Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Лола Әділбекова тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Лола Исламқұлқызы Әділбекова – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттарының қатысушысы және 2002 жылғы Азия ойындарының командалық есебінде күміс жүлдегері.
Лола Әділбекова бапкерлік қызметін 2010 жылы Шымкент қаласында бастаған. Соңғы жылдары ол Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған. 2018 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атағын алған.
Лола Әділбекова халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірқатар талантты спортшыны дайындаған.
Олардың қатарында: Азия чемпионы және Азия ойындарының командалық жарыстарының жеңімпазы Даяна Әбдірбекова, жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қатысушысы Роза Әбитова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалисті Эльжана Таниева, 2023 жылғы Азия ойындарының командалық жарысында күміс жүлдегер атанған және жекелей көпсайыста қола медаль иеленген Милана Парфилова бар.