АҚШ Сенаты Covid-19 пандемиясына байланысты тұрғындарға 1200 доллардан үлестіруді ұсынды. Құжат мақұлданған жағдайда бұл сома жылына 75 мың доллардан аз табыс табатын америкалықтарға беріледі.
Қаза тапқандар мен жұқтырғандар
Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81300 қытайлық жұқтырған. Оның 3253-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, біреуі Тайваньда). 71150 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 136900-ге жеткен. Оның 5650-і ажал құшты. Вирус әлемнің 150-ден астам еліне таралып кеткен.
Қазақстандағы жағдай
Елімізде 49 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 22-сі Алматыда, 25-і Нұр-Сұлтанда, 2-еуі Қарағандыда. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.
Басқа елдердегі жағдай
Құрама Штаттардың Сенаты Covid-19 пандемиясына байланысты тұрғындарға 1200 доллардан үлестіруді ұсынды. Құжат мақұлданған жағдайда бұл сома жылына 75 мың доллардан аз табыс табатын америкалықтарға беріледі. Табысы 99 мың доллардан аспайтындар бұдан аз алады. Ал жылдық жалақылары 99 мың доллардан асып кетсе, қаражат бөлінбейді. Сонымен қатар әр балаға 500 доллардан үлестірілуі мүмкін. Елдегі науқастардың саны 14000-нан, қаза тапқандардыкі 176-дан асты. Осы орайда Құрама Штаттар бірқатар елдің азаматына виза беруді уақытша тоқтатып тастады.
Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 199-ге жетіп, бір адам қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, науқастар індет өршіп тұрған елдерден келген. Олар қазір ауруханадағы арнайы бокстарға жатқызылды. Індет елдің 23 өңіріне таралған. 65 мың адам дәрігерлердің бақылауында. 19 наурызда ресейлік ғалымдар коронавирус геномын анықтады. Медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Лиозновтың айтуынша, генетикалық сараптама вирус эволюциясын болжауға және вакцина жасауға зор септігін тигібек. Бұл мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен жаһандық зерттеу топтарының деректер базасына жіберіледі.
Қырғызстанда тағы 3 кісі ауруға шалдығып, науқастардың саны 6-ға жетті. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қазір олардың барлығы тиісті ем қабылдап жатыр. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды.
Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8652-ге жеткен, оның 2000-нан астамы жазылды. 94 кісі қаза тапқан.
Италияда науқастардың саны 40000-нан асты, оның 3405-і қаза тапқан. Осы аптада жергілікті ғалымдар ауруға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді. Егер де сынақ сәтті өтсе, күзде препаратты адамдарға еге бастайды. Ел шекарасы 14 күнге жабылды. Қытайлық дәрігерлер Италия билігінің індетпен күресте жүргізіп жатқан шараларын жеткіліксіз деп отыр.
Иранда аурулардың саны 18000-нан асып,оның 1284-і ажал құшты. 5979 кісі ем-дом қабылдап жазылды.
Мексикада вирусты жұқтырғандардың саны 164-ке жетті, оның біреуі қайтыс болған.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы директорының Covid-19 вирусын жұқтырғаны анықталды. Бұл мәлімет ұйымның ресми сайтында жарияланды. Оның қазіргі жағдайы қалыпты.
Қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл –коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек, препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады.
17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін.
Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. Қазір ұйым ауру симптомдары жасырын адамдардан вирустың қалай жұққанын зерттеп жатыр.
Табиғат Нұрболат