Көрші ел күтпеген жерден кириллицадан бас тартты

24493

Сонымен, 2025 жылдың алғашқы күнінен бастап, Моңғолияда бірнеше маңызды нормативтік құқықтық акті күшіне енді. 

Көрші ел күтпеген жерден кириллицадан бас тартты

Соның ішінде Ұлы Хурал (ұлы құрылтай – Парламент) біраз бұрын қабылдаған бір тарихи заң да бар.

Оған сәйкес, Моңғолияда ресми құжат айналым моңғолдың дәстүрлі жазбасына көшіріледі.

"2025 жылғы 1 қаңтарда Моңғол тілі туралы заңының жаңа ережелерінің бірі қолданысқа енгізілді. Тиісті заңды ел Парламенті 2015 жылы қабылдаған болатын. Ол бойынша биылдан елде, алдымен ресми құжат айналымында қос әліпби пайдаланыла бастайды. Бұлар – кириллица және дәстүрлі моңғол жазбасы", – деп хабарлады моңғолдың "Монцамэ" жаңалықтар агенттігі.

Жергілікті ақпарат құралдарының түсіндіруінше, моңғол тілі туралы заңына сәйкес, тарихтың тереңінен тамыр тартқан дәстүрлі ұлттық алфавит кириллицаны біртіндеп ауыстырады деп күтілуде.

Бұған қол жеткізу үшін "Ұлттық жазбаны кезең-кезеңмен енгізу бағдарламасы" әзірленіпті. Ондай бағдарламаны қабылдау талабы жаңа заңда атап көрсетілген.

Сонымен қатар Моңғолияда халықты, әсіресе, мемлекеттік қызметшілерді дәстүрлі моңғол жазбасында жазып, оқуға үйрететін түрлі оқыту курстары іске қосылып жатқан көрінеді.   

Мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары әзірше ресми құжаттарды кириллицада және ұлттық жазбада қатар жүргізетіні мәлімделді. Яғни, орыс жазуын ығыстыру асығыс емес, жүйелі түрде, табанды жүргізіледі.

Ұлттың ұстынын нығайтатын тіл реформасының басты бір тірегі – мемлекеттік қызметшілер болады. Ынталандыру үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың жалақысы да күрт арттырылып отыр.

"Монцамэ" мәліметінше, қазіргі кезде Моңғолияның мемлекеттік қызметінде 226,2 мың адам жұмыс істейді. Моңғолияда небәрі 3,6 миллиондай халық қана бар екенін ескерсек, бұл – ынталанса, іңкәрланса кез келген саясатты ілгері алып кететін ауқымды ресурс.

2025 жылдың басынан мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 6 пайызға жаппай арттырылды. Ұлы хурал бюджетте қажетті қаражатты қарастырған екен.

"2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Моңғолия ресми құжаттарда, заң шығармашылығында моңғол кириллицасын да, сондай-ақ ескі моңғол жазбасын да ресми түрде пайдалана бастады. Бұл қадам дәстүрлі моңғол жазбасын насихаттауға және бүкіл еліміз бойынша оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ұлттық бағдарламаның бір бөлігі болып есептеледі", – деп мәлімдеді Тіл саясаты жөніндегі ұлттық кеңес.

Қытайдың Синьхуа агенттігінің мәліметінше, моңғол елі өз тарихында дәстүрлі төл әліпбиін қолданған санаулы халықтардың бірі болды. Байырғы замандарда моңғол тілі үшін және оның ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген бұл жазба жоғарыдан төмен, тік жазылады. Сонысымен әлемдегі көлденеңінен терілетін заманауи алфавиттік жүйелердің көбісінен дараланады.

Ғасырлар бойы әбден жолға қойылған, кең танылған моңғол жазбасы 1940 жылы Кеңес одағының ықпалымен, моңғол кириллицасына ауыстырылды.  

"1990 жылдары Моңғолияда көне моңғол жазбасының ресми статусы қайтарылды. Алайда оның қолдану аясы тым шектеулі болды. 2015 жылы елде "Мемлекеттік моңғол тілі туралы" арнайы заңы қабылданды. Оған сәйкес, моңғол тілі мен жазбасында моңғолдың ұлттық әліпбиі – дәстүрлі моңғол жазбасы да пайдаланылатыны бекітілді", – деп жазды Синьхуа.

Моңғол халықтары XIII ғасырдан бері шамамен 10 әліпби жүйесін пайдаланған. Соның ішіндегі ең табыстысы және кең таралғаны – көне моңғол жазбасы болды. Оны мысалы, Қытай халық республикасы аумағында тұратын моңғолдар әлі күнге қолданады.  

"Моңғолияда Шыңғыс хан дәуірінен бастап, 1941 жылға дейін қолданыста болған көне моңғол жазбасына деген ынта-ықылас жыл өткен күшейіп келеді. Қызығушылыққа Қытайдағы Ішкі Моңғолия автономды өңіріндегі мектептерде моңғол тілін үйретуге тыйым салынуы серпін берді. Бұрындары бұл өлкенің тұрғындары моңғол тілін ескі моңғол жазбасы негізінде оқып-үйренетін. Ал, Сыртқы, тәуелсіз Моңғолия жұртшылығы негізінен кириллицада оқиды", – деп хабарлады Euronews.

"Адамдар әрқашан дәстүрлі моңғол жазбасын құрмет тұтты, жүрегінің түкпірінде сақтады. Бірақ Ішкі Моңғолиядағы қуғын-сүргін бұл сезімді толқытып бетке шығарды. Кириллицаны сақтай берсек, біз тек өз тарихымыздың 90 жылдық үзігін ғана қолдаймыз. Ал, ескі моңғол жазбасын сақтасақ, біз мыңдаған жылдық мәдениетімізбен байланысымызды қолдаймыз!" – дейді зерттеуші ғалым Далайн Заяабаатар.

Қытай аумағында қалған моңғолдар мен азат Моңғолия тұрғындары бір-біріне жазған хатын оқи алмайды. Дегенмен, Моңғолия болашақта кириллицадан іргесін аулақ салып, қазіргі заманға бейімделген көне моңғол әліпбиіне көшсе, бұл ұлттық бірігуге түрткі болуы мүмкін.

"ЛитИнтерес" порталының мәліметінше, өткен ғасырдан бері әлемде гректің емес, орыстың кириллицасын пайдаланатын мемлекеттер мен халықтардың саны біршама азайды және бүгінде әлемде сондай 12 тәуелсіз мемлекет қана бар (халықтар саны одан көбірек).

Қазіргі кезде орыс кириллицасында жазатын мемлекеттер:  

  • Ресей,
  • Қазақстан,
  • Қырғызстан,
  • Тәжікстан,
  • Беларусь,
  • Украина,
  • Болгария (Кирилл және Мефодий негізінен осы елде қызмет атқарған, тиісінше, болгарлар – кириллицаны қолдана бастаған бірінші ел саналады),
  • Македония,
  • Сербия,
  • Черногория,
  • Босния мен Герцеговина,
  • Моңғолия.

Осы тізімнен моңғол елі шығып қалса, кириллица қарпіне тәуелді елдер саны 11-ге дейін қысқаруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу