Көрші ел "ҰБТ"-дан бас тартады: орнына не болады?

1395

Университеттерде ондаған мың орын бос. Жүздеген мың талапкер тестілеуден құлады. Білім сапасына қатысты дау туындады.

Көрші ел "ҰБТ"-дан бас тартады: орнына не болады? Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Білім саласындағы бетбұрыс: мектеп бітіру емтиханы университетке жол ашуы мүмкін

Өзбекстан жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін түбегейлі өзгертуге кірісті. Жаңа бастама жүзеге асса, мектеп бітірушілер үшін жыл сайынғы жазғы емтихандар науқаны едәуір жеңілдейді. Тіпті талапкерлер екі рет емтихан тапсыру машақатынан құтылуы ықтимал, деп жазды inbusiness.kz.

Бүгінде мектеп бітірушілер екі бірдей сынақтан өтеді. Әуелі аттестат алу үшін қорытынды емтихан тапсырады. Одан кейін таңдаған университетіне түсу үшін қайтадан тестілеуге қатысады. Енді осы екі кезеңді біріктіру ұсынылып отыр.

Ұсыныстың мәні қарапайым: мектеп бітірушілер үшін "бірыңғай мемлекеттік емтиханды" (БМЕ) енгізу. Яғни, оқушы осы бір сынақтан жоғары балл жинаса, мектепті де ойдағыдай аяқтайды, қалаған университетіне немесе техникумға да бірден түсіп алады.

"Білім және ғылым министрлігі оқушылардың білім деңгейін бағалау және мектептерде жаңа емтихан жүйесін енгізу мақсатында жасырын сауалнама жүргізіп жатыр. Негізгі өзгерістердің бірі – 11-сынып оқушыларына арналған бірыңғай емтихан. Бұл сынақ мектеп бітіру үшін ғана емес, жоғары оқу орындары мен техникумдарға түсу үшін де қолданылуы мүмкін", – деп хабарлады UPL.uz агенттігі.

Жарияланған жоспарға сәйкес, жаңа жүйенің тиімділігі алдымен пилоттық жоба аясында, тәжірибе жүзінде тексеріледі. Сынақ 2027/2028 оқу жылының қорытындысында Ташкент қаласы мен Науаи облысында өткізіледі.

Бұл кезеңде оқушылар үшін алаңдауға негіз жоқ. Өйткені сынақ емтиханының нәтижесі олардың нақты оқуға түсуіне әсер етпейді. Ал, 2028/2029 оқу жылынан бастап БМЕ-ні бүкіл елдегі мектеп бітірушілерге міндетті түрде енгізу жоспарланған. Осылайша, бұрынғы екі кезеңнен тұратын білім тексеру жүйесінің орнына біртұтас сынақ келгелі тұр.

Бұл жаңалық Өзбекстанның әлеуметтік желілерінде қызу айтыс-талас тудырды. Бір жақ балаларға түсетін салмақ азаяды деп қуануда. Олардың пікірінше, екі емтиханның орнына бір сынақ тапсыру оқушылардың жүйкесіне түсетін қысымды азайтады.

Енді біреулер бұл өзгеріске күмәнмен қарайды. Оларды ең алдымен білім сапасы алаңдатады. Емтиханды жеңілдету университеттерге шын мәнінде білімді, қабілетті жастарды іріктеуге кедергі келтіруі ғажап емес. Жаңа жүйе қала мен ауыл түлектері арасындағы жасырын теңсіздікті одан ары күшейтіп жібермей ме деген қауіп айтылды.

32 мың орын бос: университеттер студент жинай алмауда

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2025/2026 оқу жылының басында елде 215 жоғары оқу орны жұмыс істеген. Оның 97-сі – жекеменшік университеттер.

Салыстырсақ, 1991 жылы елде небәрі 52 ЖОО болған. 2023 жылы саны 219-ға, 2024 жылы 222-ге жеткен. Демек, биыл университеттер саны кеміді, деп нақтылады stat.uz.

Ал, студенттер саны керісінше, қарқынды өсіп келеді. Бүгінде Өзбекстан университеттерінде 1 миллион 535 мың студент білім алуда. Бұл өткен оқу жылындағыдан 102,2 мың адамға немесе 7,1%-ға көп. 1991/1992 оқу жылындағы 337,4 мың студентпен салыстырғанда көрсеткіш 4,6 есе (!) артқан.

Алайда студент санының көбеюі әрине, білім сапасының жақсарғанын білдірмейді. Оның үстіне елдегі барлық университетке сұраныс бірдей емес. Мұны 2026/2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының қорытындысы айқын көрсетті. Тамыз айында Білімді бағалау және біліктілік агенттігі қосымша қабылдау жариялауға мәжбүр болды. Себебі, жоғары оқу орындарында 31 833 орын бос қалған.

Оның ішінде:

  • 21 725 орын – күндізгі оқу бөлімінде;
  • 4 228 орын – кешкі оқу бөлімінде;
  • 1 599 орын – қашықтан оқу форматында;
  • 3 307 орын – дуальді білім беру жүйесінде.

Бірақ одан да қызығы, талапкерлердің қай мамандықтарға барғысы келмегені. Бос орын бойынша бірінші орында мектепке дейінгі білім беру, тәрбиешілер бағыты тұр. Бұл салада 3 469 орын толмай қалған.

Инженерлік мамандықтарда да жағдай мәз емес. Жеңіл өнеркәсіп саласында – 1 342 орын, химиялық инженерияда – 1 277 орын, технологиялық машиналар мен жабдықтар бағытында – 1 147 орын, өндірісті автоматтандыру саласында – 967 орын сұраныссыз қалды.

Тіпті әлемдік трендке айналған жасанды интеллект мамандығының өзінде ЖОО-ларда 607 бос орын бар. Бір жағынан, бұл – университеттерде оқуға мүмкіндік жеткілікті деген сөз. Бірақ мәселенің екінші жағы әлдеқайда күрделі.

Өзбекстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 233 935 талапкер ең төменгі шекті балл – 56,7 ұпайды да жинай алмай, емтиханнан жаппай құлаған. Яғни, өзбекстандық ҰБТ-ны тапсырғандардың 37,54%-ы оқуға түсуге қажетті ең төменгі көрсеткішке де жете алмады.

Бір жағында студент таппай отырған жоғары оқу орындары, екінші жағында білім деңгейі ең төменгі талапқа сай келмеген талапкерлер. Бұл – көршінің білім беру жүйесінде қордаланған үлкен қайшылық.

"Ақшаң болса қалтаңда...": жаңа қабылдау жүйесінен кім ұтады?

Әлеужелідегі талқылау реформаның техникалық жағын ғана емес, қоғамды толғандыратын әлдеқайда маңызды мәселелерді қозғады. Жұртты ең алдымен бір сұрақ мазалайды: бұл өзгерістен кім ұтады, ал кімнің университетке түсу мүмкіндігі шектеледі?

Ташкент қаласының тұрғыны Бача реформаны әзірлеушілер әзірге нақты жауап бермеген бірқатар мәселені көтерді.

"ЖОО-ға түсу тестілеуін мектеп емтиханымен біріктірмекші. Сонда мектепті 10–15 жыл бұрын бітірген, енді ғана оқуға түскісі келген адамдар не істейді? Ал, колледж бітіргендер бірден емтихансыз қабылдана ма? Әскери училищелерге, дене шынықтыру, заң және медицина университеттеріне түсу тәртібі қандай болады? Әдеттегідей, жауаптан гөрі сұрақ көп. Бірақ бізде бәрі бәрібір "ақшаңды төле де, оқуға түс" дегенге тіреледі", – деп жазды ол.

Ромир есімді пайдаланушы тіпті радикалды ұсыныс беріп, ақылы білім беру жүйесін жоюды ұсынады.

"Ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Тек ақылы оқуды алып тастаған жөн. Барлығы тегін оқысын, бірақ оқуын аяқтаған соң мемлекет аумағында алған мамандығы бойынша бес жылдай еңбегімен өтесін! Сонда қабылдау емтихандарының да қажеті болмайды. Келіндер де енесінен тамақты ұрлап, жасырып, түнде жеуге мәжбүр болмас еді, оқуға түсе алса, табысты маманға айналады. Ұлдарды тегіс әскерге жіберіп, Отан қорғауды үйрету керек. Әскерден кейін университетке емтихансыз қабылдауға болады. Сонда бәрі реттеледі, бәрі жұмыспен қамтылады", – деп ұсынды ол.

Гастритомания лақапаты бар пікір қалдырушының көзқарасы әлдеқайда қатаң: "Мектепті бітір де, базарға бар. Базар асырайды. 100 пайыз", – дейді ол.

Камол болса, университеттердің есігін баршаға ашып, студенттерді іріктеу мәселесін ата-аналардың қаржылық мүмкіндігіне қалдыру керек деп есептейді.

"Жаппай қабылдау емтихандарын алып тастау керек. Ақшасын төлесін де, оқысын. Егер оқуға шамасы жетпей, универден шығып қалса, ата-анасы жұмсаған ақшаны желге шашқан болады. Бұдан университеттер пайда көреді. Сол қаржыға қабілетті студентті бөлек іріктеп, тегін оқытуға болады", – дейді ол.

Желі қолданушыларының арасында жаңа реформаны "білім сапасын көтерудің жолы емес, тек бос қалған университет орындарын толтыруға бағытталған амал" деп қабылдайтындар да бар. Олардың пікірінше, мектеп оқушылары қарапайым тестілердің өзінен сүрініп жатқандықтан, ЖОО-лар студент санын кез келген жолмен толықтыруға тырысып жатыр.

Сарапшылар бірыңғай емтихан проблема туындататынын ескертеді

Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Сардор Раджабов екі емтиханды біріктірудің қажеттігін түсіндірді.

"Қазіргі кезде мектеп бітірушілер алдымен қорытынды мемлекеттік емтихан тапсырады, содан кейін ЖОО-ға түсу үшін бөлек тестілеуден өтеді. Мұның бәрі отбасы үшін қосымша шығынға, уақыт жоғалтуға және ең бастысы, балалардың қатты күйзеліске түсуіне себеп болады", – дейді ол.

Өзбекстандық педагогика және тестілеу саласының сарапшысы Комилжон Джалилов та екі емтиханды біріктіру идеясын қолдайды. Әйтсе де ол бір маңызды мәселеге ерекше назар аудартты: жаңа емтиханның тапсырмалары мінсіз әрі әділ жасалуы керек.

"Ғылыми негізі жоқ тестілер білім беру жүйесін бүлдіреді. Мектеп бағдарламасы мен университетке түсуге арналған тест тапсырмаларының арасында үлкен алшақтық бар. Салдарынан жоғары сынып оқушылары мектептегі оқуын ысырып тастап, қалыпты оқу үдерісіне көңіл бөлудің орнына бар уақытын тестілеуге дайындалуға жұмсайды", – деді маман Kun.uz-ге сұхбатында.

Міне, жаңа реформаның ең үлкен тәуекелі де осында. Егер бірыңғай емтихан әділ, ашық әрі елдің барлық аймағындағы оқушыларға бірдей қолжетімді болса, оның пайдасы зор. Отбасылар ЖОО тестілеуіне қосымша дайындыққа жұмсайтын қыруар қаржысын үнемдейді.

Балалар екі рет емтихан тапсырып, жүйкесін жұқартпайды. Ең бастысы, мектептегі білім мен жоғары оқу орнына түсу талаптары бір жүйеге келуі мүмкін.

Алайда жаңа жүйе дұрыс жолға қойылмаса, бір ғана емтиханның қатесі талапкерге екі есе ауыр соққы болып тиеді. Өйткені ол оқушының мектеп бітіруіне де, университетке түсуіне де теріс әсер етеді. Онда жүздеген мың түлек ЖОО-ға түспек түгіл, мектеп бітіре алмай қалады.

Сонда университеттерде бос аудиториялар да ары қарай көбейеді, оқуға түсе алмай қалған жастардың қатары да артады. Сауатсыз білім реформасының зардабын тұтас бір ұрпақ та тартуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу