Халықтың тамағы тоқ болса, көйлегі көк болса, содан кейін әрине, көркемдікке құштарлық пайда болады. Яғни, әсемдік – ас пен киімнен кейінгі маңызды бір қажеттілік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның ірі қалаларында сұлулық салондары әр бұрышта қаптап ашылып жататын. Өйткені бұл асхана, боулинг, фитнес-клуб секілді, салыстырмалы түрде алғанда қолжетімді бизнес саналады. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, ірі бизнесмендер мен биік лауазымды шенеуніктер өздерінің әйелдері мен нақсүйерлеріне үйде босқа іші пыспауы, іспен айналысуы үшін сұлулық салондарын ашып беретін "дәстүр" болды: себебі, үй шаруашылығымен айналыспайтын ол ханымдардың бірінші бас қатыратын мәселесі де көркемдікті сақтау бағытымен байланысты.
Әйткенмен, сарапшылардың айтуынша, 2015 жылғы 20 тамыздағы алапат девальвациядан және одан кейінгі баға құнсыздануынан соң жағдай түбегейлі өзгеріп, бұл нарық күйзеліске ұшыраған. Біріншіден, халықтың төлемқабілеттілігі күрт нашарлады. Екіншіден, ірі сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтары ғимараттарындағы жалдап тұру ақысы тікелей доллар бағамына байланғандықтан, аренда құны екі есеге дерлік шарықтап шыға келді де, ол осынау шағын бизнестің табыстылығына соққы берді. Салдарынан, салондардың шығындары артып, олар жабыла бастады. Тіпті бірқатар ірі желілердің қожайындары да "көркемдік бизнесінен" бас тартып, нарықтан мүлдем кеткен.
Енді бұл сала қайтадан жандануға ден қойғанға ұқсайды. 2018 жылғы І-ші тоқсанда шаштараздар мен сұлулық салондары қазақстандықтарға және ел қонақтарына 7 миллиард 177,4 миллион теңгеге қызмет көрсетіпті. Соның ішінде, ауылдағы "көркемдік бизнесімен" айналысатын кәсіпкерлердің жыл басынан бергі тапқан табысы 448,4 миллион теңгені құрап отыр.
Осылайша, салаға, соның ішінде қалалық бизнеске құйылған кіріс ауқымды түрде, 42,9%-ға артқан. Салыстыру үшін айталық, өткен 2017 жылдың ұқсас кезеңінде шаштараздар мен сұлулық салондарының табысы тек 5 млрд 21,8 миллион теңге болып еді, Соның ішінде ауылдық бизнес үлесіне 451,2 миллион теңге тиген. Демек, ауылдық елдімекендердегі косметологтар мен шаш басушы мамандардың тапқан пайдасы биыл, керісінше, төмендегені байқалады.
Жалпы алғанда, ресми статистика бойынша осы саладағы барлық қызметтердің небары 9%-ы ауылдық жерлерде көрсетілген.
Баршаға белгілі, елімізде ерлердің шаш қойысы әйелдерге қарағанда, арзанға түседі. Бірақ бұл қызмет тезірек қымбаттауда. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы маусым айының басында әйелдердің модельді шаш үлгісінің бағасы еліміз бойынша орташа алғанда 1 742 теңгеге теңескен. Бұл өткен жылдағыдан 5,1%-ға көп. Ал ерлердің сәнді шаш үлгісінің құны 1 158 теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 7,2%-ға қымбат.
Рас, әр өңірдегі баға да әрқалай болып келеді. Әйелдердің шаштарын сәндеуі әсіресе, Алматыда көп қаражатты қажет етеді және орташа алғанда, 4086 теңгеге түседі. Баға былтырғы бес айдағыдан 114,4 пайызға көтерілген. Екінші орынға 3717 теңге бағамен Астана қаласы орналасты. "Үштікті" Ақтау қаласы (2316 теңге) тұйықтайды. Қалған облыстарда және республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласында орташа алғанда, 1700 теңгеден аспайтын көрінеді. Бұл ретте ең арзан баға Семей қаласында тіркелді және ол 880 теңгені құрайды.
Осынша бағаға Алматы мен Астана салондарында тіпті ерлер де шаш басқыза алмайды. Мәртебелі сұлулық салондарының бұл қызметі бұларда үш-төрт мың теңгеден басталатыны мәлім. Бірақ 600 теңгеге де шаш алып беруге даяр арзанқол шаштараздардың көрсеткіштері қосылғанда, статистика "жұмсарады". Нәтижесінде, Алматыда ерлердің моделді шаш үлгісі орташа есеппен алғанда, 2612 теңге (былтырғыдан бергі өсім 117,6%), ал Астанада 2 мың теңгедей тұрады (өсім 117,8%). Ең арзан баға тағы да Семейдің үлесінде (786 теңге). Оның жанында Орал (944), Шымкент (958), Қызылорда (960), Петропавл (973) және Тараз (990) тұр.
Тұтастай алғанда, Қазақстан бойынша шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметі мамыр айында тағы 0,2%-ға, ал жыл басынан бері 3%-ға қымбаттады.
Шаштараздан айырмашылығы, сұлулық салондары тырнақ бояумен де айналысатыны мәлім. Ұлттық экономика министрлігінің статистикалық комитеті бұл бағытты жеке ескеріпті. Оның дерегінше, маникюр қызметтерінің құны өткен ай қорытындысында 0,1%-ға, жыл басынан бері 2,8%-ға, ал өткен жылғы бес аймен салыстырғанда, 6,5%-ға қымбаттап отыр.
Кейбір мәліметтер бойынша қалтасында жүз мың доллар қаржысы бар кез келген адам сұлулық салонын аша алады екен. Бірақ дайын бизнес бойынша кеңесші Александр Ходаковтың айтуынша, бұл бизнеске бас сұқпас бұрын, білікті мамандардың кеңесін білген, ең құрығанда, ғаламторды кезіп, бұл кәсіптің кезігетін қиыншылықтары мен проблемалары туралы алдын ала анықтап алған, сөйтіп, даярлықпен келген жөн. Әйтпесе, ірі қалаларда ай сайын орташа алғанда, бес жаңа сұлулық салоны ашылса, бұрыннан жұмыс жасаған төртеуі шығынға батып, жабылып жататын көрінеді.
Жанат Ардақ