Көптен күткен эль-класиконың да уақыты келді!

2968

Сонымен, сенбі күні, яғни, 3 желтоқсанда Испанияның әрі бүкіл әлемнің ең үздік екі командасы Испания чемпионатындағы кезекті турда өзара мықтыны анықтау үшін жасыл алаңға шығуға дайын.

Көптен күткен эль-класиконың да уақыты келді!

Корольдік клуб Мадридтің Реалы мен каталониялық Барселона арасындағы матч,тек қана Испания жұртшылығын емес, бүкіл дүние жүзіндегі футбол жанкүйерлерін бей-жай қалдырмайтыны шындық.

Испания чемпионатында бұл екі команданың алатын орны ерекше, алдыңғы орын үшін таласта осы екі клубқа бақталас болатын командалар жоқтың қасы деуге де болады. Анда-санда Мадридтік Атлетико клубының сенсация жасап қоятындығы болмаса.

Бірақ, мәселе мұнда емес, тіпті, бұл екі клуб арасындағы матч турнир кестесіндегі жағдайды еш өзгертпесе де, бұлардың ойыны ерегіс сияқты. Бір Испанияның өзі екі Одаққа бөлініп кеткендей әсер қалдырады. Тек қана екі команда арасында емес, осы команданың жанкүйерлері арасындағы да үлкен бәсеке.

Қай жерде болмасын, осы эль-класико басталар алдын әңгіменің бәрі осы матч туралы, бір-бірімен бәстескен адамдар. Осылайша, Испанияның барлық қаласында, көшелерінде, телеарналарында осы матчтың басталуына қанша күн, неше сағат, минут, секундтар қалғанын білдіретін, кері уақытты көрсетіп тұратын таймерлер орнатылған.

Әншейінде қала көшелері автокөліктермен кептеліске толып, адамдар құжынап жүретін көшелер сол матч басталатын кезде тым-тырыс бола қалады. Оған мысал: 2011 жылдың көктемінде Реал мен Барселона 17 күннің ішінде 4 ойын өткізген еді. Испания чемпионаты, Чемпиондар Лигасының жартылай финалында және Испания Кубогының ақтық бәсекесін өзара сарапқа салған кезде, барлық көшелерде фотокорреспонденттерден басқа ешкім болмаған екен.

Сол кездері Барса мен Реалдың әрбір ойыны тартысқа толы болды. Екі жылдың ішінде олар 16 рет ойнапты. Каталондық команда өзінің құрылған күнін тойлайтын күні 5:0 есебімен Реалды ойсырата ұтқан болатын. Бұдан соң 5 күннің ішінде Реал Барсаны екі рет қатарынан ұтып кеткені бар. Испания Кубогының қарымта жартылай финалы Камп Ноу стадионында өтіп корольдік клуб сырт алаңда 3:1 есебімен жеңген және Мадридтегі ұлттық чемпионаттың кезекті ойынында да Реал 2:1 есебімен басым түскен болатын.

Осындай ұзақ сериядан кейін жанкүйерлер осы екі клубтың ойынын асыға күтетін болды. Соңғы эль-класико осыдан сегіз ай бұрын көктемде өткені естеріңізде болар. 2 сәуірде екеуі Испания чемпионатында кездесіп 1:2 есебімен Барса өз алаңында жеңіліп қалғанына қарамастан Ұлттық біріншілікте Реалдан тым алысқа ұзап, турнир кестесінің көшбасшысы болатын. Айта кету керек, бұл матч Зинедин Зиданның бас бапкер ретіндегі Реалдағы алғашқы ойыны еді.

Бұл ойынды өз көзімен көруге 99 мың 264 адам келіп рекордтық көрсеткіш тіркелген болатын. Осыншама жанкүйерді ешбір мемлекеттің ұлттық біріншілігінде жинай алмайсың. Біздің Астана-Аренаға қанша мықты команда немесе құрама команда келмесін 30 мыңдық стадион 100 пайызға толған емес. Мұндай көрсеткіш тек Әлем, Еуропа чемпионаттарында немесе Чемпиондар лигасының финалдарында ғана кездесіп жатады.

Қазіргі кезде билеттер құны VIP дәрежесі бойынша 513 еуро мен 120 мың еуро аралығында сатылады.

Сонымен, кезекті эль-класико сенбі, 3 желтоқсан күні, Астана уақытымен 21.15-те Барселонаның Камп Ноу стадионында өтеді. Бұл ойынды көрген де, көрмеген де арманда!

Тікелей эфирде бұл телекөрсетілім 185 елге тарайды. Бұл дегеніңіз, шамамен 650 миллион адам тамашалайды деген сөз. Осы ойында 40-қа жуық камера жұмыс істесе, оның төртеуі 90 минут бойы тек Лионель Месси, Криштиану Роналду, Луис Энрике және Зинедин Зиданға ғана бағытталады.

Әзірге, Мадридтің Реалы 13 ойыннан кейін 33 ұпаймен топ бастап келеді. Оны өкшелеп келе жатқан Барселонада 27 ұпай, тура осындай 27 ұпаймен Севилья 3-орында тұрса, Атлетико 24 ұпаймен 4-орында келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу