Әдеттегідей, бәрі келіп рубльге тіреледі. Ресейдің азық-түлік сөрелеріндегі бағалар атқа мінгендей шауып барады.
Содан Рунет әп-сәтте видеоларға толды, ресейліктер дүкен сөрелеріндегі жаңа сандарға бірде таңырқай, бірде ашулана, бірде мұңая, тіпті кейде көз жасына ерік бере қарайды. Олардың мәліметінше, бағалар жыл басталғалы бірнеше рет ауысып үлгерген, әрдайым бір ғана бағытта, яғни, жоғары қарай өзгереді. Мәскеуде тұратын әйел өзі сүйсіне жейтін қораптағы шоколадтың 12 мың рубльге (шамамен 80 мың теңгеге) бір-ақ секіргенін көріп, дүкен ортасында байбалам салды.
Бұл "қызық-шыжықтың" басты себебі 2026 жылдың басында ҚҚС-ты 20%-дан 22%-ға күрт көтеру туралы шешім болды. Ресей Банкі өзінің "О чем говорят тренды" бюллетенінде сыпайы тілмен тоқталып өткендей, тұтыну бағаларының жедел өсуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі дәл осы ҚҚС болды.
"Бұл жағдай барлық нарық үшін алаңдатарлық сигналға айналды. Сондай-ақ, ол азаматтар мен бизнестің инфляциялық күтулерінің жоғары деңгейде сақталуына соқтыруы мүмкін. ҚҚС мөлшерлемесінің өсу әсері бірнеше аймен шектелмейді, орта мерзімді кезеңге созылуы ықтимал. Мұндай жағдай ішкі нарықта инфляцияның төмендеуін баяулатуы мүмкін", – деп мәлімдеді РФ Орталық банкі.
Реттеуші инфляцияның ұзын әрі аса инерциялық "құйрығы" пайда болғанын да мойындайды. 2026 жылдың басында салықтар мен тарифтердің күрт өсуіне деген бағалардың реакциясы "инерциялық инфляциялық құйрық" (инерционный инфляционный "хвост") дегенді қалыптастырыпты. Қаңтардағы тауарлар мен қызметтер бағасының секірісі өздігінен жоғалып кетпейді – ол инфляцияны кейінгі айларда да жоғары қарай сүйрей береді, дейді көршінің бас банкі. Бюрократиялық тілден тәржімалағанда, бұл – бағалар енді кері шегінбейді деген сөз.
Сонымен қатар реттеушінің өзі де: "Ресейдегі қуатты, тұрақты инфляциялық қысым ешқайда кеткен жоқ, ал инфляциялық күтулер әлі де жоғары деңгейде" деп ашығын жазып отыр.
Орталық банк тұрақтылық туралы армандап жүргенде, шынайы өмір ресейлік қоғамға ащы есебін ұсынды: қаңтардың алғашқы күндерінің өзінде-ақ тұтыну бағаларының өсу қарқыны алапат үдей түсті. Жаңа жылдық демалыс кезінде Ресейдегі инфляция 1,26%-ға жетті, ал, 19 қаңтарға қарай өсім 1,72%-ды құрады, яғни жылдық (!) жоспардың үштен бірін бірнеше күнде-ақ "тауысып" тастады.
Осы жағдайда зейнетақылар мен жәрдемақылардың көтерілуі де ресейліктерді аса бақытты ете қоймады. Ресей Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми ақпарат институтының (ИНИОН РАН) жетекші ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Сергей Смирнов "табыстардың жіктелуі күшейіп бара жатқанын" мәлімдеді.
Қарапайым тілде бұл кедейлер мен байлар арасындағы құздың бұрынғыдан да тереңдей, алшақтай түскенін білдіреді.
"Көптеген танымал тауарлардың және қызметтердің бағасы инфляциядан да жылдам өсуде: күнделікті шығындар зейнетақыға, жәрдемақыға, жалақыға қосылған кез келген үстемені картаға түспей жатып-ақ "жеп" қояды. Мысал ретінде картопты алуға болады. Росстаттың бағалауынша, осы өнімге қатысты халықтың сатып алу қабілеті бір жылда 28,2%-ға құлдыраған! Ал, автокөлік сияқты қымбат тауарларды сатып алу – ресейліктер үшін тіпті жан ауруына айналды", – деп жазды "Новые Известия".
2026 жылдың қаңтарында жаңа жеңіл автомобильдер сатылымы жылдық есепте 9,5-16%-ға төмендеп, 75,6-80,6 мың данаға дейін қысқарды. Себептері түсінікті, шешуші ставканың жоғарылығы, автонесиелеу шарттарының қатайтылуы, утиль алымның және ҚҚС-тың қатар өсуі. Импортты алмастыру жайындағы елдің құлағын тұндырған ұрандарға қарамастан, LADA сатылымы үштен бірге жуық құлады (қаңтарда 28,7%-ға төмендеді), қытайлық брендтер сатылымы – екі есеге жуық құлдырады, деп хабарлайды Фонтанка.ru. 2026 жылдың қаңтарында шетелдік автокөліктер импорты да 25%-ға төмендеді.
Жалпы, утиль алымның үздіксіз өсуіне байланысты 2025 жылдың қаңтар-қарашасында РФ-те бар болғаны 1,19 млн жаңа автокөлік сатып алынған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда бірден 18%-ға аз.
Ресейлік ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор Игорь Липсиц ресейліктердің күнделікті "жан бағу философиясының" өзгергенін тіркеді. РФ-тегі халықтың жаңа кредоны "Тарта жесең тай қалады" ("Есть надо меньше, меньше надо есть!") дегенге саяды. Ритейлерлер бұл ұстанымды қолдап отыр.
"Ресейліктердің сатып алу қабілетінің төмендеуін байқап, сауда желілері тауар ассортиментін қысқартты. Желілер сатылымдардың баяулауы, табыстардың төмендеуі және сауда алаңдарының азаюы аясында азық-түлік қатарын "оңтайландырып" жатыр. Nielsen компаниясының 180-нен астам сауда желісін қамтыған зерттеуінде бұл құбылыстың тіпті сүт өнімдеріне де әсер еткені көрсетілген. Сарапшылар омниканалдық сауданың да баяулағанын және барлық санат бойынша ассортименттің қысқарғанын тіркеді", – дейді профессор.
Ресейдің сауда желілері енді "алуантүрлілік ойынын" ойнамайды. Олар табысын есептеп, тек кепілді түрде өтетін тауарларды ғана сөреге қояды. Екі апта ішінде саудасы жүрмесе, ондай тауарды сөреден сүріп тастайды және енді кері жібермейді.
"Сауда желілері дүкендерінің табыстылығын ойлап, ақшаны санауға көшті. Сатып алушылар енді көптеген стеллаждардың алдынан желіп өте шығады. Сондықтан шын мәнінде жаппай сатылатын тауарларды ғана ұсынады", – деді Пискарев сүт зауыты бас директорының орынбасары Георгий Житмарев.
Ол өз кәсіпорнының жаңа үрдіске біраздан көшіп алғанын және тек ең кең сұранысқа ие өнімдерді қалдырғанын жеткізді. Қалғанының бәрі өндірістен алып тасталған.
"Ассортименттің қысқаруы азық-түлік тауарларының барлық дерлік түрін қамтыды. Қазіргі кезде тұтынушы үшін үлкен таңдау қажет емес, оған ең бастысы – қолжетімді баға", – деді INFOLine компаниясының өкілі Иван Федяков.
Сарапшылар бұрынғы жылдардағы тауарлардың кең таңдауы мен алуантүрлілігі тек премиум сегмент пен онлайн-саудада ғана сақталады деп болжайды. Ал, жаппай офлайн-ритейлде әр өнім санатында екі-үш нұсқадан ғана қалатын түрі бар.
Биыл бұл жиынтық 8 724 рубльге түсіпті, ал, 2021 жылдың қаңтарында ол 5 639 рубль болған, 2019 жылы 4 897 рубль тұрған. Яғни, бұл жеке тұтыну себеті ресми инфляциядан әлдеқайда жылдам қымбаттауда.
Росстат деректері де жылдың басында азық-түлік бағасының күрт өскенін көрсетеді: 26 қаңтарға қарай олар шамамен 2,3%-ға артқан.
"Бағаның өсуі сатып алушылардың дүкендегі мінез-құлқына да қатты әсер етіп жатқан сияқты. Мәскеудегі "Перекрёсток" дүкенінің қызметкері "Жаңа жылдан" кейін көптеген тауарлардың қымбаттағанын баяндады. Оның сөзінше, көкөністер мен ет өнімдері нашар сатыла бастады. Жарамдылық мерзімі өткені, бұзылып кеткені үшін есептен шығару көбейген. Мұны ол сатып алушылардың үнемдеуге көшкенімен байланыстырады", – деп жазды ресейлік экономикалық шолушы Ярослава Кирюхина.
Инфляция ресейліктер үшін басты "мазасыздық қайнарына" айналды. Мұны "Левада-Центр" сауалнамасына қатысқандардың 59%-ы мойындаған. ВЦИОМ-ның инфляцияны қабылдау индексі де осыған ұқсас динамиканы көрсетті.
Қарапайым азаматтарға дүкен сөрелеріндегі баға жапсырмаларының қозғалысын тұнжырай, қабақ түйе бақылаудан басқа амал қалмай тұр. Бағалар болса, калейдоскоптай жылдамдықпен ауысып жатыр, сатып алушылар жаңа сандарға үйреніп үлгермей жатып, тауарлар құны жаңа асқар асуларды бағындыруда.