"Қорқатын ештеңе болған жоқ". Қостанай әкімі мұз қатып қалған үйлердің жайы туралы айтты

639

Қостанайда салынып жатқан жаңа үйлерде мұз қатып қалған. 

"Қорқатын ештеңе болған жоқ". Қостанай әкімі мұз қатып қалған үйлердің жайы туралы айтты

12 желтоқсанда өткен жедел кеңесте Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қаладағы Қонай шағынауданындағы мұз қатып қалған тұрғын үйлердің жайы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік желіде болмашы апатты дабыра етіп көрсетеді.

"Біз үнемі қадағалап отыратын әлеуметтік желілерге қатысты бір нәрсе айтқым келеді. Қала болған соң үнемі үлкенді-кішілі төтенше жағдайлар, қылмыстар, небір жазатайым оқиғалар болып жатады. Мұны түсіну керек. Тек қазір бізде дер кезінде әрекет етпесеңіз, болмашы апатты да жаһандық деңгейде деп көрсететін әлеуметтік желілердің заманы", - деді Жүндібаев.

Қостанай әкімі қалалық құрылыс басқармасының бұған дейін айтқан пікірін қайталай келе, "Нұр сақшы" серіктестігінің күзетшілері жылу жүйесіндегі краннан ағып жатқан суды қарап шыққан.

"Ол жерде, суретке қарағанда, тұрғын үйде мұз бағандары қатып жатқандай көрінеді. Бірақ шын мәнінде бұл салынып жатқан, әлі пайдалануға берілмеген үй. Қысқаша жауап беру керек, үй салынып жатыр, басқа мердігер іздейміз. Күзет қызметі аңғармай қалғандықтан, жылу батареяларынан су ағып, қатып қалған. 2-3 пәтер. Негізінде қорқатын ештеңе болған жоқ деп ойлаймын. Мыңдаған апаттың бірі. Бар болғаны үй қараусыз қалған", - деді қала әкімі.

Сондай-ақ әкім KostanayPlaza сауда үйінің маңында белгісіз біреулер өрт сөндіру кранын ашып, су тасқынына себепкер болған тағы бір оқиғаға қатысты да түсінік берді. Жүндібаев шенеуніктер мен полиция өкілдерінен кім жасағанын анықтауды талап етіп, әріптестерінен бұл оқиғаға БАҚ арқылы тезірек түсініктеме беруді сұрады.

Айта кетелік, Қостанайда "Қонай" шағын ауданындағы салынып жатқан жаңа үйлерде мұз қатып қалған. Наша Газета басылымының жазуынша, Қонай ықшамауданындағы әлі қолданысқа берілмеген пәтерлердегі мұз бағаналарының фотосуреттері мен видеоларын жергілікті тұрғындар жіберген.

"21-кварталдағы 1, 2, 3 нөмірлі үйлерде пәтерлерін көптен күтіп отырған "Отбасы банкі" салымшыларының жан айқайы. Үйлердің жағдайы мүшкіл. Конкурс 2021 жылдың наурызында өтті, сол жылы маусымда кіруіміз керек еді, бірақ бізге кілтті ешкім берген жоқ", - дейді жергілікті тұрғын.

Ал Құрылыс басқармасы барлық кемшіліктер желтоқсанның 13-іне дейін жойылады деп сендіріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу