Коронавирус кәсіпорындардың жұмысына "түзету" енгізді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15917

Павлодар өңіріндегі бірнеше ірі өндіріс орнында жұқпалы дертке шалдығу оқиғалары тіркелді.  

Коронавирус кәсіпорындардың жұмысына "түзету" енгізді

Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан электролиз зауыты қызметкерінің COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ол сәуірдің 12-сі және 13-і күндері өз ауысымындағы жұмысын атқарып, одан ары демалысқа шығып кеткен. Сәуірдің 17-сі күні оның дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.  Ауруханада сынама алынып, оның COVID-19 жұқтырғанына көз жетті. Бірден аталмыш қызметкермен байланыста болған тұлғалар тізімі жасалған. Бұл қатардағы Қазақстан электролиз зауытының 36 қызметкері карантинге, үйлеріне жіберілді. Жоғарыда аталған қызметкердің жұмыс орны мен ол барған болуы ықтимал орындардың барлығы санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандарының көмегімен мұқият дезинфекцияланып, толық тазартылды. 

"Қазіргі таңда Қазақстан электролиз зауыты қалыпты тәртіпте жұмыс істеп, өндіріс процестері ешбір өзгеріссіз жалғасып жатыр. Біз науқастанып қалған әріптесімізге қажетті көмек көрсетіп, оның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Біздің қызметіміздің ең негізгі басымдығы – біздің кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жергілікті қауымдастықтың аман-сау болуы және әл-ауқатының тұрақты артуы. Қазақстан электролиз зауыты мен ERG өнімдерінің түпкі тұтынушылары алдында алған міндеттемелерін толық атқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

23 сәуір күні Екібастұздағы "Шығыс" көмір кенішінен ("Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ) қызметкерінің COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Айта кетерлігі, бірінші сынама теріс нәтиже берген. Бірнеше күннен кейінгі қайта жасалған сынама оң нәтиже берген. Онымен байланыста болған тұлғалар тізімі жасалған. Сондай-ақ көмір кәсіпорнының 16 қызметкері карантинге, үйлеріне жіберілді. Жоғарыда аталған қызметкердің жұмыс орны 17 сәуірден бастап мұқият дезинфекцияланып, толық тазартылып отырған. Баспасөз қызметі қосымша хабарлағандай, осымен екінші қызметкер коронавирус дертіне шалдыққан.

Жалпы, облыста бірнеше өндіріс орындарында жұмысшылар ортасынан кеселдің шығу туралы ақпарат шықты. Облыс орталығында Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйдің подъезі де карантинге алынды. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорындарға аурудың таралуымен күресте қырағылықты жалғастыра беруден басқа амал жоқ.

Қауіпті кесел өндірістердің жұмысына да ықпал етпей қоймайды. Алғашқы мысалды алюминий зауытының шикізат өндіру ісінен байқадық. "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның бір филиалы боксит өндіруді тоқтатты. Кәсіпорын өкілдерінің хабарлауынша, бұл уақытша шара алдағы үш айды қамтымақ. 

"Торғай боксит кен басқармасының қызметін тоқтату  - "Қазақстан алюминийі" АҚ өнімдері бағасының құлдырауы салдарымен күрес шараларының бірі. Қазір біз бұл филиалды жауып жатқан жоқпыз. Тек өндірісті біршама уақытқа тоқтата тұруымызға тура келіп тұр. Жұмыс әзірге екі бағыт бойынша атқарыла береді. Бірі қалпына келтіру жұмыстары болса, екіншісі – осыған дейін өндірілген бокситті жөнелту. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, Торғай боксит кен басқармасының қызметкерлері түгел міндетті өтемақылармен қамтамасыз етіледі, – деді "Қазақстан алюминийі" АҚ президенті Роман Романов.

Төтенше жағдай кезеңі Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеу жұмыстарының жоспарына да өз "түзетулерін" енгізуде. ПМХЗ басшылығы жұмыс көлемін толық орындау мақсатында жоспарлы жөндеу-алдын алу шаралары 25 сәуірде басталатынын мәлімдеген еді.

Энергетика министрлігі бекіткен жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесіне сәйкес, 2020 жылы "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-де (бұдан әрі – "ПМХЗ" ЖШС) ағымдағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары осы жылдың 25 мамыры мен 13 маусымы аралығында жоспарланған болатын. Төтенше жағдай тәртібін сақтау мақсатында "ПМХЗ" ЖШС-де жөндеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізуін қамтамасыз ету бойынша тиісті талдау жасалды. "ПМХЗ" ЖШС қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 сағаттық жұмыс кестесі қолданыла отырып, жұмыстарды жүргізу кестесі мен мердігер ұйымдардың жұмыс тәртібі қайта қаралды (түнгі уақытта жұмыс істеуден бас тарту). Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізетін қызметкерлерге жұмыс алаңдарында, қоғамдық тамақтану орындарында және тасымалдау кезінде ыңғайлы жағдай туғызады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу