Кореямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық кеңейтілмек

392

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Корей еліне ресми сапармен барды.  

Кореямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық кеңейтілмек Фото: Сыртқы істер министрлігі

Сапар шеңберінде ол Президент Юн Сок Ёлмен кездесіп, Сыртқы істер министрі Чжо Тэ Ёльмен екіжақты келіссөздер жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Корей мемлекетінің басшысымен кездесу барысында соңғы жылдары қол жеткізілген екіжақты саяси диалогтың жоғары деңгейі аталып өтті. Корея Республикасының Президенті қазақ-корей стратегиялық өзара тиімді әріптестігін нығайту мақсатында Қазақстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Өз кезегінде, М. Нұртілеу Корея Республикасының көшбасшысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Корея Республикасы 30 жылдан астам дипломатиялық қатынастар барысында өсіп келе жатқан экономикалық және мәдени байланыстар қолдайтын берік саяси диалог құрылған Азия өңіріндегі маңызды және сенімді серіктес екенін атап өтті.

Сол күні ҚР СІМ басшысы Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Чжо Тэ Ёльмен екіжақты келіссөздер жүргізді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-корей ынтымақтастығының негізгі мәселелерін талқылады.

Сұхбат барысында Корея Республикасы Президентінің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға қуатты серпін бергені аталып өтті.

М. Нұртілеу Корея Республикасы Қазақстанның ең ірі 5 инвесторының қатарына кіретінін және өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 6 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Іскерлік байланыстарды жандандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту ұсынылды.

Цифрлық және білім беру жобалары да келіссөздердің маңызды тақырыбына айналды. Кездесу барысында Қазақстан мен Корея Республикасы "Astana Hub" IT-паркін дамыту шеңберінде, сондай-ақ жасанды интеллект және үлкен деректер жөніндегі Ұлттық орталықты құру мәселелері бойынша ынтымақтасып жатқаны айтылды. "SeoulTech" университеті сияқты корей жоғары оқу орындарының қолдауымен елімізде жаңа білім беру және ғылыми мекемелер ашу жоспарлануда.

Гуманитарлық байланыстар екіжақты серіктестіктің маңызды аспектісі болып қала береді. М. Нұртілеу Қазақстанда тұратын 120 мың корей халықтар арасындағы "алтын көпір" рөлін атқаратынын атап өтті.

"Екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарының үдемелі дамуы, сондай-ақ екіжақты визасыз режим, екі елдің астаналары арасында жаңа тікелей әуе рейстерінің ашылуы және өсіп келе жатқан туристік ағын біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыруда", – деді ҚР СІМ басшысы.

Өз кезегінде Корея Республикасы сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Орталық Азиядағы ең адал және сенімді серіктес екенін атап өтті. "Сіздің өңіріңізге салынған корей инвестициясының жартысынан көбі Сіздің еліңізге тиесілі, сондықтан біз достық қарым-қатынасымызды өте жоғары бағалаймыз", – деді ол.

Нәтижелі келіссөздердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жоғары деңгейде сапарлар өткізу және басым салаларда жаңа бастамалар әзірлеу туралы уағдаластықтарды қамтитын Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің Корея Республикасына ресми сапары аясында Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған қазақ-корей мәдени фотокөрмесі өтті, ол ағымдағы жылдың 5 қарашасына дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу