Камбоджа мен Таиландтың Сыртқы істер министрлері қақтығысты тоқтату туралы келісімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келіссөзге Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И және үш елдің әскери өкілдері қатысқан.
Тараптар ең бірінші атысты тоқтату режиміне көшу, шекарадағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, саяси сенімді қалпына келтіру және қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жолдарын талқылаған.
Өз кезегінде Қытай минадан тазалау бойынша гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді және АСЕАН бақылаушы миссиясын жіберуді қолдап отыр.
Сонымен қатар, тараптар трансшекаралық қылмысқа қарсы ынтымақтастықты күшейтуге және Таиландта өтетін Ланьцан – Меконг саммиті қарсаңында жағдайды тұрақтандыруға уағдаласқан.
Еске салайық, 2025 жылдың шілде айынан бері қос ел шекарасындағы қақтығыстар салдарынан кемі 100-ден аса адам қаза тапты. Жараланғандардың да саны айтарлықтай көп. Сондай-ақ, 500 мың тұрғынның баспанасын тастап кетуге мәжбүр болғаны айтылады.