Коронавирусқа қарсы жарнама қазақстандықтардың аза бойын қаза етті

1442

Министр енді ондай сорақы әлеуметтік роликтерге жол берілмейтінін айтады. 

Коронавирусқа қарсы жарнама қазақстандықтардың аза бойын қаза етті

Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирустік инфекцияның аса қауіпті жаңа штамдарының бірі – "стелс-омикрон" тарала бастады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

"Еліміздің бірден 12 өңірінде КВИ-дің "Омикрон" штамының бір түрі табылды. Бұл – стелс-омикрон. Бұл инфекцияның дерті "дельтадан" ауыр меңдемейді, жеңілірек өтеді. Алайда ол тез таралуымен қауіпті. Бүгінде біз бұл вирустың бүкіл елімізге таралып жатқанын байқап отырмыз", – деді Ажар Ғиният.

Бірақ ол мұндай эпидемиологиялық ахуал карантин енгізуге әкелмейтініне сендірді.

"Барлық карантиндік шаралар алып тасталған. Қазір негізінен халық арасында түсіндіру, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әзірге маскалық режимді қайта енгізуге негіз жоқ. Дегенмен, бәрі республикадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады", – деп күлбілтелеп аяқтады Денсаулық сақтау министрі.   

Түсіндіру жұмыстары індеттен қорғанудың жолдарын түсіндіруге құрылған түрлі видеороликтер, әлеуметтік жарнама түсіруді де қарастыратыны мәлім.

Алайда Үкіметтің бұған дейін жасап, жұртқа жария еткен роликтерінің сапасы мен мазмұны қатты сынға ұшырап жатыр.

Ақтөбе тұрғыны Лиана Панкина теледидарды аз көретін көрінеді: анда-санда, зеріккенде төрдегі көк жәшікті қосады екен. Содан арналардың контенті емес, олардың бағдарламалары арасында паш етілетін жарнамаға назар аударыпты. Өз көзіне өзі сенбегенін айтады.

"Мамырдағы мереке күндері отандық арналарды тамашалайыншы деп зейін қойдым. Түрлі телеарналарды қарадым, олар ковидке қарсы бір оғаш әлеуметтік роликті айналдырумен болды. Мен антиваксер емеспін, екпені қолдаушылардың қатарындамын. Вакцина салғызғанмын. Сол себепті мұндай роликтің қажеттігіне шүбәланбаймын. Тек оның мазмұны қатты тіксінтті", – дейді Л.Панкина.

Әңгіме "COVID-19 вакцинасын салғыз және шектеусіз өмір сүр – Поставь вакцину от COVID-19 и живи без ограничений" деп аталатын әлеуметтік ролик жөнінде екен.

"Мен ол әлеуметтік жарнаманы бірнеше рет көріп шықтым. Бірақ бұл видео зорлық-зомбылықты ашықтан-ашық әрі белсенді насихаттауымен шошынтты. Сценарийі бойынша ковид-вирусты бейнелейтін "тікенекті" жасыл адамды алдынан бірнеше көгілдір адам қаһарлы кейіппен қарсы алады да, тосыннан тап береді. Бұл "көгілдірлер" әлде антиденелерді, әлде вакцинаны сомдайтын болса керек, онысы нақтыланбаған. Ары қарай не болғанын алғаш көргенде, мен аузымды ашып, экранға аңтарыла қарап тұрып қалыппын! Көгілдірлер жасылды қоршап алып, азаптап өлтіреді, яғни кувалдамен аяусыз соққылайды. Бұл ретте "жасыл тікендісі" зар илеп жылайды, ал көгілдірлер сом балғамен оны өші кеткендей ұрады. Осы масқара шамамен жарты-бір сағат сайын қайта-қайта көрсетіледі", – дейді Ақтау тұрғыны.

Бұл әрине, мырс-мырс күліп, қоя салатын нәрсе емес. Қазақстандықтар жыл басында "қаралы қаңтар" оқиғаларын, барлық дерлік өңірді қамтыған жаппай бүлікті бастан өткерді. Қазір Украинадағы соғыс аясында болып жатқан азаптау оқиғалары да әлем жұртшылығының, отандастарымыздың төбе шашын тік тұрғызды.

"Әлеуметтік видеоролик мультфильм жанрында түсірілген. Жас балалар роликте не жазылғанын оқымауы, авторлардың өз туындысында астарлаған мағынаны ұғынбауы мүмкін. Мұндай жағдайда көз алдымызда мүлдем басқа драма өрбиді: бір тобыр өздеріне ұқсамайтын жалғыз жолаушыны жолай кезіктіріп, оны қатігездікпен қинайды. Оның көз жасын төгіп, араша сұрағанына еш назар аудармастан, өлімші етеді. Оның үстіне авторлар роликте "жасыл тікендінің" бойын қатты үрей буып, өлердің алдында жылағанына екпін түсіріп, оны жеке көрсетеді. Мұндай масқараны телеарналарымыздан паш етуге кім рұқсат еткен? Меніңше, тіпті қандай мақсатты көздейтініне қарамастан, мұндай агрессивті айуандық телевизиядан таратылмағаны жөн. Әрі үнемі көрсетілетінін айтсаңызшы! Жауыздық жайлай бастаған дүниеде бір-бірімізге мейірімдірек болайықшы", – дейді Ақтау тұрғыны.  

Билік не дейді?

Жасыратыны жоқ, әлеуметтік роликтерді телеэкрандарға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жіберетіні мәлім.

Министрлік айналада болып жатқанға бей-жай қарамайтын қоғам белсенділерінен келіп түскен шағымды қарапты. Содан дереу "Поставь вакцину от COVID-19 и живи без ограничений" аталатын әлгі әлеуметтік жарнаманы көрсетілімнен алып тастаған екен.

"Бірінші кезекте қазақстандықтарға елдің қоғамдық өміріне араласып, белсенді азаматтық ұстанымын білдіргендері үшін алғыс айтқымыз келеді. Сонымен бірге аталған әлеуметтік жарнамаға қатысты мәселені түсіндіре кеткіміз келеді. Шағымда айтылған әлеуметтік бейнеролик халықты вакцинациялау және індеттің алдын алу шараларын ақпараттық сүйемелдеуге, осы жұмыстардың мән-маңызын түсіндіруге бағытталған еді. Қазіргі уақытта біздің министрлік әлеуметтік роликтердің тізімін жаңартып жатыр. Ал сөз болып отырған видеороликтің телеарналар эфиріндегі ротациясы тоқтатылады", – деп мәлім етті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Осының алдында ДСМ басшысы Ажар Ғиният мемлекеттің коронавирус пандемиясымен күреске 2021 жылы бюджеттен 556 миллиард теңге шығындағанын хабарлаған болатын. Оның қаншасы осындай роликсымақтарға шығындалғаны жөнінде Үкімет есеп бермеді.

Карантин жойылса да, биыл пандемиямен күреске тағы 86 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлініп отыр. Оның қалай және қайда жұмсалғаны жөнінде "еститін мемлекетіміз" есеп берсе, игі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу