Көрші елде 90-шы жылдардағы сияқты жаппай жалақыны кешіктіру басталды

86

Оның ар жағында тек еңбекақы орнына қымбаттатылған тауар беру, бартер ғана қалды.

Көрші елде 90-шы жылдардағы сияқты жаппай жалақыны кешіктіру басталды Фото: canva

Бұл туралы ресми мәліметтерге сілтеме жасап, ресейлік "Известия" газеті хабарлады.

2025 жылдың басынан бері "Роструд" (РФ Еңбек және жұмыспен қамту федералдық қызметі) мекемесіне ресейліктерден жұмыс берушісінің жалақысын төлемей жатқаны туралы 26 мыңнан астам шағым түскен.

Ресейлік сарапшылар 26 мың шағымның ар жағында ондаған, тіпті жүздеген мың адам тұруы мүмкін екенін қаперге салады, өйткені шағымдардың үлкен бір бөлігі ұжымдық-коллективтік сипатта болып келеді.

Сонымен қатар, ресейлік газет бұл жерде тек "Рострудтың" "Онлайн-инспекция" порталына түскен электронды өтініштер ғана есепке алынып отырғанын нақтылады. Қағаз күйінде хатпен жолданғаны да көп болуы мүмкін. Олар туралы статистика кейін жариялануға тиіс.

Бұл ретте жалақының төленбеуіне қатысты арыздар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда бірден 1,6 есеге немесе 11 мың шағымға көбейіп шыға келді.

Ақпарат құралдары тағы бір жайтқа назар аудартты. Еңбек қатынастарын реттеуге жауапты осы мекемеге келіп түскен барлық электронды өтініштердің жалпы көлемінің енді 37%-ын – тек еңбекақының берілмей жатқаны туралы арыздар ғана құрайды.

Яғни, "Роструд" бүкіл ресурсының жартысына жуығын жалғыз осы проблеманы шешуге бағыттауға мәжбүр. Былтыр да бұл сала тарихи рекорд орнатқан. Жалпы өтініштер санының 31%-ы осы бір сұраққа ғана тиесілі болыпты.

Бұрындары ресейліктердің жұмыстан заңсыз шығаруға қатысты наразы өтініштері бірінші орында тұрса, енді жалақының төленбеуіне қатысты арыздар проблемалар арасында үстем болды. Жалпы алғанда, жыл басынан бері аталған ведомствоға ресейліктер түрлі тақырыптағы 70 мың жеке және ұжымдық өтініш жолдаған екен. Бұл да 2024 жылға қарағанда 1,5 есе көп.

Еңбек келісімшартын заңсыз бұзуға қатысты шағымдардың үлесі былтырғы 33%-дан биыл 31%-ға дейін азайғанымен, абсолютті санда олардың да саны үштен бірге – 22 мың шағымға дейін өскен екен.

Freedom Finance Global жетекші аналитигі Наталья Мильчакова журналистерге сұхбатында шағымдардың алапат ауқымға жетуіне жалақы бойынша ресейлік бизнестің берешегінің қатты өсуі серпін бергенін мәлім етті.

"Росстаттың" ресми дерегінше, соңғы жылда РФ-та еңбекақы төлеу бойынша мерзімінен көп кешіктірілген қарыздың көлемі 2 еседен астамға ұлғайды. Қазан айының қорытындысында 2,2 миллиард рубльді құраған.

Жалақы бойынша берешек бір ғана ай ішінде 11%-ға өсті. "Финам" экономисі Ольга Беленькаяның байламынша, қазіргі деңгей тіпті пандемия және карантин кесірінен бизнес жаппай дағдарған, шекаралар тарс жабылған 2020 жылғыдан да нашар болып отыр.

Оның үстіне бұл тек – құзырлы органдарға белгілі болған деректер ғана. Көптеген жұмыс беруші ұжымын "күнде ертеңмен" шығарып салып, уәдеге тойдырады, жауапты ведомстволарға шағымданбауға үгіттейді. Содан қуғын-сүргінге ілігіп, мүлдем жұмыссыз қалудан, жалақы берешегін алудан толық қағылудан қорыққан миллиондаған жұмысшы қуынбайды, үнсіз шыдап, күтумен күндерін өткізеді.

Ресми мәлімет бойынша жалақы қарызының жалпы ауқымының үштен бірінен астамы – 36%-ы бір ғана құрылыс саласының еншісінде. Ақпарат құралдарының жазуынша, ресейлік құрылыс биыл тарихта болмаған ауыр күйзелісті өткеруде, қолданыстағы құрылыстардың біразы тоқтады, салушылар жаңа жобалар мен инвестициялардан негізінен бас тартты.

Сондай-ақ, пайдалы қазбалар өндіруші ірі бизнес те еңбекақыда қомақты қарыз қордалады. Жалпы көлемнің 25%-ға жуығы соның "қанжығасында". Себебі, Батыстың санкциясына іліккен ресейлік металлургия, көмір өндірісі өз өнімін лайықты бағаға өткізетін нарық таппай, дағдарысқа ұшырады.

Олар санкциялық тыйымдарды айналып өтуге тырысуда. Бұл үшін "жабық" нарықтарға өзге елдердегі делдалдар арқылы шығады. Бірақ соның кесірінен жеткізілім тізбегі ұзады, тапқан табысы шотына тікелей құйылмайды, айналма жолдармен айлап, кейде жылдап жетеді.

Кез келген елдің тәуелсіздігін нығайтатын сала – өңдеуші өнеркәсіптің жағдайы да қиын көрінеді: "жалақы борышының" ауыр жүгінің шамамен 21%-ы соның иығын езуде.

"Мұның бәрінің себебі белгілі. Аталған салалардағы көптеген компания ұзын өндірістік циклдармен жұмыс істейді және бүгінде контрагенттерден алатын төлемдерінің тұрақты түрде кешігуіне тап болды. Сонымен бір мезгілде Орталық банктің жоғары есептік ставкасы кесірінен банктер беретін кредиттердің сыйақысы өсуде. Бұл банкрот не дефолт болмау үшін ресейлік компанияларды қолына түскен қаражаттарды басымдықты түрде несиелеріне қызмет көрсетуге қайта бағдарлауға мәжбүр етті", – деп түсіндірді AMarkets жетекші аналитигі Игорь Расторгуев.

Ол Ресейде қордаланған бүкіл берешектің 78%-ға жуығы дәл осы 2025 жылы жинақталғанын жеткізді. Ендеше дағдарыс биыл күшейген.

"Бір жыл ішінде жалақысыз қалған қызметкерлердің саны екі еселенген. Алайда бұл деректерде шетінен жабылып қалып жатқан шағын бизнес кәсіпорындарының мәліметтері көрініс таппады. Оларда жалақы қарызына қатысты ахуал барынша күрделі", – деді "Финам" экономисі Ольга Беленькая.

Moscow Times дерегінше, Ресей Тәуелсіз кәсіподақтары федерациясы (ФНПР) да елде жасырын жұмыссыздық проблемасы ушыққанын, жалақы бойынша борыштың алапат қарқынмен шығандап бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Бұл федерацияға кіретін ұйымдарға жүргізілген мониторинг көрсеткендей, 1 ғана ай ішінде берешек 25%-ға – 1,7 млрд рубльге өсіп кеткен. Сондай-ақ, ресейлік жұмыс берушілер статистиканы бүлдіріп, құзырлы органдардың қырына ілікпеу үшін жұмысшыларын жаппай босатпайды, оның орнына оларды белгісіз мерзімге ақысы төленбейтін демалысқа жібереді, жалақысын күрт құлдыратып, өз бетімен жұмыстан кетуге мәжбүрлейді.

Мүмкіндігі болса, 4, тіпті 3 күндік жұмыс аптасына көшіріп, еңбекақыны осы күндерге ғана төлейді. Салдарынан, "жасырын жұмыссыздыққа" душар болған ресейлік жұмысшылар саны да былтырғыдан бері 1,5 есеге артыпты.

Өз кезегінде РФ Орталық банкі кредитін төлеуге қауқарсыз жағдайға душар болған ресейлік компаниялардың үлесі рекордтық көлемге жеткенін хабарлады. Ресейде компания-кәсіпорындардың төрттен бірі несие бойынша төлемін төлеуді доғарған. 2023 жылмен салыстырғанда, банкроттық алдындағы компаниялар саны 2 есеге көбейді.

Сарапшы Наталья Мильчакованың түсіндіруінше, егер жалақыны көп кешіктіре берсе, ұжым алдымен сотқа дейінгі реттеуге қол жеткізуге, онда да мәселе шешілмесе – жұмыс берушіні банкроттау процедурасына бастамашы болуға құқылы. Бұл тетікті іске қосқандар бар көрінеді.

Ресейлік журналист Милана Гаджиеваның жазуынша, заңнама бойынша Ресейде егер компания жалақыны 3 айдан көпке кешіктірсе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұрын жұмыс берушілер бұдан қорқатын. Енді күйзеліс күш алғалы қылмыстық қудалау да тегеурінді, тежеуші тетік болудан қалып барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу