"Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді": Президент орынсыз шығынды тоқтатуды тапсырды

505

Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтауы тиіс.

"Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді": Президент орынсыз шығынды тоқтатуды тапсырды Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке орынсыз шығынды тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда "жасыл энергетиканы" дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес", - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев оны еңсеру үшін елімізге тиісті стратегия керек екенін баса айтты.

"Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.

Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет", - деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу