Коронавирус: әлем бойынша 2 сәуірдегі соңғы жаңалықтар

6728

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірнеше күннен кейін вирусты жұқтырғандардың саны 1 миллионға, қаза тапқандардың саны 50 мыңға жетеді деп отыр. 

Коронавирус: әлем бойынша 2 сәуірдегі соңғы жаңалықтар

Ұйымның соңғы мәліметіне сүйенсек, қазір әлемдегі науқастардың саны 820 мыңнан, ал қаза болғандардыкі 40 мыңнан асқан.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 26 адам аурудан айықты. 402 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Қаза тапқандар саны - 3. Елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. 

Көрші елдердегі жағдай 

CGTN басылымының дерегі бойынша, Қытайда осы күнге дейін вирусты 82400-ге жуық мың адам жұқтырған. Оның 3321-і қаза тапты. Жергілікті билік наурыз айынан бері шет елдердегі 1457 қытайлықты елге қайтарған. Ухань қаласының билігі 8 сәуірден бастап көліктердің және адамдардың шаһарға кіріп-шығуына рұқсат берді. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 2777-ге, вирус құрбандарының саны 24-ке жеткен. 190 кісі аурудан айыққан. Індет елдің 75 өңіріне таралған. Владимир Путин коронавирусқа байланысты жағдайдың нашарлағанын жариялады. Елдегі Федералды медико-биологиялық агенттіктің бас маманы Владимир Никифоровтың айтуынша, келесі аптаның ортасына қарай жұқтыру фактілері күрт көбейе түсуі мүмкін. Ол Ресейде пандемияның  жазға қарай басылатынын мәлімет етті.  "Сколково" инновациялық орталығының ғалымдары коронавирусты өлтіретін әдісті тапқан. Мамандардың айтуынша, салқын плазмамен өңделген су вирустың көзін жояды екен. Препаратқа "Мегнарил" деген атау берілді. Мұндай суды масканы, әр түрлі заттарды тіпті ауаны зарарсыздандыру үшін қолдануға болады. 

Қырғызстанда науқастардың саны 116-ға жеткен. Бішкек, Ош, Жалал-Абадта, Ош облысының Ноокат және Қара-Сүй аудандарында, Жалал-Абад облысының Созақ ауданында төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді. 

Өзбекстандағы аурулардың саны 181-ге жетіп, 12 адам жазылған. 2 тұрғын қайтыс болған. 1 сәуірден бастап 65-тен асқан адамдарға үйден шығуға тыйым салындыү Билік 16 наурыздан бастап 30 сәуірге дейін басқа елдермен арадағы көлік қатынасын тоқтатып тастады.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-та науқастардың саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті: 213 мың адам. 4700 тұрғын ажал құшқан. Ел президенті Дональд Трамп ел аумағында жаппай карантин енгізуден бас тартты. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9976-ға жетіп, 169 кісі қаза тапқан. 1 сәуірден бастап бұл елге келушілердің барлығы екі апталық карантинге жабылады. Карантин тәртібін бұзғандар 1 жылға бас бостандығынан айырылады не оларға 8200 доллар көлемінде айыппұл салынады. 

Италияда науқастардың саны 110 мыңнан асты, оның 13 мыңы қаза тапқан. Бұл елде карантин режимін бұзғандарға 400-3000 еуро көлемінде айыппұл салынбақ. Жергілікті билік карантин режимін 13 сәуірге дейін ұзартты. 

Испанияда вирусты жұқтырғандардың саны 102 мыңға жетіп, 9 мың адам қайтыс болған. 
Францияда вирусты 56989 адамның жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Оның 509-ы аурудан қаза тапты. 
Бұған дейін  Энтони Фаучи есімді америкалық ғалым коронавирус індеті АҚШ-та қазан және қараша айларында тағы да өршуі ықтимал деп болжаған еді. Бірақ, оның айтуынша, пандемия күзде қайталанса да, оның қарқыны қазіргідей болмайтынын жеткізді.Өйткені Құрама Штаттардың ол уақытқа дейінгі дайындығы жоғары болады, яғни билік вирусты анықтайтын препараттарды, ауруларды дереу анықтау процесін және оқшаулану шараларын жетілдіріп үлгермек. 

New York Post басылымының дерегінше, Covid-19 инфекциясынан жазылған адамның денесінде вирус 8 күнге дейін сақталып, басқаларға жұғуы мүмкін. American Journal of Respiratory және Critical Care Medicine жариялаған зерттеу нәтижесі бойынша, ғалымдар аурудан айыққан 16 адамға сынақ жүргізіп, жазылған күннің өзінде олардың жартысы әлі де қоғамға қауіпті екенін дәлелдеген. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу