Коронавирус: әлем бойынша 25 наурыздағы соңғы жаңалықтар

4978

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында бүгіннен бастап коменданттық сағат енгізіледі. Польша депутаттары 27 наурыздан бастап қашықтықтан жұмыс істеуге көшеді. Соңғы мәлімет бойынша, барлық елдердегі вирус жұқтырғандардың саны 400 мыңнан асып кеткен. 

Коронавирус: әлем бойынша 25 наурыздағы соңғы жаңалықтар

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар 

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81846 қытайлық жұқтырған. Оның 3287-сі қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, екеуі Тайваньда). 73650 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 320 мыңнан асқан. Вирус әлемнің 160-тан астам еліне таралып кеткен. 

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 79 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 31-і Алматыда, 41-і Нұр-Сұлтанда, 2-еуі Қарағандыда, 1-еуі Алматы облысында, тағы 1-еуі Ақтөбе облысында, 1-еуі Шымкентте, 1-еуі Солтүстік Қазақстан облысында, 1-еуі Жамбыл облысында. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-тағы Гарвард университетінің президенті Лоуренс Бэкоу мен оның жұбайы ауруға шалдыққанын мәлім етті. Бұған дейін президент Дональд Трамптың жұбайы Мелания Трампқа коронавирусты анықтайтын сараптама жасалып, оның сау екені анықталған болатын. Вашингтон губернаторы Джей Инсли Covid-19 инфекциясының таралуын тежеу мақсатында тұрғындарға екі аптадай үйден шықпауға кеңес берді. Жалпы, елдегі науқастардың саны 53000-нан, қаза тапқандардыкі 703-тен асты. Осы орайда Құрама Штаттар бірқатар елдің азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатып тастады. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 495-ке жетіп,бір адам қайтыс болды. 22 кісі аурудан айыққан. 93 мың тұрғын қазір дәрігерлердің бақылауында. Ресми дерек бойынша, науқастар індет өршіп тұрған елдерден келген. Олар ауруханадағы арнайы бокстарға жатқызылды. Ресейлік депутат Василий Власов карантин уақытында тұрғындарды коммуналдық төлемдерден босатуды ұсынды. Тиісті құжатты елдің құрылыс министрі Владимир Якушев қарастырып, жақын күндері шешімін айтады.

Еске сала кетсек, 19 наурызда ресейлік ғалымдар коронавирус геномын анықтаған. Медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Лиозновтың айтуынша, генетикалық сараптама вирус эволюциясын болжауға және вакцина жасауға зор септігін тигібек. Бұл мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен жаһандық зерттеу топтарының деректер базасына жіберіледі. Жергілікті билік 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетелдіктердің елге келуіне шектеу қойды.

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 25 наурыздан бастап коменданттық сағат енгізілді. Ал бұған дейін бірқатар ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды. Нақтырақ айтқанда, мұндай режим 25 наурызда Ош, Джалал-Абад қалаларында, Ош облысының Ноокат, Қара-Сүй аудандарында және Созақ аудандарында енгізілді. Елдегі науқастардың саны 42-ге жеткен. Басым бөлігі Сауд Арабиясы мен Кувейттен келген екен. Қазір олар тиісті ем қабылдап жатыр. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9100-ден асқан, оның 3700-ден астамы жазылды. 126 кісі қаза тапқан. Бұл ел эпидемиологиялық қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Әсіресе Тэгу қаласы мен Кенсан-Пукто провинциясының үш қаласы апат аймағы деп жарияланды. Мектептердің жұмысы тағы да 6 сәуірге дейін шегерілді. Жергілікті билік алдағы 15 күнде тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда осы күнге дейін коронавирусты анықтайтын 300 мыңдай тест жүргізіліпті. 

Италияда науқастардың саны 69176-дан асты, оның 6820-сы қаза тапқан. Жергілікті биліктің дерегі бойынша, вирустан қаза табу фактілері күрт көбейе түскен. 30 мың науқас Ломбардияда тіркелген, мұндағы ауруханаларда орын тапшы. Сарапшылардың айтуынша, Италиядағы халықтың 23 пайызы - жасы 65-тен асқандар. Коронавирус кесірінен қайтыс болғандардың осы елде басқа еуропалық елдерге қарағанда көп болуы осыған байланысты деген пікірде мамандар. Ал кейбіреулерінің сөзінше, бұған вирусты анықтайтын сараптамалардың дұрыс жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Иранда аурулардың саны 25 мыңға жетіп,оның шамамен 2000-ы ажал құшты. 8913 кісі ем-дом қабылдап жазылды. 

Түркияда вирусты жұқтырғандардың саны 1872-ге жетіп, 44 адам қайтыс болған. 18 наурызда ел президенті Реджеп Тайып ердоған коронавирус салдарымен күреске 15,5 млрд доллар бөлген болатын. 

Польшада науқастардың саны 774-ке жетіп, 9 адам қайтыс болды. Жергілікті билік шекараны жауып, елге келушілерді 14 күндік карантинге жатқызып жатыр. 27 наурыздан бастап парламент депутаттары қашықтықтан жұмыс істеуге көшеді. Нақтырақ айтқанда, отырысқа тек санаулы заң шығарушы қатысса, қалғандары қашықтықтан бақылайтын болады.

Коменданттық сағат енгізген елдер: Албания, Германия (Миттертайх қаласы), Грекия, Сербия, Францияның бірқатар қалалары, Сенегал, ОАР, Эквадордың бірқатар провинцияларында, Египет, Иордания, Ирак, Кувейт,Мавритания, Палестина, Сауд Арабиясы, Тунис, Шри-Ланка. 

Еске сала кетсек, дейін қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл – коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек,  препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады.  

Ал 17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. Қазір ұйым ауру симптомдары жасырын адамдардан вирустың қалай жұққанын зерттеп жатыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу