Еуразиялық одақ Қазақстанға қатысты шектеулерді күшейтуде

2601

Өнімін шетелге экспорттайтын қазақстандық бизнес СПОТ пен ДОПП-тың ортасында қалды. 

Еуразиялық одақ Қазақстанға қатысты шектеулерді күшейтуде Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Еуразиялық одақ ішіндегі сауданың жаңа ережелері – кәсіпкерлерге қолма-қол ақшамен есеп айырысуға тыйым салу, СПОТ жүйесін, ДОПП құжаттарын енгізу және басқа да шектеулер осы жазда-ақ міндетті сипатқа ие болады. 2026 жылғы шілдеде сыртқы экономикалық сауда қатынастарының ауқымды реформасы басталады: оны одақтастарына Ресей таңып отыр. Жаңа ережелерді сынақтан өткізу РФ аумағында 1 сәуірде қолға алынды. Ал, бүкіл Еуразиялық одақ елдеріне қатысты толыққанды енгізу 1 шілдеде басталуы мүмкін.

Көршінің дәйектеуінше, бұл жерде сөз сауда процедураларын үйлестіру және жанама салықтарға бақылауды күшейту туралы болып отыр. Бірақ іс жүзінде бұл – одақ ішіндегі трансшекаралық саудаға Ресейдің әкімшілік ықпалының айтарлықтай кеңеюін білдіреді. Біріншіден, азаматтарға ЕАЭО елдеріне қолма-қол ақша алып шығуға шектеулер енгізіледі (10 мың доллардан аспауға тиіс), ал, компанияларға – шекара арқылы қолма-қол ақшаны тасымалдауға толықтай тыйым салынады.

Екіншіден, импорттық жеткізілімдерді бақылайтын жаңа ресейлік цифрлық жүйе іске қосылуда. Оның аясында Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Беларусь елдерінен тауар тасымалдаушылардың барлығы арнайы құжаттарды ресімдеуге және қосымша цифрлық тіркеуден өтуге міндетті болады.

Үшіншіден, жүктерді міндетті түрде QR-кодтау және тауар шекарадан өткенге дейін-ақ РФ Федералды салық қызметінің шотына "қамтамасыз ету төлемдерін" төлеу жүйесі енгізіледі. Мәскеу енді алым-салықты да алдын ала алғысы келеді.

Одақ аясындағы жаңа бақылау архитектурасының нақты қалай жұмыс істейтінін жеке-жеке қарастырайық.

СПОТ: Шекарадан өтпей жатып, шенеуніктің көңілін табу өнері

Тауарларды күтуді растаудың ресейлік жүйесін (система подтверждения ожидания товаров, СПОТ) іске қосу ауқымды жаңашылдыққа айналды. Бұл – ЕАЭО елдерінен тауар жеткізілімдерін алдын ала бақылаудың жаңа механизмі болып табылады, деп түсіндірді klerk.ru.

Бұған дейін салықтық және бақылау шаралары тек ЕАЭО мемлекеттерінен, соның ішінде Қазақстаннан тауарлар РФ аумағына кіргеннен кейін ғана жүргізілетін еді. Оның үстіне, бұл үшін камералдық және көшпелі тексерулер өткізілуге тиіс болатын. Енді бақылауды күні бұрынғы режимге ауыстыру ұйғарылыпты. Яғни, осы арқылы Ресей тікелей қазақстандық тауарларды жеткізу процесінің ішіне еніп, өз ойын ережесін таңады.

Жаңа ережелерге сәйкес, барлық тасымалдаушылар СПОТ жүйесінде өз жүгіне берілген QR-кодты шекарадан өтпей тұрып, РФ кеден органдарының бақылаушы-инспекторларына көрсетуге міндетті. ол кодты қалай алады?

Жаңа тетіктің жұмыс алгоритмі келесідей:

  • Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны кесіп өткенге дейін кем дегенде 2 күн бұрын жеткізуші аталған жүйеде ДОПП (документ о предстоящей поставке) – алдағы жеткізілім туралы құжатын тіркеуге тиіс.
  • ең кемі 2 күн бұрын Ресей бюджетіне міндетті қамтамасыз ету жарнасын аударуы қажет (2026 жылғы 1 шілдеде енгізіледі).
  • осыдан кейін әрбір жүк партиясына бірегей цифрлық идентификатор – QR-код беріледі, онсыз тауарды Ресейге кіргізе алмайды.

ДОПП ресімдеу міндеті импорттаушыға немесе делдалға жүктеледі. Сонымен қатар, енді көршінің осы жүйесіне енгізуді талап етіп отырған ақпараттардың ауқымы өзінің бюрократиялық егжей-тегжейлілігімен таңғалдырады. Шын мәнінде, Мәскеу одақ елдерінен келетін әрбір жүкке және бизнес арасындағы мәмілеге қатысты жеке-жеке досье түзеді.

ДОПП-та өтініш беруші, сатушы, тасымалдаушы, келісімшарттар және тағы басқасы туралы мәліметтер бүге-шігесіне дейін жазылуы шарт. РФ-қа импортталатын қазақстандық тауарларға атауын, көлемін, СЭҚ ТН кодтарын, лицензияларды, сауда маркаларын, сертификаттарды және басқа да құжаттарды көрсету міндетті болады.

Бұл талаптар тек коммерциялық тауар партияларымен шектелмейді: мысалы, Қазақстан азаматы туысына табыстау не өзі жеу үшін бір сөмке ет апара жатса, осы тәртіпті сақтауға тиіс болады.

Қамтамасыз ету жарнасы: РФ алдын ала төлегеніңізді жөн көреді

Қамтамасыз ету ақшалай жарнасы (обеспечительный денежный взнос) механизмі да ерекше назар аударуға тұрарлық: ол іс жүзінде ЕАЭО ішіндегі импортты Ресей бюджетіне алдын ала қаржылық кепілдік енгізу арқылы сауда жасау жүйесіне айналдырады.

"ҚАЖ барлық тауарлар бойынша есептеледі. РФ бюджетіне бұл жарнаны алдын ала аудару импортталатын тауарлар бойынша акциздер мен ҚҚС-тың уақытылы төленетіндігінің кепілі болып табылады", – деп түсіндірді ресейлік сарапшылар.

Мұндай төлемнің көлемі импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС пен акциздердің болжамды сомалары негізінде есептелетін болады. Осы арқылы көрші екі жеп, биге шығады: салықтар әлі есептелмеген, тіпті тауар да әкелінбеген, ал, оның алым ақшасы бюджетіне түсіп те үлгереді.

Жарнаны әрбір тіркелген ДОПП бойынша – тауар әкелінгенге дейін ең көп дегенде 2 күн бұрын аудару талап етіледі. Тек жекелеген жағдайларда ғана бизнес одан босатылады: мысалы, Ресей аумағы арқылы шетелден ЕАЭО елдеріне, Қазақстанға қарай транзитпен жүк тасымалдаушылар, лизингтік операциялар жасаушылар және салықтық мониторинг режиміндегі компаниялар жарнаны енгізбеуіне болады.

QR-код – одақтағы жаңа төлқұжат: тауарлар "виза" алатын болды

ДОПП жүйесінде жүк партиясы тексеруден өткеннен кейін (рәсім "дұрыстығын тексеруден өткізу" деп аталады), сондай-ақ қамтамасыз ету жарнасы РФ Федералды салық қызметінің шотына түскен соң, өтініш берушіге нақты тауар партиясына арналған QR-код жіберіледі.

Алынған код ДОПП-пен (алдағы жеткізілім туралы құжатпен) бірге тасымалдаушыға беріледі. Міне, осыларды фура жүргізушілері шекарадан өту кезінде РФ кеден органдарына көрсетуге міндетті.

Кодты түрлі тәсілмен алуға болады: жеке өзі барып, сатушы арқылы, электрондық поштамен, мессенджермен немесе екі тарапқа да ыңғайлы кез келген басқа тәсілмен. Маңыздысы, бұл цифрлық рұқсаттамасыз тауарыңыз проблемалық жүкке, "сау басқа сақинаға" айналады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге жаңа тәртіпті бұза отырып әкелінетін тауарлар шекарада жай ғана тоқтатылмайды, тәркіленуі де мүмкін. Солтүстік көрші құжаттағы қателік автоматты түрде сауданы шектеу қаупіне соқтыратындай күрделі жағдайды қолдан туғызып отыр.

Бұл ретте РФ кеденшілерінің қабағын түйгізіп, шетін шешім қабылдауына ықпал етуі мүмкін бұзушылықтардың тізімі барынша кең. Жүйеде ДОПП-тың болмауы, құжат мәртебесінің дұрыс еместігі немесе ДОПП-та көрсетілген мәліметтер мен тауарға ілеспе құжаттардағы алшақтық жаза-санкцияларға негіз болуы ғажап емес. Айыппұлдардың көлемі бұзушының мәртебесіне байланысты былайша құбылады:

  • Азаматтар сөмкесіндегі тауарларын тәркілей отырып, 1-2,5 мың рубль көлемінде айыппұл салумен жазаланады;
  • Лауазымды тұлғалар үшін айыппұл сомасы 5-20 мың рубль аралығында;
  • Компаниялар, бизнес 50 мыңнан 300 мың рублге дейін айыппұл арқалайды. Тауарды тәркілеу немесе тәркілемеу туралы шешімді ресейлік кеденшілер өз бетінше қабылдайды. Сот жоқ.

Тасымал емес, текетірес пломбасы: бір одақ, әртүрлі ереже

Дегенмен, QR-кодтар мен ДОПП-тар – Еуразиялық одақ елдеріне қатысты Мәскеу енгізіп жатқан жаңа бақылау жүйесінің бір бөлігі ғана. Жүктерді қадағалаудың жаңа ережелері ЕАЭО ішінде дау тудырды, деп жазды "Коммерсантъ" газеті. Одақ елдері арасындағы даудың мәні – ірі импорттаушылар декларациялайтын жүктерді тасымалдау кезінде жүк көліктерінде навигациялық пломбаларды міндетті түрде қолданудан босату жағдайларының тізімі болды.

Ресей мен Беларусь "ұлттық ескертпе" енгізуді талап етуде: сонда олар өз шекаралары арқылы өтетін тауарларды міндетті түрде пломбалауды талап ету құқығын сақтап қалып қана қоймай, оны кеңейтеді. Қазақстан және одақтың басқа да бірнеше қатысушысы, керісінше, мұндай тәжірибе Еуразиялық одақ ішіндегі бірыңғай реттеу қағидатын бұзатынын алға тартып, мұндай қосымша кедергілерді алып тастауды ұсынуда.

"Тәуекел деңгейі төмен санатқа жатқызылған импорттаушыларға қатысты ережелердің бұлайша қатаңдатылуы РФ билігі жүргізіп отырған импортты көлеңкеден шығару және салықтардың жиналу көлемін арттыру саясатына сай келеді. Бірақ бұған тасымалдаушылар да қарсы шығуда: олар мұның ЕАЭО кеңістігінде құқық қолданудың бірыңғайлық принципін де бұзатынын қаперге салды", – деп жазды ресейлік газет.

30 шілдеге дейін одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия навигациялық пломбаларды қолданудан босату жағдайларының тізімін қайта қарауға тиіс. Сол кезде проблема төңірегіндегі шиеленіс ширыға түсіп, шырқау шегіне жетуі мүмкін: өйткені одақ қандай шешім қабылдамасын, ертесіне, 31 шілдеден бастап Ресей міндетті пломбалауды тіпті тауарлардың теміржол тасымалдарына, сондай-ақ барлық автокөлік транзитіне дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ал, Қазақстанның жаһандық нарықпен алыс-берісінің 80 пайызға дейінгісі РФ аумағы арқылы жүзеге асады.

Сарапшылар бақылаудың бұдан әрі қатайтылуы шекаралардағы көлік коллапсына соқтыруы, сондай-ақ онсыз да адымы ашылмай, кері кетіп жатқан ЕАЭО ішіндегі сауданың құлдырауын тездетуі мүмкін деп ескертеді.

Навигациялық пломбалар – бұл контейнерлерге бекітілетін және жүктің бағытын жедел қадағалауға әрі заңсыз манипуляциялардың алдын алуға арналған электрондық құрылғылар. Ол арқылы құзырлы органдар жүк көлігінің немесе контейнердің маршрутін спутник арқылы бақылай алады. Мысалы, Еуропадан Қазақстанға не Қырғызстанға бағыт алған жүк діттеген жеріне жету орнына жолай кілт бұрылып, Ресейдің бір қаласына жол тартса, шұғыл іс-қимыл жасауына мүмкіндік бар. Мәскеу Киевтің "Өрмек" операциясы кезіндегідей, осындай транзиттік контейнерлермен украиналық ұрыс дрондары тасымалдануы ықтимал деп қауіптенеді.

2026 жылғы 11 ақпаннан бастап РФ пломба механизмі арқылы санкциялық тауарлардың, акцизделетін өнімдердің бір бөлігінің және тауарлардың "салық сыйымдылығы жоғары" деп аталатын санаттарының қозғалысын бақылауға кірісіп те кетті. Енді ол арқылы қазақстандық  тауарлардың да жүріс-тұрысын қадағалауға ниетті.

Сондықтан жаңа жағдай әсіресе Қазақстан кәсіпкерлерінің қабырғасына қатты батып отыр. Одақ аясындағы келіссөздер кезінде ұлттық бизнестің мүддесін барынша қорғап қалу үшін біздің келіссөзшілердің, делегациялардың бар күш-жігерін салғаны маңызды.

Одақтың қазіргі қолданыстағы ұлтүстілік реттеуі кейбір жағдайларда пломбалар қолданудан босатады: ондай жағдайлардың тізімі ЕЭК Кеңесінің шешімімен бекітілген. Бірақ өкінішке қарай, қазақстандық бизнес үшін қолайлы болған бұл тәртіп уақытша сипатқа ие және Мәскеу мен Минсктің кеңейтілген міндетті пломбалауды енгізуінің қарсаңында, яғни, 30 шілдеде өз қолданысын тоқтатады.

"Жаңа тізімнің мазмұны ЕАЭО ішінде дау тудырды: РФ, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан ымыраға келе алмай, консенсус таба алмай жатыр", – деп мойындады ЕЭК Кеден департаменті директорының орынбасары Александр Титов.

ЕЭК баспасөз қызметі бес елдің келіссөздерді әлі де жалғастырып жатқанын нақтылады. Алайда құжаттың реттеушілік әсерін бағалаудың ресми рәсімі биылғы 8 мамырда-ақ бітіп қалыпты. Сондықтан наразы жақтың сын-ескертпелері ескерусіз қалуы да ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу