарушы билік жөндеу жұмысын жүргізетіндігі туралы сол үйдің тұрғындарымен келісімге қол қояды. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қаржы жиналады. Тұрғындарға екі есепшот – жинақтаушы және қолданыстағы шот келеді. Негізі, мұндай екі шот қазір де бар. Қолданыстағы шоттан қазір алып отырған қызметтер үшін төленеді, ал жинақтаушы шот – сіздің үйіңіздің зейнетақы қоры тәрізді болады. Ол шоттан қаражат тек үйдің жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Егер дереу жөндеу жұмысы қажет болса, әкімшілік қаржы бөледі. Ал тұрғындар жинақтаушы шотында сегіз жыл қаржы жинап, әкімшілікке қайтарып береді. Егер бұл қаржы жеткіліксіз болса, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2%-бен несие береді. Банк қосымша кепіл талап етпейді, шоттағы жинақталған қаражаттан өзіне тиесілі соманы алады. Бұл тетіктер биылдан бастап іске қосылады", - деп түсіндірді.

Бұл өзгерістер еліміздегі көпқабатты үйлердің сыртқы түр-әлпетін жақсартатынына бірінші вице-министр сенімді.

"Бірнеше жылдан кейін қалаларымыз адам танымастай өзгеретініне сенімдімін. Біз жергілікті атқарушы органдарға үйлердің қасбетін, шатырын жөндеуге құқық бердік. Бұл әкімдіктердің міндеті емес, құқы. Жергілікті атқарушы органдар лифтерді жөндей алады. Бірақ жұмсалған қаржы кері қайтарылуы керек. Бұл тетіктер де биылдан бастап жүзеге аса бастайды. Ал жұмсалатын қаржының ашықтығын бақылау үшін жаңа стандарт енгізіледі. Осы мақсатта бірыңғай ақпараттық жүйе жасалды. Жүйенің қалай жұмыс істейтіндігі туралы ережелер мен тәртіптер қабылданады. Тұрғындар жүйе арқылы барлық кірістер мен шығыстарды көріп, өз ой-пікірлерін білдіре алады. Порталға шағымдар түссе, тиісті шаралар қабылданады", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Бірінші вице-министр хостел түсінігіне тоқталып, олар бірінші қабатқа көшетінін айтты.

"Хостелдер туралы мәселе көп. Өйткені алдыңғы заңда хостел түсінігі болған жоқ. Сол себепті адамдар көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында хостелдер аша бастады. Бұл коммуналдық қызметке, үйдің тазалығына, лифтілерге қосымша жүктеме түсірді. Оның үстіне сол үйдің тұрғындарына да қолайсыздық туындады. Тұрғындар хостелдерге қатысты өте көп шағымдануда. Азаматтардың қауіпсіз тұрмыс-тіршілігі үшін "хостел" ұғымы заңда бекітілді. Хостел – жеке тұлғалардың уақытша тұруына арналған көппәтерлі тұрғын үйдегі жеке кірер тобы бар немесе жеке тұрған ғимарат, ғимараттың бөлігі. Өзінің инфрақұрылымы, жеке кіретін есігі болуы керек. Барлық хостел төменгі қабатқа көшуге міндетті" , – деді ол.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрінің айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңда қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалану тетіктері қарастырылған. Мысалы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын газбен жабдықтау әкімдік қызметтеріне берілді. Олар құрылғылардың техникалық жағдайын бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырады.

Ал көпқабатты үйдің бірінші, екінші қабатында тұратын, лифті мүлде пайдаланбайтын тұрғындар да лифт үшін ақша төлеуіне тура келеді.

"Көпқабатты үйдің барлық тұрғындарын, астындағы кафе-офистердің барлығын біріктіріп жатырмыз. Үйдің лифті болсын, шатыры болсын барлығы үй үшін ортақ. "Бұл менің сатым, мынау сенің сатың. Мен осы жермен жүрем" деп бөлуге болмайды. Сол себепті барлығы ортақтасып төлейді. Бұл кондоминиумды жақсы сапада ұстап тұру үшін қажет", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу