Шетелден дәрі жеткізу мәселесі бойынша туындаған кедергілер алынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
"Елімізде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың бірі – сырттан келетін дәрілерді жеткізу тәртібін жеңілдетуге қатысты болып отыр. Қазақстан Республикасының аумағына дәрілік заттар алып келу үрдісін жеделдету жұмысын жоспарладық. Қазір осы нормативтік құжаттарға қол қойылды. Дәрі-дәрмек бүгінде жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшек саудамен айналысатын компанияларға жеткізіле бастады. Алдағы уақытта аталған дәрілік препараттар дәріханаларға түседі. Яғни бұған дейінгі кедергілерді алып тастадық. Қысқа уақыттың ішінде қажет препараттар халыққа қолжетімді болады", – деді министр.
Сонымен қатар Алексей Цой өңірлерде дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмыстары күшейтілгенін жеткізді.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі 5 шілдеде өткен брифингте елімізде дәрілік препараттардың 13%-ы ғана өндірілетінін айтқан. Сондықтан импорттық дәрілерді Қазақстанға жеткізу бойынша тосқауылдар алынатынын мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, қазір дәріні заңсыз сатушылармен күрес күшейтілген. 6 шілдедегі жағдай бойынша 46 адам полицияға жеткізіліп, олардан 20 884 қаптама дәрілік препарат тәркіленген. Олардың кейбірі сұранысқа ие парацетамолды10 есе қымбат бағамен сатқан.
"Еліміздің әр өңірінде дәрілік препараттардың шекті бағасын бақылайтын мониторингтік топтар құрылды. Бұл істе бізге құқық қорғау органдары көмектесуде. Бірнеше күннің өзінде түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір "пысық" фармацевтер препараттар бағасын қымбаттатып, оларды чексіз сатқан. 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері көлігіне жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын дәрі-дәрмекті салып алып, қымбат бағамен сатпақ болған азаматты ұстады. Оның көлігінде 689 қаптама дәрілік препарат анықталды. Атап айтсақ, Цефтриаксон, Ингаверин сынды қалада тапшы медикаменттер болды", – деген министр заңсыз дәрі саудасына қатысты өзге де деректерді тілге тиек етті.
"Шымкентте өте "пысық" келіншек жеке тұрғын үйде заңсыз дәрі саудасын ұйымдастырған. Тексеріс барысында 10 мың қаптамадан аса 229 түрлі препарат тәркіленді. Мұнда да жедел респераторлық аурулар еміне қолданылатын Ингаверин, Дексаметазон табылды. Олардың барлығы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда сақталған", – деді министр.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек саудасына қатысты құқық бұзушылықтар Жетісайда да анықталған. Онда полицейлер бір қолға 336 қаптама Цеф-3 препаратын сату фактісін анықтаған. Тәркіленген дәрінің жалпы сомасы 400 мың теңге.
"Бұл препараттар сол қаладағы дәріхана фармацевтеріне саудаланған. Ал Атырауда косметологиялық орталықта дәрі-дәрмек сату фактісі белгілі болды. Заңсыз сауданы клиника басшысы жүзеге асырған. Мұнда препараттар бірнеше есе жоғары бағамен сатылған. 5 мың теңге тұратын Ингаверин үш есе қымбат, Парацетамолл 10 есе қымбат бағамен саудаланған. Жалпы 5 мың қаптама дәрі тәркіленді", – деді Алексей Цой.
Министр сондай-ақ, медициналық ұйымдарды қадағалаудың жаңа форматы енгізілгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, онлайн-бақылау тәртібі медицина саласында заң бұзушылықтардың алдын алады. Сонымен қатар "ақ халаттылармен" ғана емес, науқастармен де тілдесуге мүмкіндік береді.
"Кеше ғана Атыраудағы ауруханаларда онлайн-бақылау жүргізілді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері кез келген өңірдің медициналық ұйымына хабарласып, онлайн байланыспен бақылай алады. Қызметкерлеріміз шынайы мәселені сұрайды. Қандай кабинетке кіруді де министрлік қызметкерлері айтып отырады. Кеше ғана осындай тәртіппен бірнеше науқаспен сөйлестік. Яғни жұмыстың осындай форматы аз уақыттың ішінде бірнеше аурухана жұмысын тексеруге мүмкіндік берді", – деді Алексей Цой.
Ол сондай-ақ, әлеуметтік желіде Президенттің атына үндеу жолдап, халық арасында пікірталас тудырған шымкенттік реабилитолог Айна Бакеевамен сөйлескенін айтты.
"Ем шаралары бойынша ұсыныстарын жеткізген дәрігер Айна Бакееваның хабарламасына қатысты біраз сұрақ келіп түсті. Бүгін шымкенттік дәрігермен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі мәселені, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем шараларының сан түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдіруде. Оны желіден көрген адамдардың да ойы өзгереді. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықққа кері әсер етеді. Осыған қатысты сан сауалына жауап табуға ниетті көптеген адамдар Айна Бакееваға хабарласқан", – деді ол.
Сондықтан Алексей Цой алдағы уақытта министрлік халыққа арналған ресми кеңестер бекітілетінін мәлімдеді.
"Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми кеңестерді әзірледі. Бұл нақты кеңестер министрліктің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланады. Айна Бакеева да ем хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға тарататынын айтты",– деді министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін шымкенттік дәрігер Айна Бакеева әлеуметтік желіде індет жұқтырғандарды емдеуге қатысты сыни пікір айтып, Президентке үндеу жолдаған.
Брифингке қатысқан брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы елімізде пневмониямен ауырып жатқандардың статистикасына тоқталды.
"Бізден пневмония статистикасы туралы жиі сұрайды. Бүгінде елімізде стационарларда ПТР-тест нәтижесі теріс, бірақ пневмонияға шалдыққан 28 мың пациент ем алуда. Науқастардың 98,9%-ының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр. Одан басқа стационарларда КВИ бойынша ПТР-тест нәтижесі теріс ЖРВИ немесе басқа тұмау аурулары бар 4 мыңнан астам адам ем қабылдауда", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Ажар Ғиниятқызының сөзінше, бүгінгі таңда науқастарды емдеуге 46 мың медицина маманы жұмылдырылған. Олардың қатарында интерн дәрігерлер мен медицина факультетінің жоғары курс студенттері бар.
"Жеке клиникалардың ұжымдарымен жиналыс ұйымдастырылды. Олар да бізді қолдауда. Сондықтан Медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырып, бізге көмектеседі", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, КВИ бойынша симптомсыз науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемақы қарастырылмаған. Себебі оларға қарасты науқастар ауруды аса таратпайды деп есептеледі.
"Сонымен бірге емдеу хаттамасына сәйкес оларды үйлеріне барып емдеудің еш қажеттігі жоқ. Яғни медицина қызметкерлері науқастармен телефон арқылы сөйлесе береді", – деген вице-министр емханаларда инфекциялық сырқаттар бойынша жұмыс істейтін дәрігерлерге келтірілген зиян үшін үстемақы беру қарастырылғанын айтты.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Құралай Құдайберген