Көптен күткен F-16 ұшақтары ақыры Украинаға жетті. Олар соғысқа қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

3042

Киев америкалық жойғыштардың көмегімен Ресей әскерін әуедегі үстемдіктен айырудан үмітті. 

Көптен күткен F-16 ұшақтары ақыры Украинаға жетті. Олар соғысқа қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Фото: АР

Америкада жасалған F-16 - 50 жыл бойы НАТО альянсы мен дүниежүзіндегі көптеген әуе күштері үшін таңдаулы әрі алдыңғы қатардағы жауынгерлік жойғыш ұшақ саналды.

Батыс елдері Киевке F-16  "истребительдерін" беруге уәде еткен еді. Солардың алғашқылары Украинаға келді, деп хабарлады Вашингтон мен Украинаның ресми өкілдеріне сілтеме жасап Associated Press агенттігі. Ал жексенбі күні президент Владимир Зеленский  мәлімдегендей, бұл ұшақтар ел аумағына шоғырланып, тіпті соғысқа кірісіп кеткен. Сонымен қатар, Батыстан жеткен "жойғыштар" Ресей армиясымен шайқасып жатқан Украина әуе күштерінің кеңестік дәуірден қалған ұшақтар флотына үлкен қолдау болады деген үміт бар.

Америка Құрама Штаттарының президенті Джо Байден 2023 жылдың тамызында қолданылған F-16-ларды Украинаға орналастыруға рұқсат берді. Бірақ АҚШ өз ұшақтарының ешқайсысын Киевке ұсынып отырған жоқ. Есесіне, Бельгия, Дания, Нидерланды және Норвегия Украинаға алдағы айларда мұндай техниканың 60-тан астамын жеткізуге міндеттеме алған.

Айта кетсек, Ресейдің соңғы кездері ұрыс даласындағы жетістіктері ұлғайып, әскері тұрақты түрде алға жылжып, Украина бірте-бірте позицияларынан айрылып жатыр.

Осындай шақта F-16 Украинаның әскери қуатын, әсіресе, оның әуе қорғанысын жетілдіру арқылы арттыруы керек. Бірақ сарапшылардың айтуынша, америкалық ұшақтар соғыстың бағытын өз бетімен Киевтің мүддесіне өзгерте алмайды.

F-16 Украинадағы соғысқа не әкелуі мүмкін?

Вашингтондағы Еуропалық саясатты талдау орталығының қызметкері Федерико Борсари F-16 ұшақтарының үш негізгі миссиясын атады. Оларға тоқталсақ, F-16-лар Украинаны тынымсыз бомбалап жатқан ресейлік зымырандар мен дрондарды ұстауға ұмтылады; жаудың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін басады; және орыс әскерлерінің позициялары мен оқ-дәрі қоймаларына "әуе-жер" зымырандарымен соққы бере алады.

"Олар (соғыстың) динамикасына әсер ете алады", - дейді Борсари.

F-16-ны орналастыру туралы көптеген ақпарат құпия сақтаулы. Соның ішінде Батыс үкіметтері онымен нендей нысаналарға соққы беруге рұқсат ететіні және мұндай ұшақпен қандай қару-жарақ қолдануға болатыны ашық айтылмай отыр.

F-16 ұшақтары Ұлыбританиядан әкелінген және 250 шақырымға жетіп, Ресейдегі ықтимал нысаналарға соққы беретін Storm Shadow қанатты зымырандарын тасымалдай алады. Сондай-ақ, F-16 ресейлік бомбалаушы және жойғыш ұшақтарға қауіп төндіретін ұзақ қашықтыққа арналған "әуе-әуе" зымырандарымен де жабдықталуы мүмкін. Бұған қоса, F-16-ның жетілдірілген радарлары украин ұшқыштарына МиГ-29, Су-27 және Су-24 ұшақтарымен салыстырғанда әлдеқайда алыстағы нысандарды анықтауға мүмкіндік береді.

Аспаннан берілетін бұйрық - жердегі соғыс науқанының ажырамас бөлігі және де ұшақтар жауынгерлерді әуеден қорғауға міндетті.

Тағы бір айта кететін жайт - бұл жойғыш ұшақтар ресейлік ұшқыштарға психологиялық әсер етіп, Украина қарулы күштеріне моральдық серпін беруі ғажап емес.

Украина қандай проблемаларға тап болуы мүмкін?

Лондондағы Корольдік колледждің қорғанысты зерттеу бөлімінің ғалымы Марина Мирон F-16 ұшақтары Украинаға әкелетін қиындықтардың ұзақ тізімін атап өтті. Миронның сөзінше, батыстық пилоттар мұндай техниканы басқаруды үш жыл үйренсе, украиналық ұшқыштар небары тоғыз айлық курстан өткен. Сондықтан украиналық пилоттардың жұмысында проблемалар туындауы мүмкін.

Және де F-16 ұшақтары көптеген көмекші персоналды қажет етеді: техникалық қызмет көрсететін тәжірибелі инженерлерді, снаряд зарядтаушыларды, барлау сарапшыларын, авариялық бригадаларды.

Украина, сонымен қатар, радиолокациялық станциялар желісін, күшейтілген ангарларды, қосалқы бөлшектер мен жанармай құю жүйелерін құруы керек. Сапалы аэродромдар да міндетті түрде қажет. Өйткені F-16 ұшақтарының ауа сорғышы асфальтқа жақын орналасқандықтан, моторға қоқыс пен кірді тартуы мүмкін.

"Көптеген мәселе шешілуі керек", - дейді Мирон.

Бұл аздай, жауынгерлік тәжірибесі жоқ украиналық ұшқыштар F-16 ұшақтарына отырып, шайқасудан тартынуы мүмкін.

Ресей қалай жауап бермек?

Ресей президенті Владимир Путин НАТО елдерінен әкелінген F-16 ұшақтарының жойылғанын көріп рахаттанатыны хақ.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні F-16 ұшақтары соғыстың бағытын өзгертетін "сиқырлы дәрі" болмайтынын ескертті. Оның мәлімдеуінше, Ресей билігі F-16-ларды жойған әскери қызметкерлерге сыйақы тағайындайын деп отыр.

Кремль күштері F-16 ұшақтарын жерден атылатын және алыс қашықтыққа арналған зымырандармен жоюға тырысуы мүмкін. Ресейліктер қазірдің өзінде Украинаның қиратуға қолайлы орналасқан аэродромдарын нысанаға алып жатыр.

Сарапшылардың сөзінше, украиналықтар F-16 ұшақтарын берік ангарларға қойып, оларды әртүрлі жерлерге шоғырландырып, көзді алдайтын модельдік ұшақтар станциясын құрып, әуе шабуылы туралы ескерту жеткен жағдайда тез әуеге көтерілуге дайын болуы керек.

Украина кейбір жойғыш ұшақтарды Ресейдің соққыларынан қорғау үшін шетелдік базаларда ұстауы мүмкін. Алайда бұның нәтижесінде, Путин қатаң ескерткендей, Украина ұшақтарын қабылдаған кез келген батыстық база РФ күштері үшін "заңды нысанаға" айналмақ.

Дегенмен, АҚШ әкімшілігі F-16 ұшақтарының Украинада орналасатынын айтқаны белгілі.

Украиналық F-16-лар әуеде Ресейдің бір сәтте бірнеше ұшақты ататын сұсты әрі жылжымалы ракеталық жүйелері С-300 және С-400 кешендеріне қарсы тұруы керек. Сонымен қатар, Ресейде жүздеген жойғыш ұшақ пен аспаннан бақылайтын күрделі радарлар бар.

Борсаридің айтуынша, ресейлік Су-35 жойғыш ұшақтары F-16-лар үшін ең зор қауіп. Себебі Су-35-тер үлкен кеңістікте бір сәтте сегіз нысанды көздеп, қирататын алыс қашықтыққа арналған радарлармен  жабдықталған.

Дегенмен, ресейліктерге бәрібір мейлінше сақтануға тура келеді. Себебі Украина армиясының қолына бұрынғыдан қуатты ұшақтар тиіп отыр.

Украина F-16 ұшақтарын қалай қорғамақ?

Украиналық авиация сарапшысы Анатолий Храпчинскийдің сөзінше, Ресей әскері F-16 орналасқан авиабазаларға соққы беруге әрекеттенуі мүмкін. Бірақ Украина қазір сенімді қорғаныстан кенде емес екен.

"Украинада өз аэродромдарын әуе қорғаныс жүйесімен қорғап, ресейліктердің шабуылдарына төтеп беретін мүмкіндік бар. Соғыс басталғалы, РФ армиясы талай рет соққы беремін деп, сәтсіздікке ұшырады", - дейді Храпчинский АР агенттігіне берген сұқбатында.

Оның сөзінше, F-16 ұшақтары Украина әуе күштерінің ел аспанын қорғаудағы мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырып, Ресейдің алыста орналасқан стратегиялық нысаналарын қиратуға қажетті қашықтықты ұзартайын  деп отыр.

"F-16 жойғыштарының арқасында Украинаға зиян келтіріп жатқан бірқатар проблемаларды шеше аламыз. Сол түйіткілдер қатарында  Ресейдің жаппай зымырандық шабуылдары, басқарылатын авиабомбалары және Харьков пен Сум облыстарымен шекаралас аудандарға С-300 қондырғыларын орнатуы бар", - дейді Храпчинский.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу