Бұрынғы қорғаныс министрінің әйеліне енді өмір бойы айына 500 доллардан төленеді

13495

Мәжіліс аппаратының бұрынғы қызметкері, қорғаныс экс-министрінің жазушы әйелі әлемдегі еш елде жоқ конкурста жеңімпаз атанды. 

Бұрынғы қорғаныс министрінің әйеліне енді өмір бойы айына 500 доллардан төленеді Фото: банки.ру

Ұлттың жер бетінен жоғалуына рухани самарқаулығы та сұрапыл серпін береді. Кез келген елде рухани сананың оянып, ұлттық рухтың өрлеуіне қолына қалам ұстаған бұқаралық ақпарат құралдары және әдебиет пен мәдениет өкілдері зор ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде елдің рухани қазына-байлықтарының молая түсуіне мән берілуде. Осы мақсатта Қазақстанда кілең қымбат көлік пен құнды мүлік бәске тігілетін айтысты айтпағанда, түрлі әдеби байқаулар үнемі өтіп, қомақты жүлделер таратылады.  

Мысалы, 1 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрлігі "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығына арналған шығармаларды қабылдауды аяқтады. Қазақстандық қаламгерлерді мемлекеттік қолдау және қазақ әдебиетінің дамуына ықпал ету үшін қолға алынған "Айбоздың" жалпы жүлде қоры – 35 миллион теңге. Мұнда әрбір жеңімпазға 5 миллион теңгеден беріледі.

Бұдан өзге, Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге. Жеңімпаздарға диплом, төсбелгі және 4,1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақылар табысталады.

Ең үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайтын "Алтын тобылғы" байқауының жүлде қоры – 15 миллион теңге. Бұдан бөлек, "Қаламгер" және басқа да қаптаған байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйақы үлестіріледі.

Бірақ олардың бәрінен “Меценат” әдеби байқауы асып түскенге ұқсайды. Бұл әдеби байқаудың тосын сыйы және өзге конкурстардан даралар ерекшелігі бар.

Оның жеңімпазына өмір бойы және ай сайын 500 доллардан сыйақы төленіп тұрады. Бұл бүгінде шамамен 245 000 теңгеге тең. Яғни, жас жазушы не ақын жеңіп алса, ерте зейнеткерлікке шықтым деуіне болады. Биыл бұл адамның кім екені де анықталып отыр.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 26 ​​мамырында "қазіргі Қазақстан туралы ең үздік романға" оқырмандардың дауыс беруі басталды. Дауыс беру 30 күнге созылды. Қазақстандық ұялы байланыс операторларының SMS-хабарламасы арқылы Қазақстан азаматтары ғана дауыс бере алды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл 3-ші маусымы өтіп отырған байқауға барлығы 40 қолжазба түскен (салыстырсақ, былтырғы 2-ші маусымға небары 8 қазақша және 5 орысша қолжазба ғана қатысыпты).

Оның 17-сі – қазақ тіліндегі, 23-і – орыс тіліндегі шығармалар. Бір қолжазба алыс шетелден жіберіліпті. Авторлардың арасында 10-ға жуық кәсіби жазушы, 7 әйел, 2 университет студенті бар. Қолжазбаларға қойылған басты талап – бұған дейін еш жерде жарияланбауы, кітап болып басылмауы шарт.

Ридерлер мен суперридерлер тобының екі апталық жұмысынан кейін 3 қазақ және 3 орыс тілінде 6 роман таңдалды. Шорт-листке де солар кірген. Олар:

  • "Көктегі көлеңке", Қылышбеков Темірлан Бақытбекұлы
  • "Құндыз", Райымқұлова Гүлсара Дәулетқызы
  • "Өмір бәйтерегі", Досжан Сәуле Мағазбекқызы
  • "Алмазные двери", Воронцов Эльдар Олегович
  • "Аманта Сари, или война Алой и Белой розы", Тоқсанов Нұрлан Нұрпейісұлы
  • "Возвращение", Омар Әсел Талғатқызы.

Ұйымдастырушы Mecenat.kz түсіндіруінше, бұл – байқаудың 3-ші маусымы. Қолжазбалар 2025 жылдың 15 наурызына дейін қабылданған. Олардың арасынан шорт-тізімге іріктеп алынған 6 шығарма қазақстандықтардың дауыс беруіне шығарылды.

Байқау ашық, әділ өтуі, қазылар алқасының мүшелері өз үміткерлерін ілгерілетіп, соларға бұра тартпауы, ашық және жасырын жүретін кез келген мүдделер қақтығысы болмауы үшін бұл байқауда әділ қазылар алқасы құрылмайды.   

Оның орнына жеңімпазды дауыс беру арқылы қазақстандықтардың өзі анықтады. Сөйтіп, кімнің шын берілген оқырманы және фан-тобы көп болса, сол жеңеді.

"Байқаудың жалғыз ғана жеңімпазы болады, оған Қазақстанның Ұлттық банкінің бағамы бойынша теңгеге шаққанда ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде өмір бойғы сыйақы төленеді. Әдеби байқауды ұйымдастыру үшін қазақстандық "Freedom Finance Life" өмірді сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасалды. Байқаудың мақсаты – қазақ әдебиетін дамыту және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, еліміздің қаламгерлерін кәсібилендіру және әлемдік ірі кітап нарығына шығу", – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, әдеби байқаудың І-ші маусымында, 2022 жылы “Күлпет” романының авторы Шархан Қазығұл жеңіске жетті.

ІІ-ші маусымда, 2023 жылы “Өлгендер қайтып келеді” романымен Тұрысбек Сәукетаев жеңіс тұғырына көтеріп, ол да өмір-бойғы сыйақыға қол жеткізді.  

Байқаудың биылғы ІІІ-ші маусымының жеңімпазы еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда өткен салтанатты шарада жарияланды. Белгілі болғанындай, оқырман таңдауының нәтижесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжан биылғы жеңімпаз деп танылды. Ол журналистерге бұрынғы бірнеше сайланымдағы Мәжілістердің аппарат қызметкері, баспасөз қызметінің өкілі ретінде белгілі. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан, Ұлттық құрылтай құрамында қоғамдық қызметпен айналысады.

Уикипедияда Сәуле Досжанның Мәжілістің экс-депутаты, бұрынғы Қорғаныс министрі (1999—2001) Сәт Тоқпақпаевтың әйелі екені жазылған. Ал, жазушылар оны Қорғаныс министрлігі мен Парламенттің 2002 жылғы "Ел қорғаны" бірлескен конкурсының гран-при иесі, "Нұр Отан" партиясының "Елім деп соққан жүрегім" конкурсының гран-при жеңімпазы, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты ретінде біледі. Ұйғыр ауданының және Алматы облысының құрметті азаматы.

Байқау шарты бойынша бас жүлде сыртында тағы бір жазушыға жұбату сыйлығы – 2-ші орын беріледі. Оны биыл "Көктегі көлеңке" романымен Темірлан Қылышбек иеленді. Оған 500 000 теңге көлемінде бір реттік сыйақы табыс етілді.

Авторының бағын ашқан "Өмір бәйтерегі" романы не туралы?

Туынды авторы бұл романды жеті жыл жазғанын жеткізді.

"Еңбегім жанып, әдеби байқаудың үшінші маусымының жеңімпазы атанып отырғаныма қуаныштымын! "Өмір бәйтерегі" романын осымен жеті жыл бойы жазыппын. Онда ұлттық кодымызды, қан тазалығын сақтау мәселесін, әлемде тек қазақта бар "Жеті ата" шежіресінің Ұлы дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, қазіргі жастарға түсіндіргім келді. Романның әр тарауын жеті қайтара оқып, түзетіп шықтым. Бұл – менің шығармашылық тәжірибем толысқанда жазған жетінші романым. Адам өзінің шығармашылықта кемеліне келгенін бәйгеге түскенде ғана біледі. Бәйгеде озсаң, еңбегіңнің жемісті болғаны", – деді байқау жеңімпазы Сәуле Досжан.

Mecenat.kz сыйлығының алдыңғы 2-ші маусымының жеңімпазы, жазушы Тұрысбек Сәукетаев "Өмір бәйтерегі" романының мазмұнына тоқталды.

"Бұл – біздің қазақы болмысымызды жан-жақты суреттеген роман. Оның сюжеттік желісі Нұржан мен Мөлдір есімді екі жастың махаббатына құрылған. Мөлдір өз жігітін ата-анасына таныстырады, алайда, Нұржан өзінің жеті атасын білмейтін жетесіз болып шығады. Қыздың ата-анасы жігіттің әкесіз екенін естиді және төл тегін, жеті атасын білмейтін жігітке қызының тұрмысқа шығуына рұқсат бермейді. Романда баланың өмірге келу, ақырында өз әкесін табу сәті суреттеледі. "Өмір бәйтерегі" – қазақ өміріндегі жеті атаның маңызы, қазақы тұрмыс, далалық өмірдің сипаты туралы баяндалатын шығарма", – деді Тұрысбек Сәукетаев.  

"Меценат" әдеби конкурсының ұйымдастырушысы Ерлан Асқарбеков әдеби сыйлықтың келесі, 4-ші маусымын ресми түрде жариялады. Байқауға романдардың қолжазбасын қабылдау 2025 жылдың 15 наурызына дейін жалғасады.

Романдар көлемі тыныс белгілерін және аралық-пробелді қоса алғанда, 150-ден 300 мың символдан тұруы қажет.

Ұйымдастырушылар байқаудың І-маусымында болған дау-жанжалдан кейін шарттарға осындай өзгерістер енгізгенін айтады.

І-ші маусымда дауыстарды қолдан, жасанды түрде көбейту талаптары да болыпты. Сондықтан екінші маусымнан бастап дауыс берушілер өзі құптаған роман туралы қысқаша пікір жазуға міндеттелді.

"Пікірлер модерацияланды және мәнсіз-мағынасыз немесе балағаттаған хабарламалар есептен шығарып тасталды. Сондай-ақ техникалық талаптарды бұзған қолжазбалар азайды. Тексеріс барысында, мысалы, бұрынғы маусымда Ғани Жақсыбаевтың "Тау асқандар" романы конкурс талабына жауап бермейтіні анықталды. Өйткені қолжазба тым шағын, 65 беттен ғана тұрады. Бұған қоса, басты бір талап – оқиға желісі, кейіпкерлердің өмірі Қазақстанда өтуге тиіс. Өкінішке қарай, конкурстың ұйымдастырушысы Ерлан Асқарбековтың жеке қателігі кесірінен, 12 орнына 14-ші кегльмен терілген бұл роман ридерлердің қарауына жіберіліп қойылған. Сол себепті, бұл роман ережені бұзушы ретінде дисквалификацияланды", – дейді ұйымдастырушылар.

Бірақ бір маусымда сүрінгендер және жолдан шығарылғандар келесі маусымдарға жаңа романымен қатысып, бақ-бабын сынай алады екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу