Коронавирус: 31 қаңтардағы соңғы жаңалықтар

22471

ДДҰ әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай жариялады. 

Коронавирус: 31 қаңтардағы соңғы жаңалықтар

Осы күнге дейін 9000-ға жуық қытайлық, 90 шетелдік азамат вирусты жұқтырған. Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Аданом Гебреисус ақыры Қытайдағы коронавирусқа қатысты ахуалды әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай деп таныды. Бұл туралы Қытайдың CGTN басылымы хабарлады. Оның айтуынша, енді вирусқа қарсы күрес күшейе түсіп, осы орайда әлем елдері бірлесіп әрекет етеді. Сондай-ақ саяхат және сауда қатынастарына шектеу жасалады.

Италияда екі қытайлық туристің жаңа коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Елдің премьер-министрі Джузеппе Конти осындай мәлімдеме жасады. Бұл – Италиядағы алғашқы жағдай. Қазір екі науқас та ауруханада оқшауланған бөлмеде жатыр. Екеуінің де денсаулығы қалыпты жағдайда. Ескере кететін жайт, денсаулық сақтау саласының кейбір мамандары вирус мутацияға ұшырауы мүмкін деген пікір білдіріп отыр. 28 қаңтарда Гонконг ғалымдары оған қарсы вакцинаны тапқан болатын. Бірақ сынақтан өткізу үшін біраз уақыт керек екенін мәлім етті. 

Коронавирус тарап кеткен елдер: Италия, АҚШ, Таиланд, Франция, Германия, Канада, Үндістан, Австралия, Финляндия, Непал, Вьетнам, Камбоджа, Жапония, Оңтүстік Корея,Малайзия, Сингапур, Филиппин, Шри-Ланка, Тайвань, БАӘ.

Оңтүстік Кореяда тағы 4 науқас тіркеліп, олардың саны 11-ге жетті.

Ухань қаласындағы эпидемияға байланысты Моңғолия Қытаймен шекарадағы барлық өткізу пунктін 2 наурызға дейін жауып тастады. 

Түркияның денсаулық сақтау министрі елдің 34 азаматымен қатар, 7 Әзірбайжан, 7 Грузия және 1 Албания азаматын Ухань қаласынан эвакуациялайтынын жариялады. Арнайы әуе кемесі Анкара қаласынан ұшырылмақ.

Вьетнам қытайлық туристерге виза беруді уақытша тоқтатты. Сонымен қатар жергілікті билік тұрғындарға Қытаймен арадағы шекараға бармауға, ал туристік компанияларға эпидемия өршіп тұрған аймаққа туристерді жібермеуге шақырды.

Гонконгтағы мектептер, балабақшалар мен университеттер 2 наурызға дейін жұмыстарын уақытша тоқтатты.

Осы күнге дейін кемінде 17 мемлекет қытайлық туристердің елге кіруіне тыйым салды. Ал 20 шақты әуе компания Қытайға бағытталған рейстерді уақытша тоқтатып, кейбірін кейінге қалдырып жатыр. Рейстер санын қысқартқан немесе уақытша кей рейстерді тоқтатқандардың қатарында: Singapore Airlines, Scoot, SilkAir, Jetstar Asia, United Airlines, American Airlines, Air Asia, Cathay Pacific, Delta, KLM, Air India, IndiGo, Air Canada, Virgin Atlantic, Finnair, Turkish Airlines және Lion Air. Ал British Airways, Lufthansa мен Kenya Airways болса ұшуды мүлдем тоқтатты.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу