Қордайда полиция қызметкерлеріне оқ атылған

3701

Елдімекендер мен кіреберіс жолдарда блокпосттар орнатылды.  

Қордайда полиция қызметкерлеріне оқ атылған

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде сегіз адам қайтыс болып, қырықтан астам адам жарақат алғанын хабарлады.

"7 ақпан күні Жамбыл облысының полиция департаментінің кезекші бөліміне "Қордай ауданы Масанчи ауылының жанында жетпістен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жердегі адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Нәтижесінде басқа ауылдардан үш жүзден астам азамат төбелеске қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. Сегіз адам қаза тапты, қырықтан астам адам жарақат алды. Арасында қарудан зардап шеккендер де бар", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бүгінгі күні тәжірибелі қызметкерлерден құралған жедел топ құрылып, жұмыс істеуде.

"Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына Ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді. Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың бірінші орынбасары да сол жерге барды. Адам өлімі, бұзақылық ісі фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде жағдай тұрақты", – деп мәлім етті министр.

Ерлан Тұрғымбаевтің айтуынша, полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атылған. Қазіргі кезде елдімекендер мен кіреберіс жолдарда бақылау-өткізу пункті орнатылды.

"Қақтығысты тәртіпке келтіріп, күзету кезінде бірнеше полиция қызметкері жарақат алды. Соның ішінде екеуіне оқ тиді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұзақылық, өрт қою арқылы 30 үй-жай, 15 сауда-саттық нысаны және 23 автокөлікке зақым келген. Қазір оқиға орнын тексеру жүріп жатыр. Дәл мәліметтер кейінірек болады. Қазіргі кезде 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы алынды. Оларға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру мен адам өлтіру айыбы таңылды. Қоғамдық тәртіп бұзған барлық адам ҚР заңына сәйкес жазаға тартылады. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланы қызметкерлері орналасты", – деді ішкі істер министрі.

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев халықты жалған ақпаратқа ілеспеуге шақырды.

"Оқиғаны Бас прокурор жеке бақылауына алды. Тәртіпсіздіктерге кінәлі адамдардың барлығы анықталып, жауапқа тартылады. Жәбірленушілерге құқықтық көмек көрсетіледі. Құқық қорғау органдары заңның үстемдік етуін, қоғамдық тәртіпті және құқық бұзушылықтың болмауын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Кейбір адамдар біле тұра жалған ақпарат таратып, заңға қайшы әрекет етуге шақыруда. Сол себепті Қазақстан азаматтарына айтарым, ҚР Конститутциясы ұлтаралық келісімді бұзатын, жаппай тәртіпсіздікке шақыратын және біле тұра жалған ақпарат таратуға кез келген әрекетке тиым салады", – деп ескертті Болат Дембаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу