Коронавирустан қайтыс болған әйел бүгін жерленеді

3835

Марқұммен байланыста болған адамдардан сынама алынды.  

Коронавирустан қайтыс болған әйел бүгін жерленеді

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов  Нұр-Сұлтан қаласындағы  № 2 облыстық көпсалалы ауруханада коронавирус  инфекциясынан қайтыс болған әйел адамның қазасына қатысты мәлімдеме жасады. 

"Кеше Ақмола облысында 64 жастағы әйел адам қайтыс болды. Ақмола облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасының, облыс тұрғындарының және өз атымнан қайтыс болған адамның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Өздеріңіз білетіндей, кеше Мемлекет басшысы  Twitter арқылы қайтыс болған әйелдің жақындарына көңіл білдірді", – деді Сүлен Ілиясов.

Басқарма басшысының баяндауынша, науқас екіжақты пневмониядан қайтыс болған. Бұған қоса оның ағзасынан қант диабеті, атеросклероз және гипертония аурулары анықталған.

"Екіжақты пневмонияның асқынуына коронавирус инфекциясы түрткі болған. Науқас ауруханаға 25 наурыз күні таңғы сағат 7-де ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жеткізілді. Ол дем жетіспеушілігіне шағымданды. Науқастың бойынан интоксикация белгілері анықталды. Шұғыл медициналық шара қолдану барысында науқас COVID-19 инфекциясын жұқтырды деген болжам жасалды. Туыстарының айтуынша, науқас шетелге шықпаған, ЖРВИ және коронавируспен ауырған адамдармен қарым-қатынас жасамаған. 13-17 наурыз аралығында Шу, Алматы қалаларында қонақта болған", – деді Сүлен Ілиясов.

Өз кезегінде Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов коронавирустан қайтыс болған әйел бүгін жерленетінін, оның үйі оқшауланып, туыстары ерекше бақылауға алынатынын және зарарсындандырылатынын айтты. 

"Коронавирустан қайтыс болған әйелмен байланыста болған адамдар, оның ішінде жақындары мен медицина қызметкерлері тиісті медициналық тексеруден өткізіліп жатыр", – деді Серік Омарханов.

Қанат Махамбет  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу