Көрші ел жаңа валютаны іске қосты

5105

Бірақ бизнес оны биылғы күзде ғана пайдалана бастайды.

Көрші ел жаңа валютаны іске қосты Фото: canva

Ресейде болашақта қазіргі қағаз рубльді ауыстыратын ұлттық валютаның жаңа түрі – "цифрлық рубльді" (ЦР) енгізудің бірінші кезеңі бастау алды.

Бүгінде қолданыста бар фиат (қағаз рубль) және электронды ақшалардан айырмашылығы сол, ЦР – токен. Яғни, Ресей Банкі шығаратын және РФ Орталық банкінің арнайы блокчейн-платформасындағы цифрлық әмиянда сақталатын, сондай-ақ банкнот сияқты қайталанбайтын бірегей нөмірі болатын бірегей цифрлық код.

Көпшілікке жақсы таныс, банктік қосымшада және картада жататын электронды қаржыдан тағы бір ерекшелігі – ғаламтор желісі болмаса да, ЦР-мен есеп айырысуға болатын көрінеді.

Алдымен, 2026 жылғы ақпанда федералдық бюджеттен төленетін төлемдер – зейнетақылар, стипендиялар, әлеуметтік жәрдемақылар және бюджет қызметкерлерінің жалақысы цифрлық рубльмен берілетін болады.

Кейінгі кезеңдерде басқа қатысушылар да бірте-бірте қосылады. Соның ішінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен барлық азаматтар жаппай тартылады. Сондай-ақ, күзде ірі банктер цифрлық рубльде есептесуді ұсынуға міндетті болады. Бұған қоса, айналымы 120 миллион рубльден асатын ірі бизнес пен олардың клиенттері ЦТ-ны қабылдап, сонымен төлем жасауға ауыстырылады деп жоспарланған.  

2027 жылғы 1 қыркүйектен кейін бұл жүйеге басқа барлық банктер және айлық айналымы 30 миллион рубльден көп компаниялар міндетті түрде жұмылдырылады.

Ал, 2028 жылғы 1 қыркүйекке қарай бұл реформаны толық аяқтау жоспарланып отыр. Бірақ бұл жоспарлар әдеттегідей, бұзылуы мүмкін. Ендеше банктер қабылдамайтын болса, қариялар, мұқтаж жандар, бюджет қызметкерлері, сондай-ақ ЖОО-ларда оқитын барлық жастар өздеріне ЦТ түрінде берілген қаржыны не істейтіні, қалай пайдаға жарататыны әзірге белгісіз.

Бұл кезеңдер нені білдіреді?

"Бастапқыда РФ тұрғындары федералдық төлемдерді цифрлық рублде алып, жинақтай алады. Содан соң ЦР-ға тауарларды сатып алу, банктер арқылы есептесу, ақша аудару мүмкін болады. Бірте-бірте барлық дүкендер мен сервистер әмбебап QR-код арқылы цифрлық рублді қабылдауға міндеттеледі", – деп түсіндірді РФ Орталық банкі.

Сондай-ақ, РФ Үкіметі цифрлық рублде жүргізілетін бюджет шығыстарының тізімін бекітті. Оған сәйкес, қазірден ЦР-ді келесі шығыстарда пайданалуға болады:

  • әлеуметтік қамсыздандыру және халыққа төленетін басқа да төлемдер үшін;
  • мемлекеттік органдардағы, қазынашылық мекемелердегі және бюджеттен тыс қорлардағы жалақы үшін;
  • күрделі құрылыс және мемлекеттік, муниципалдық қажеттіліктерге арналған басқа да сатып алулар үшін.

РФ Қаржы министрлігі бюджеттік төлемдер тек алушылардың өтініші бойынша ғана цифрлық рубльмен аударылатынын нақтылады. ЦР шотын азаматтар ғана аша алады. Сондықтан алдағы айда нақты қанша адамның ресейлік валютаның жаңа түрін пайдалана бастайтынын билік те білмейді.  

ІТ-маман, "Шард" провайдерінің AML/KYC аналитикасы жөніндегі директоры Федор Ивановтың пікірінше, цифрлық рубльдің пайда болуы Ресейдің әлемдік және жергілікті қаржы жүйелерінің трансформациясына жауабы болды. Оның үстіне ЦР енді санкцияларды айналып өтуге жол ашуы да мүмкін.

"Ресейдің ең жақын серіктестері – Қытай мен Үндістан төл цифрлық валюталарын енгізді. Оларда цифрлық валюталар қазірдің өзінде кең ауқымды пилоттық жобаларда қолданылып жатыр. РФ олармен қатар адымдауы үшін ЦР енгізуі керек. Мемлекеттің бақылауынан тыс қалып тұрған, сондықтан ақша-кредиттік егемендікке және ақша-кредит саясатының тиімділігіне нұқсан келтіруі мүмкін криптовалюталар мен стабилкоиндерден келетін сын-қатерлерге қарсы тұру қажеттілігі де ЦР-ді енгізуге қосымша қозғам-стимул болды", – деді Федор Иванов.

Ол Ресей жағдайында санкциялық шектеулер де цифрлық рубльдің дамуында маңызды рөл атқарғанын қосты. Бұл ретте ЦР-ді блокчейн инфрақұрылымда жүзеге асыру шекарааралық есеп айырысуларды жеңілдетеді деп күтілуде.

РФ мүше БРИКС-тің басқа мүшелері – Бразилия, Оңтүстік Африка және БАӘ бұл технологияны белсенді дамытуда. Яғни, олармен цифрлық валюта алмасу тәсілдері қарастырылады.

Ішкі нарықта цифрлық рубльді ең алдымен, қаржы жүйесінің ашықтығын арттыру, бюджеттік төлемдер мен әлеуметтік жәрдемақылар шығындарын азайту (ақша басу ісі біраз шығынды қажет етеді, ал, ЦР-ді басудың қажеті жоқ), мемлекеттік сатып алуларды айқын әрі жемқорлықтан ада ету құралы ретінде пайдалануға болады. 

Сарапшы цифрлық рубльдің экономикаға, әсіресе, қаржы жүйесіне қаупі де барын жасырмады. Мысалы, қазіргі кезде Ресей банкі басқан қаражат – купюралардың басым көпшілігі қаптаған банкте сақтаулы жатыр. РФ-та 300-ден аса (309) банк бар.

Ал, осы банкнот түріндегі валютаны жаппай цифрлық рубль ауыстырса, онда банктердің қазынасы бос қалады. Өйткені ЦР Орталық банктің арнайы блокчейн-платформасында ғана сақталады.

Бұдан бөлек, билік цифрлық рубльді кез келген уақытта бұғаттап тастай алады. Демек, оппозиция өкілдері, "иноагент", соғысқа қарсы азаматтар, армияны дискредитациялағандар, шенді-шекпендінің талабын орындамағандар немесе биік лауазымды тұлғаларға жақпаған кез келген ресейлік мүлдем қаржысыз қалуы мүмкін.

Құзырлы органдар мигранттардың цифрлық рублде тапқан табысын да жолай бұғаттап, тартып ала алады. Сонымен қатар, билік блокчейн-платформа арқылы әрбір ЦР-ді кімнің қайда жұмсағанын біліп отырады.

"Цифрлық рубльдің енгізілуінің негізгі тәуекелдері құпиялылықтың жоғалуымен және банк жүйесінің ликвидтілік-қаражаттан айрылуымен байланысты. ЦР туралы бүкіл ақпараттың бірыңғай тізілімде шоғырлануы теріс пайдалану қаупін арттырады. Қаражатты цифрлық рублге жаппай ауыстыру банктердің ресурстық базасын азайтады. Перспективада мемлекет бақылауды күшейту үшін құқықтық реттеуді одан әрі өрістетеді және цифрлық рубльдің функционалдығын кеңейтеді. Соның ішінде бағдарламаланатын механизмдер мен халықаралық есеп айырысулар енгізілуі ықтимал", – деді Федор Иванов.

Сарапшы цифрлық рубльді дамытудың келесі қадамы оны қоғамдық блокчейнге (Ethereum, TRON) шығару болатынын болжады. Сонда Ресейдің жаңа валютасының кеңінен қолжетімділігі және қолданылу аясын арттыру қамтамасыз етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу