Коронавирус: әлем бойынша 19 наурыздағы соңғы жаңалықтар

10105

Қытайда алғаш рет вирус жұқтыру фактісі тіркелмеді. АҚШ конгрессмені Марио Диас-Баларт дертке шалдықты. 

Коронавирус: әлем бойынша 19 наурыздағы соңғы жаңалықтар Фото: Максим Морозов

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81235 қытайлық жұқтырған. Оның 3250-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, біреуі Тайваньда). 70547 кісі аурудан айыққан.

Басқа елдерде жұқтырғандардың саны 136900-ге жеткен. Оның 5650-і ажал құшты. Вирус әлемнің 150-ден астам еліне таралып кеткен.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 44 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 19-ы Алматыда, 25-і Нұр-Сұлтанда. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ конгрессмені, өкілдер палатасының мүшесі Марио Диас-Баларттың вирус жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы, елде науқастардың саны 7700-ден, қаза тапқандардыкі 110-нан асты. Әсіресе, жұқтыру фактілері Нью-Йорк штатында көп тіркелген. Осы орайда Құрама Штаттар бірқатар елдің азаматтына виза беруді уақытша тоқтатып тастады. Америкалық S&P 500 индексі 7%-ға, Dow Jones индексі 6,3%-ға құлдырады.

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 147-і, вирус жұқтырған бір адам қайтыс болды. Олардың басым бөлігі – Мәскеу тұрғындары. Ресми дерек бойынша, науқастар індет өршіп тұрған елдерден келген. Олар қазір ауруханадағы арнайы бокстарға жатқызылды. Ресейлік депутат Виталий Милонов пандемия кезінде халықты алдап, "коронавирусқа қарсы" екпе егіп жүрген дәрігерлерді лицензиядан айыруды ұсынды. Оның айтуынша, препараттар кәдімгі тұмауға қарсы екпелер екен. Бұған дейін ел президенті Владимир Путин вирусты анықтайтын ресейлік-жапондық тест сәуір айында жасалуы мүмкін дегенді айтты.

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8565-ке жеткен, оның 1947-сі жазылған. 91 кісі қаза тапқан.

Италияда науқастардың саны 35713 болса, оның 2978-і қаза тапқан. 4025 кісі аурудан айыққан. Осы аптада жергілікті ғалымдар ауруға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді. Егер де сынақ сәтті өтсе, күзде препаратты адамдарға еге бастайды. Ел шекарасы 14 күнге жабылды.

Британияда аурулардың саны 2626-дан асып,оның 104-і ажал құшты. 20 наурыздан бастап елдегі мектептер жұмысын уақытша тоқтатады.

Мексикада вирусты жұқтырғандардың саны 118-ге жетті, оның біреуі қайтыс болған.

Ямайкада коронавирустан қайтыс болудың алғашқы фактісі тіркелді.Ажал құшқан 79 жастағы ер адам вирусты Нью-Йоркта жұқтырған. Жалпы, елдегі науқастардың саны 15-ке жеткен.

Өзбекстанда жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 23-ке жеткен. Бұл елде вирус жұқтыру фактісі алғаш рет 15 наурызда тіркелген болатын.

Африка елдерінде кемінде 200 адам ауруға шалдықса, оның 4-еуі көз жұмған. Бұл ресми түрде тіркелген мәлімет. Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус осы құрлықтағы елдерге қазірден бастап нақты шаралар қабылдауға кеңес берді.

Кеше қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл - коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек,  препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады.  17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу