Көрші елде 1 аптадан кейін шетел сөздерін қолдануға тыйым салынады

540

​Ресейде жұмыс істейтін қазақстандық бизнеске құлаққағыс.

Көрші елде 1 аптадан кейін шетел сөздерін қолдануға тыйым салынады Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Бұл рас па сонда?

Зияткерлік меншік жөніндегі заңгер Алексей Башук куәландырады. Иә, мұндай заң бар, ол қабылданды және барлық кәсіпкерлерге қатысты қолданылады. Әңгіме 2026 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енетін №468229-8 заңы туралы болып отыр. Бұл өзгеріс РФ-та қызметін жүргізетін және өнімін өткізетін қазақстандық бизнес үшін де маңызды.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың жазында Мемлекеттік Дума шет тілінен енген сөздерді шектеу туралы арнайы заң қабылдаған болатын. Заң шығарушылардың пайымынша, бұл шара орыс тілінің мәдени бірегейлігін қорғауға және оның англицизмдермен шектен тыс шұбарлануына тосқауыл қоюға бағытталған.

Мысалы, олардың нұсқауынша, "маркет", "sale", "shop" секілді атаулардың орнына "рынок", "распродажа", "магазин" деп жазылып тұруға тиіс.

"Ресей нарығы, өзге елдердегідей, соңғы онжылдықтарда өмірдің түрлі салаларына шетелдік сөздердің дендей енуіне қатысты сын-қатермен бетпе-бет келді. Зерттеулерге сүйенсек, РФ-тағы жарнамалық материалдардың 40%-дан көбінде жатжұрттық сөздер өріп жүр. Бұл халықтың белгілі бір бөлігінің ақпаратты түсінуін қиындатты. Салдарынан, жарнамалық науқандардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Жаңа заң шешуге тиіс мәселе көпқырлы. Мәселен, англицизмдерді шектен тыс қолдану мәдени бірегейлікке қауіп төндіріп, орысша баламалардың танымалдығын азайтады", – деп мәлімдеді РБК-ға CAF Group компаниясының негізін қалаушы Наталья Халаманова.

Оның тағы бір уәжі: "адал емес компаниялар элиталы немесе инновациялы сипат беріп, жалған әсер қалыптастыру үшін шетелдік сөздерді қолданып, тұтынушыларды жаңылыстырады". Қисын-логикасы түсінікті: "Premium Residence" деген атау "Жоғары жайлылықтағы тұрғын үй" дегеннен гөрі қымбатырақ естілетіні шын.

Ресей Ғылым академиясының 4 нормативтік сөздігінің кемінде біреуінде кездеспейтін кез келген сөз "шетелдік" деп танылады. Сөздің латынша не кириллицада жазылғаны маңызды емес. Егер сөздікте жоқ болса – ол Ресейге жат сөз. Ал бұл сөздіктер – жалпы көлемі шамамен 10 мың бетті құрайтын 4 "талмуд".

"Латын қарпімен (латиницада) жазылғанның бәрі де енді РФ-та бірден шетелдік сөз болып саналады және тыйым салынады. Сөз орысша жазылса да оны сөздіктен тексеру қажет. Егер болмаса, онда орысша жазылса да тыйым салынады. Компанияның не тауардың атауы шет тілде болса, не ойдан құрастырылған сөз болса – оның рұқсат етілген тізімде болуы екіталай", – деп ескертті заңгер Алексей Башук.

Шетелдік сөздерді қай жерде қолдануға болмайды? Кәсіпкерлер мен компанияларға іс жүзінде барлық жерде жат сөздерді пайдалануына рұқсат етілмейді. Шетелдік сөздерді маңдайшаларда, онлайн және офлайн жарнамада, сайттарда, тауарлар мен қызметтердің сипаттамаларында, заттаңбасында, маркетплейстерде және тағы басқа алаңдарда еш қолдануына болмайды.

Ал, қарапайым адамдарға күнделікті ауызекі сөйлеуде пайдалануына рұқсат. Авторларға өз шығармаларында – әзірге рұқсат. Тыйым тек бизнеске қатысты. Бірақ заңгер алда бұл "қате" де түзетіліп қалар дейді.

Заң бұзғаны үшін айыппұл қандай?

Бұл шетелдік сөздің қай жерде және қалай қолданылғанына байланысты. Айыппұлдар сараланған. Тұтынушыларға арналған ақпаратта (нұсқаулықтар, сипаттамалар және тағы басқасында) қолданылғаны үшін – РФ ӘҚБтК-нің 14.8-бабына сәйкес 10 мың рубльге дейін айыппұлмен жазаланады. Жауапкершілігі жеңілдеу.

Жарнамада қолданылғаны үшін – 14.3-бап бойынша 100 мыңнан 500 мың рубльге дейін айыппұл арқалайды. Қиыны сол, "жарнама" мен "ақпараттың" ара-жігі солтүстік көршінің құқық қолдану тәжірибесінде ажыратылмаған.

Неғұрлым ауыр жағдайларда, әсіресе қайталанған бұзушылықтар кезінде (қайта-қайта шет тіл сөздерін пайдалана берсе), ол компанияның қызметі уақытша тоқтатылуы да мүмкін.

Тіл заңының дұрыс орындалуына бақылауды тек Федералдық антимонополиялық қызмет пен прокуратура ғана емес, сонымен қатар, "Роскомнадзор" жүзеге асырады. Демек, бұл сайттардың, басылымдардың, онлайн-ресурстар мен медиаплатформалардың бұғатталуы қаупін арттырады деген сөз.

"Жарнама" мен "тұтынушыларға арналған ақпараттың" арасындағы шекара өте көмескі. Сондай-ақ, бұзушылықтардың саны қалай есептелетіні, айыппұлдар қалай салынатыны да түсініксіз қалып тұр. Егер компания сайтынан көптеген шетелдік сөз табылса, бір бақылаушы ол үшін 1 ғана айыппұл салуы мүмкін. Немесе басқа бір бақылаушы әрбір жат сөз үшін жеке-жеке айыппұл жазуы ғажап емес. Заң екеуіне де тыйым салмайды. Қалай болатынын тәжірибе көрсетеді", – дейді зияткерлік меншік жөніндегі ресейлік заңгер Алексей Башук.

Мәселен, "Туалет" орнына "WC", "Выход" орнына "Exit" белгісі қалып қойса, оған қатысты құзырлы органдарға тек клиенттер немесе кездейсоқ куә болған адамдар ғана емес, бақталастар да шағым түсіре алады.

Заңдағы рұқсат етілген жағдайлар

Жеңілдіктер екеу ғана:

Егер шет тілден кірген сөздің қасында аудармасы көрсетілсе, қолдануға болады: мысалы, "Выход/Exit";

Егер шетелдік сөз тауар белгісі немесе фирмалық атау ретінде ресми тіркелген болса (мысалы, "Фа" немесе "Уайлдберриз"), онда оны аудармасыз қолдануға рұқсат.

Click.ru компаниясы сарапшыларының мәліметінше, енді Ресейде "beauty", "kids club", "sale", "dent", "casual", "стрипсы" секілді сөздер тыйымға ілігеді.

"Happy weekend", "Sale-фест", "Beauty day" тәрізді акциялар мен іс-шара атауларына да шектеу қойылады. Сонымен қатар, заңгерлер "Customer service", "Beauty-мастер" сияқты тіркестерден аулақ болуға кеңес береді.

Тіпті "VIP" секілді үйреншікті қысқартулар да тыйымға ұшырауы ықтимал. Оларды не алып тастау, не "очень важные персоны" деп аудару қажет болады. Формалды түрде бұл жағы толық реттелмеген. Тексерушілер өз білгенінше, білім-білігіне, адал-қаталдығына қарай түсіндіріп, қолданады.

Сонымен, егер Ресейде кез келген шет тілдерден кірген сөздер әлгінде аталған сөздіктерде болмаса және көпшілік көре алатын жерде жазылса, ол іс қозғауға себеп болады. Жұртшылық көре алатын жерлерге келесілер де жатады:

сыртқы жарнама;

сайттар;

промо-парақшалар мен таратылымдар;

әлеуметтік желілердегі хабарландырулар;

кең аудитория көретін ұсыныстар, акция мәтіндері және өзге де материалдар;

бейнероликтер, баннерлер, креативтер;

әлеуметтік желілердегі аккаунттар;

маңдайшалар мен полиграфиялық өнімдер;

маркетплейстер мен ұялы қосымшалар;

нұсқаулықтар, қаптамалар, қораптар және тағы басқалар.

Қазірдің өзінде "онлайн-базарлар" модерацияны күшейтіп, сатушыларды тауарының сипаттамаларын, техникалық мәліметтерін қайта жазуға мәжбүрледі. Өндірушілер болса, өз өнімінің қаптамалары мен жапсырмаларын талаптарға сай өзгертуге кірісіпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу