Көрші ел жыл басында қатты ашығуы мүмкін

87

Сондықтан сарапшылар халыққа "жаңажылдық дастархандағы" астың қалдығын 9 қаңтарға дейін жеуге кеңес берді. 

Көрші ел жыл басында қатты ашығуы мүмкін Фото: РИА Новости

Ресей азаматтарының рекордтық саны қаржылық әл-ауқатының құлдырағанына шағымданды. Жыл соңы көрші елде тек мереке қарсаңындағы қарбаласпен ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген үреймен де есте қалатынға ұқсайды.

Қоғамдық пікірге жүргізілген зерттеу көрсеткендей, ресейліктер өздерінің қаржылық жағдайын бұрынғыдан да нашар бағалай бастады және жеке қаржылық ахуалының болашағына үлкен алаңдаушылықпен қарайды. Бұл туралы "Общественное мнение" қоры (ФОМ) жариялады.

Қаржылық жағдайының жұпыны екеніне және тұрмысының мүскін халге жеткеніне шағымданған Ресей азаматтарының үлесі биылғы жыл соңында 2022 жылдан бергі рекордтық деңгейге жетті. Сондай-ақ 2025 жылдың күзінде жүргізілген алдыңғы сауалнаманың қорытындысымен салыстырғанда өмірінен түңіле бастаған ресейліктердің саны 5 пайыздық пунктке көбейген.

Сонымен, ФОМ зерттеуі барысында РФ тұрғындарының көпшілігі бұрынғы әдетпен өзінің әл-ауқатын "орташа ғана" деп бағалады, бұлардың үлесі өзгерген жоқ – 57%. Алайда қаржылық жағдайын "жақсы" деп санайтындардың үлесі бір ғана ай ішінде 25%-дан 22%-ға дейін құлдырады. Жағдайын "нашар" деп бағалаған ресейліктердің үлесі керісінше, 16%-дан 18%-ға дейін өсті.

Сонымен қатар, әлеуметтік зерттеу жаға ұстатарлық тағы бір жайтты анықтады: келесі жылы тұрмысының нашарлауына дайындалып жатқан ресейліктердің саны 9 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті – 19% (2025 жылдың қыркүйегінде 14% болған). Оптимистердің сапында тек 25%-ы ғана қалды (күзгі сауалнамада 28% болған). 37%-ы өмірінің өзгеретініне сенбейді. Қалғандары нақты жауап бере алмады.

РФ Орталық банкі де халықтың жағдайы сын көтермейтінін жасырмады. Оның дәстүрлі шолуында жазылғандай, ресейлік тұтынушылар – байы да, кедейі де жаппай үнемдеуге көшті, олардың басым көпшілігі енді тауарларды акциялар мен жеңілдіктер кезінде сатып алады, өнімдердің арзанқол баламаларына жаппай ауысып жатыр және сауда орталықтарына сирек баратын болған.

"РФ сауда кәсіпорындарынан түскен ақпаратқа сәйкес, РФ тұрғындары өнімдердің көпшілігін тек акциялар, жаппай сатылымдар және жеңілдіктер жарияланғанда алуға көшті. Үй шаруашылықтары (отбасылар) үнемдеушілікке бейім бола бастады. Ел сұранысы тауарлардың бағасы төмен сегментіне ауысты", – деп назар аудартты РФ Орталық банкі.

2024 жылдың басынан бері тоқтаусыз төмендеп келе жатқан "нақты тұтынушылық шығыстар" биылғы шілде айынан бері нөлге дейін түсіп кетті (қазан айында тіпті теріс, минус мәнде болды), делінген СберИндекс дерегінде. Бұл ретте халықтың инфляциялық күтулері төмендеу орнына, керісінше, 2025 жылғы желтоқсанда 13,3%-дан 13,7%-ға дейін өсті. Бұл да көрші елдің көңіл-күйінен хабар береді.

Банк депозиттеріне бұрындары үздіксіз құйылған қаржылық ағын арнасы да кенеттен суала бастады. Бұқара мен бизнес шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыру және салықтарын төлеу үшін шоттарынан ақшасын қотарып алып, банктерден әкете бастады.

Салдарынан, ұзақ уақыттан бері алғаш рет банк депозиттерінен қаражаттың жаппай ағып кетуі тіркелуде. РФ Орталық банкінің мәліметінше, егер 2025 жылғы тамыз бен қыркүйек айларында жеке тұлғалардың банктердегі жинақтары айына 70 миллиард рубльге дейін ұлғайып отырса, ал, қараша айында рублдік депозиттердегі қаражат тосыннан әрі алапат қарқынмен кеми жөнелген, деп хабарлады РФ Орталық банкі.

Халықтың өз жинақтарын мұнша, рекордтық көлемде шешіп алуы 2022 жылдан бергі алғаш байқалып отыр. Ресми дерекке сәйкес, шоттардағы қаражат өткен бір айда ғана бірден 202 миллиард рубльге азайып кетті. Экономист Егор Сусин ағымдағы шоттардың босап қалуының бір себебін салық төлеумен байланыстырды.

The Moscow Times газетінің жазуынша, басқа әлеуметтік зерттеулер де ресейліктердің табысының кемігенін көрсетеді. РФ Орталық банктің тапсырысы бойынша "Қоғамдық пікір қоры" жүргізген сауалнама қорытындысы паш еткендей, ресейліктердің басым көпшілігі дүкен-базардағы қымбатшылықтың қарқыны жалақының кез келген өсуінен асып түседі деген сенімде.

Сауалнама кезінде респонденттерден "табыстарының өсуін бағалардың өсуімен салыстыру" сұралған. Бұл сұраққа берілген ең танымал жауаптар "табыс өскен жоқ, тек бағалар өсті" (41%) және "табыс бағаларға қарағанда баяу өсуде" (38%) болып келеді.

Солтүстік көршіде туындаған "зар заманның" бір жарқын нышаны –ресейлік экономистің жаңажылдық салаттарды бір апта бойы шайнап күн көру, сол арқылы 2 000 рублді үнемдеу туралы кеңесі болды. Бұл енді ресейліктер үшін жырқ-жырқ күлетін әзіл-әжуа немесе әпенділік емес, керісінше, қаңтар айынан аман шығудың прагматикалық стратегиясы сияқты естіледі.

Gazeta.Ru-ға сұхбатында ресейлік экономист Михаил Тегин отбасылық бюджетті оңтайландырудың осындай тосын тәсілін бөлісті. Оның ақылына сәйкес, егер ресейліктер 9 қаңтарға дейін тек "жаңажылдық дастархандағы" астың қалдығын жеп, күн көрсе және осы күндері жаңа тамақ алмаса, өздері де дайындамаса, онда бірнеше мың рубль үнемдей алады.

"Жаңа жыл мерекесі қарсаңында дастархан жаю үшін сатып алынатын стандартты азық-түлік жиынтығының орташа құны 8 000-нан 10 000 рубльге дейін барады. Егер осындай шығыстардан кейін РФ тұрғындары жаңа тағам әзірлеу орнына, мерекеге дайындағанын ғана жеумен қанағаттанса, онда теория жүзінде шамамен 2 мың рубль үнемдей алады. Үнемделген қаражатты ақпан айындағы шығындарға қалдыруға немесе қаңтар айынағы шұғыл қажеттіліктерге жұмсауға болады", – деп ақыл айтты ресейлік сарапшы.

Тегин жаңа жылдың алғашқы айында ресейліктер жалақысын толық көлемде алмайтынын, себебі, жұмыс күндерінің аздығына байланысты (Ресей 2026 жылғы 12 қаңтарға дейін демалады) айлық та жарым-жартылай азайып қалатынын еске салды. Демек, тойлаудан қалған тамақты тоғызына дейін жеу – сараңдықтың көрінісі емес, Ресейдегі жаңаша өмірдің жаңа философиясы болса керек.

Оның үстіне Ресейде "жаңажылдық азық-түліктің" бағасы рекордтық көлемде өсіп кетті. "РИА Новости" "Эвотор" компаниясының мамандарына сілтеме жасап, бұл тауарлар орта есеппен 11%-ға қымбаттағанын жеткізді. Жаңажылдық азық-түлік себеті құнының ең жоғары өсуі Челябі облысында (өткен жылмен салыстырғанда +39%), Мәскеуде (+26%), Петерборда (+14%) және басқа аймақтарда тіркелді.

Бұдан бөлек, тіпті үлде мен бүлдеген бөленіп келген Мәскеу тұрғындары да тарығуда. Әлеуметтік зерттеу қорытындысында әрбір үшінші мәскеулік (38%-ы) жаңажылдық дастарғанға 5 000 немесе 10 000 рубльден (шамамен 64 000 теңгеден) артық жұмсамауды жоспарлап отыр. Мәскеуліктердің 82%-ы символдық ас ретінде тек "Оливье" (82%) және "Сельдь под шубой" салатымен (62%) шектелуге ниетті.

"Общественная Служба Новостей" арнасына сұхбатында РФ Тұтынушылар одағының төрағасы Алексей Койтов ресейліктердің бұрын-соңды ешқашан жасамаған қадамға баруға мәжбүр екенін – жаңажылдық көлкөсір ысыраптан бас тартып жатқанын мәлім етті. Нәтижесінде, ресейлік отбасылардың дастарханынан биыл уылдырық пен деликатестер шығып қалды.

"Ресейде жаңажылдық дастарханды жоспарлауға қатысты өткен ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрлі тәсіл елдегі қиын экономикалық жағдайға байланысты өзгеріске түсіп жатыр. Тұтынушылар көрпесіне қарай көсіліп, саналы бола бастады. Біразы тіпті "Жаңа жыл" мерекесін кең ауқымда, мейрамханада атап өтуден бас тартқан. Бірнеше отбасы мен көрші бірігіп өткізетін дәстүр пайда болды. Отбасылық мерекелік үстелде шетелдік қымбат тағамдардың орнын отандық аналогтары басты. Өйткені пандемия, соғыстың басталуы, экономикалық күйзеліс пен санкциялар салдарынан ресейліктер жаңа өмір шынайылығына тап болды. Мұны халық түсінеді және осының бәрі әрине, ресейліктердің той тойлау тәсіліне табиғи түрде әсер етті", – деді Алексей Койтов.

Сарапшы ресейліктердің жаппай үнемдеуге көшуінің бір айқын мысалын алға тартты: кеңес заманынан бері бұл мейрамның маңызды әрі ажырамас атрибуты болып саналған қызыл уылдырық қазіргі кезде "Жаңа жыл" мерекесі қарсаңында көп көлемде өтпейтінді шығарды. Өйткені оның бағасы 1 келісі үшін 10 000 рубльден басталады.

Ал, ресейліктердің басым көпшілігі жаңажылдық үстелді толтыруға бұдан аз сома бөлді, тиісінше, мерекелік бюджетті тұтасымен "жұтып" қоятын қызыл уылдырықтан көптеген отбасы бас тартуға мәжбүр.

РФ Тұтынушылар одағының төрағасы ресейліктер әлгінде айтылған сүйікті салаттарының құрамын да өзгертіп жатқанын, қымбат ингредиенттерін арзанымен ауыстыратынын, мысалы, майшабақ-сельдті – шпротпен өзгертетінін, шұжықтың арзанқолын таңдайтынын қосты. Осылайша, дәстүрді де бұзбайды, отбасылық бюджетті де елеулі үнемдейді, дейді Койтов.

"Мереке кезіндегі негізгі шығындар мерекелік дастарханмен байланысты екені белгілі. Бұрын ресейліктер барлық қонақтарын тамсандырып, тәнті ету үшін қызыл уылдырықты, басқа да импорттық деликатестерді сатып алуға тырысатын. Ол салт өткеннің еншісінде қала бастады. Бүгінде мұндай қымбат "ләззатты" екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Экзотикалық жемістерді сатып алып, дастарханның көркін ашу дәстүрі де өзектілігін жоюда. Көптеген ресейліктер дәстүрлі жаңажылдық салаттармен, арақ-шараппен, арзан көкөністермен және жемістермен шектелді", – деп жазды ресейлік "Рефинанс" қаржылық сауаттылық порталы.

Бірақ көршіні ысырапшылдықтан арылуға қаржылық сауаттылық пен адамгершілік саналылық емес, жоқшылық пен дағдарыс итермелеп отырғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу