Қордай ауданындағы жаппай төбелеске не себеп?

8401

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тұрғындары елді дүрліктірді.  

Қордай ауданындағы жаппай төбелеске не себеп?

Кеше хабарлағанымыздай, Жамбыл облысының полиция департаменті Қордай ауданы аумағындағы Масаншы ауылында болған ұлтаралық сипатындағы жанжал жайында екі рет мәлімдеме жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тwitter желісіндегі парақшасы арқылы пікір білдірді.

Полиция департаментінің тергеу басқармасының мәліметінше, жұртты дүр сілкіндірген жаппай төбелеске байланысты Қылмыстық кодекстің 293-ші "бұзақылық" бабы бойынша тергеу жұмыстары басталған. "7 ақпан күні Қордай ауданы Масаншы ауылы тұрғындарының арасында жанжал шықты. Полиция қызметкерлері жанжалды тоқтатты. Қазіргі таңда жағдай бақылауда" делінген департамент таратқан мәлімдемеде.

Мемлекет басшысының жазбасында да "Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады", делінген.

Алайда, құзырлы органдардың ешқайсысы жаппай төбелестің себебін айтпай отыр. Тек тәртіп бұзушылар мен бүлік тудырған азаматтар анықталып жатыр.

WhatsАpp және Instagram әлеуметтік желілерінде тараған фото және бейне материалдардан бүлінген ғимаратты, полиция көліктерін, аударылған көлікті, қару ұстаған топ пен тапаншаның дауысын аңғаруға болады.

Құзырлы орган көпшілікті жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, фейк дерек таратушылар жауапқа тартылытынын ескерткен болатын. Десе де кейбір дереккөздердегі бейресми мәліметтерге сүйенсек, кеше кешкі уақытта Масаншы ауылында кемі бір тұрғын үй өртенген. Тіпті Қордай ауданына өзге аймақтардан полиция қызметкерлері тартылып жатыр.

Ал әлеуметтік желілерге тараған ауыл тұрғындарының аудиожазбалары дүнген-қазақ ұлттары өкілдері арасындағы ерегіс топтық төбелеске жалғасқанын ұқтырады. Мұның соңы ұлтаралық сипатындағы қақтығысқа ұласқан. Бірақ жергілікті халық арасындағы бұл жанжалдың қандайда бір ұлтараздық сипаты жөнінде ресми ақпарат жоқ болғанымен, белсенді желі қолданушылары ұлтаралық татулыққа еліміздегі барлық диаспора мемлекет құраушы ұлтпен тең дәрежеде жауапты екенін жазып жатыр.

Әсел Мұратбекқызы

Жамбыл облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу