Қорадағы қой мен кепедегі тауық та декларацияға алынады

Декларация тапсырушылар саны 13 млн адамнан 3,5 млн адамға азайтылмақ. 

Қорадағы қой мен кепедегі тауық та декларацияға алынады

Сенат депуаттары жеке тұлғаларды жалпыға бірдей декларацияға тартудың жай-күйін талқылады. Қолданысқа енбей жатып халықтың наразылығын тудырған бұл жоба 2021 жылға шегерілген болатын.

Нақты айтсақ, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалар бұрынғы қысқамерзімді декларацияның орнына толыққанды декларация тапсырады. Ал 2023 жылы кәсіпкерлер, 2025 жылы қарапайым халық табысы мен мүлкі туралы есеп беруге көшеді. 

Қаржы министрлігі бұған дейін айтылған кемшіліктер мен сындардан нәтиже шығаруды ойласа керек, декларациялаудың жаңа тәртібін дайындапты. Жаңа тәртіптің өзгешеліктерін вице-министр Қанат Баеділов баяндады.

Министрдің орынбасары баяндамасын Қазақстан аумағынан тыс жерде мүлік пен актив ұстап отырғандар қалай декларация тапсыратынын айтудан бастады. 

"Қазақстан аумағынан тыс жерде тіркелген жылжымайтын мүлік пен әуе, теңіз кемесін, көлік пен арнайы техниканы, шетелдік банктегі 1000 АЕК-тен асатын ақшаны декларациялау міндеттеледі. Ақшаға шаққанда бұл 6,5 мың доллар немесе 2,6 млн теңге деген сөз", – дейді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысындағы мүлік үлесі, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес, құнды қағаздар, өндірістік-қаржылық құралдар, зияткерлік меншік нысандары, инвестициялық алтын шетелде орналасса да, Қазақстан аумағында болса да декларациялануға тиіс. 

Құны 15 млн теңгеден асатын дебиторлық және кредиторлық қарыз да декаларацияда көрініс табуы керек. Ең бастысы, ол қарыз  нотариуспен расталған болуы шарт. 

"Бұл жерде нотариуспен растау жалған анықтамалар жасауды болдырмау үшін қажет. Азаматтар шегерілген датамен жалған анықтама жасауы мүмкін", – дейді вице-министр.

Сандықта сақтаған ақшаңыз болса, оның көлемі 10 мың АЕК-тен асса, декаларацияда көрсетуге міндеттелесіз. Бұған дейін аталмыш сома 5880 АЕК көлемінде деп көрсетілген болатын. Қаржы министрлігі оны ұлғайтуды ұсынып отыр. 

"Тәуелсіз бағалаушылар құнын 1000 АЕК-тен асады деп көрсеткен мүлік пен активтерді декларацияда көрсету құқығын азаматтардың өз еркіне қалдыруды ұсынамыз. Жеке тұлғалар қалауына қарай биологиялық активтерді декларацияда көрсете алады. Салық кодексі бойынша биологиялық активке жануар мен өсімдік жатады. Өсімдікті декларацияда көрсетудің қажеті жоқ шығар. Сондықтан биологиялық актив деген ұғымның орнына жануар мен құс деп енгізуді ұсындық", – дейді Қанат Баеділов.

Жаңа тәртіп бойынша кірісі 1000 АЕК-тен аспайтын қарапайым тұрғынға жыл бойында ірі сауда жасамаса, кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсырмауына болады. Ал мемлекет есебінен берілетін тұрақты төлемдер туралы ақпаратты мемлекеттік органдар салық орнына автоматты түрде жолдап отырады.
"Қолданыстағы заңнама бойынша жыл сайын кірістер мен мүлік туралы жалпыға бірдей тапсыратын декларацияның қысқа мерзімді және толыққанды түрлері бар. Қысқамерзімді декларацияны негізінен зейнеткерлер мен студенттер және өзге де тіркелген кірісі жоқ тұлғалар тапсыруға тиіс. Декларацияның мұндай түрі ешқандай бағалы дүние сатып алмаған болса, ірі табыс кірмесе, тапсыру міндетті болмауы тиіс деп отырмыз", – деді министрлік өкілі. 

Ал мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайлары, оларға теңестірілген тұлғалар мен жұбайлары, өз күшімен салық салуға жататын табыс табушылар,  мүліктік табыс алушылар, шетелдік көздерден кіріс алушылар, шетелдік банк шоттарында 1000 АЕК-тен асатын ақшасы бар тұлғалар, шетелде тіркелген мүлігі бар тұлғалар міндетті түрде кірісі мен мүлкі туралы жыл сайын декларация өткізіп отыруы тиіс. Қаржы вице-министрі шетелде тіркелген мүлікті сатып жіберу арқылы декларациядан жалтару мүмкін емес екенін айтады. 

"Қазақстан аумағынан тыс жердегі мүлікті иелігінен шығарғандар да декаларацияда тиісті операцияны көрсетуге міндеттеледі. Ондай мүлікті сату үшін немесе сатып алу үшін жұмсаған ақшаның көзі де декларацияда көрсетілуі керек. Тұрғын үй құрылысындағы үлесті сатып алу немесе талап қою құқығын басқаға беру келісімдері де декларациялауға жатады", – дейді Қанат Баеділов.

Құзырлы орган өкілінің айтуынша,  салық декларациясында көрініс табуға тиіс көрсеткіштердің тізімі 4 есе қысқартылмақ.

"Біз ұсынған тәртіп бойынша бұл тізім 4 есе қысқарды. Осылайша жыл сайын табысы мен мүлкі туралы толыққанды декларация тапсырушылардың санын 13 млн адамнан 3,5 млн адамға азайтуды ұсынып отырмыз. Ол үшін депутаттар ұсынысты қолдауы керек", – деді ол.

Жалпыға бірдей декларацияның халыққа ұнамаған бір тұсы қағазбастылыққа бастайтын мәліметтердің көп болуы еді. Вице-министр жаңа тәртіпте бұл да ескерілді деп отыр. 

"Заң жүзінде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарын құны 1000 АЕК-тен асатын қызмет көрсетілген жағдайда электронды шот-фактура жазуға міндеттеуді ұсынамыз. Ал бизнес нысандары құны 1000 АЕК-тен асатын тауар сатқан кезде электронды шот-фактура жазуға міндеттелуі керек. Осы арқылы сауда шығындарын қадағалауға болады. Ал жеке тұлғалардың  жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтары, ұтыс, сыйақы, шәкіртақы, зейнетақы және сақтандыру төлемдері түріндегі кірістерін  салықтық агенттер беруі тиіс.  Бұл жеке тұлғалардың жұмысын жеңілдетеді. Яғни мемлекеттік қызметкер декларацияға өзінің қанша айлық алатынын көрсетіп отырмайтын болады. Ол есепті жұмыс орнындағы есепші өткізетін болады", – деді Қанат Баеділов.

Ал зияткерлік меншік пен құнды қағаздар, тұрғын үй құрылысындағы үлес, зейнетақы жинағы туралы; әлеуметтік жәрдемақы алатын тұлғалар мен отбасы құрамы туралы; банк шоттары туралы ақпаратты салалық құзырлы органдар ұсынуы тиіс. 

"Бұл мемлекеттік кірістер органдарына декларация мәліметтерін алдын ала толтыру үшін қажет. Бірақ ол үшін дербес деректер мен оларды қорғау туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Өйткені кейбір мемлекеттік органдар қазірдің өзінде заңға сүйеніп, декларациялаудың бірінші кезеңіне қажет деректерді беруден бас тартып отыр. Жалпы алғанда жаңа тәртіп қолданысқа енуі үшін Салық кодексіне, 11 нормативтік актіге өзгеріс енгізіп, құзырлы органдармен 21 мәлімет түрі бойынша ақпарат алмасу келісімдерін жасау қажет", – деді ол.

Қаржы министрлігі ұсынған жаңа тәртіпті Ұлттық экономика министрлігі де құптап отыр. Бұл туралы вице-министр Мәди Такиев айтты.

Әуелі ол жалпыға бірдей декларация Қазақстан үкіметінің ойлап тапқан дүниесі емес екенін, "Doing Вusiness" рейтингінің басында тұрған 30 елде бұл жүйе бұрыннан бар екенін тілге тиек етті. Еуразия экономикалық одағында Қырғызстан мен Армения да биылдан бастап осы жүйеге көшуді жоспарлап отырса керек. 

"Толыққанды декларация тапсыратындардың тізімін қысқарту туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдаймыз. Сондай-ақ қысқамерзімді декларацияны мүлде алып тасу ұсынылып отыр. Бұл да процесті жеңілдетеді деп санаймыз", – деген Ұлттық министрлік өкілі декларацияға жатпайтын сомалардың мөлшері бұрынғыдан ұлғайтылатынын ескертті. 

"Әлемдік тәжірибеде жеке тұлғалардың білім алуға, денсаулық сақтауға, баспана несиесінің пайыздық сыйақысына,  жасы келген ата-ананың күтіміне және қайырымдылыққа жұмсаған шығындары декларацияланбайды. Қазақстанда да осыған ұқсас болады. Медицина шығындарын, жұмыс күні мен ипотекалық берешек сыйақыларын декларациядан шегеру қарастырылуда. Халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз тобына стандартты декларация шегерімін 82 АЕК-тен 1000 АЕК-ке көтеру ұсынылып отыр", – дейді маман. 

"Сондай-ақ, барлық ипотекалық берешек пен ипотекалық берешек сыйақысы,  медициналық қызмет, білім алу шығындары салықтық шегеруді 118-ден 100 АЕК-ке дейін, көпбалалы отбасылардың табысын 282-ден 300 АЕК-ке өзгертілді", – деді Мәди Такиев. 

Сенаторлар салық декларациясында тағы да ауылдағы халықтың қорадағы малы мен бақшадағы өсімдігі көрініс табатынына қынжылыс білдірді. "Биологиялық актив" ұғымын заңда нақтылап, елге түсінікті етіп жазбаса, ертең тағы дасыншылардың табасына қалуға болатынын ескертті. Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, бұл ұғымның декларациядағы мәнін нақтылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелген көрінеді.

"Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі нақтылап беруі тиіс. Сәуір немесе мамыр айында декларацияда қорадағы мал мен бақшадағы ағаштың қалай көрініс табатынын нақты айтамыз", – деді ол журналистерге.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу