АҚШ ДДСҰ-ның коронавирусқа қатысты Қытайдағы зерттеуіне күмән келтіріп отыр

3112

Халықаралық сарапшылар тобының "ковидтің" тегін іздеп, қаңтарда Уханьға жасаған сапарының қорытындысы жарияланды.

АҚШ ДДСҰ-ның коронавирусқа қатысты Қытайдағы зерттеуіне күмән келтіріп отыр

Covid-19-дың пайда болуы туралы көптен күткен зерттеудің ар жағында тұрған халықаралық топ пен оның қытайлық әріптестері өздері атқарған істі сейсенбіде "алғашқы бастама" деп атады. Алайда Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары бұл нәтижелерге алаңдаушылық білдіріп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) тағайындалған топ жетекшісі Питер бен Эмбарек Қытайда алғаш рет бір жыл бұрын пайда болғаннан бері 2,8 миллионға жуық адамның өмірін қиып, ғаламдық экономикаға алапат соққы берген пандемияның ықтимал себептерін зерттеудің бірінші кезеңінің нәтижелерін ұсынды.

"Ассошиэйтед пресс" агенттігі дүйсенбіде қолға түсірген және сейсенбіде ресми түрде жарияланған бұл баяндамада вирустың жарқанаттардан адамдарға басқа жануарлар арқылы берілуі ең ықтимал сценарий деп аталып, қауіпті инфекцияның зертханадан қашып кетуі "екіталай" екендігі айтылған. Дегенмен, ДДСҰ басшысы індеттің тегіне қатысты барлық гипотезаларды жоққа шығармай, бұл мәселенің ашық күйінде қалатынын атап өтті.

"Вирустың "қолдан жасалғаны" туралы версияны мүлде жоққа шығармас бұрын тереңірек зерттеу жүргізу қажет", - дейді ДДСҰ жетекшісі Тедрос Адханом Гебрейесус.

Баяндама жарияланғаннан кейін АҚШ пен тағы оннан астам мемлекеттің өкілдері зерттеу қорытындысына алаңдаушылық білдіріп, Қытайда жиналған үлгілер мен деректердің кешігуін Бейжіңге тікелей саусақ шошайтпай сынға алды. Бұған жауап бере отырып, Қытай мәселені "саясаттандыруға" әрекет жасалып жатқанын мәлімдеп отыр.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки Байден әкімшілігі ДДСҰ есебін әлі де қарастырып жатқанын айта келіп, "бұл баяндамада маңызды мәліметтер мен ақпараттың жоқтығына ... деректердің қол жетімсіздігі мен ашық еместігіне" шағымданды.

"Сондықтан, біз тағы да алға қадамдар жасауға шақырамыз. Қазіргі деректер вирустың шығу тегін жақынырақ түсінуге немесе көбірек білуге жеткізбейді", - дейді АҚШ президентінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі өкілі.

Сонымен қатар, Мемлекеттік департамент 14 елмен бірлесіп жасаған мәлімдемесінде коронавирустың адамдарға берілуін анықтау үшін жануарларды одан әрі зерттеу қажеттілігін атап өтті.

Және де бұл мемлекеттер ДДСҰ сарапшылары мен қызметкерлеріне пандемияны тоқтату және болашақ пандемиялардың алдын алу жолында "тынымсыз" еңбек еткеніне қолдау білдірсе де, зерттеу "айтарлықтай кешіктірілді және толық, түпнұсқа мәліметтер мен үлгілерге қол жеткізе алмады" деген пікірде.

Псакидің ойынша, Қытай БҰҰ-ның Денсаулық сақтау агенттігімен "ашық болмады".

Бейжіңнің Вашингтондағы және одан тыс жерлердегі сыншыларының сөзінше, зерттеу тобының Қытайға кіруіне көп уақыт кеткен: олар қаңтар-ақпан айларында ғана Қытайға шамамен төрт апталық сапармен барды. Ал коронавирус Ухань қаласында бұдан (биылғы қаңтардан) бір жылдан астам уақыт бұрын байқалды.

Еуропа одағы өзінің жеке мәлімдемемінде зерттеудің кеш басталғанына, үлгілер мен деректердің шектеулі болуына алаңдаушылық білдіргенімен, баяндаманы "пайдалы алғашқы қадам" деп атап өтті.

Қытай үкіметі болса инфекцияның Ухань зертханасынан шығып кеткені туралы теорияны растамай отыр. Ал кейбір скептиктер Қытай басшылығы зерттеудің барысы мен нәтижесіне ықпал етті деген пікірде.

"Бізде бұл баяндаманы құрастыру процесі мен әдістемесіне қатысты үлкен сұрақ бар. Оны жазуға Бейжіңдегі билік көмектескен болуы керек", - дейді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен CNN телекормпаниясына берген сұхбатында.

Есеп жарияланғаннан кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі өзінің веб-сайтында Бейжіңнің ДДСҰ-мен ынтымақтаса жұмыс істегенін және "ашықтығы мен жауапкершілігін толық көрсете отырып, топтың жұмысына қажетті көмек ұсынғанын" мәлімдеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу