Көрші елде билік басына әйелдер келіп жатыр

163

Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елде абыр-сабырлы сайлау аяқталды.

Көрші елде билік басына әйелдер келіп жатыр Фото: kg.akipress.org

Қырғызстанда парламенттік сайлау алғаш рет жаңа жүйе бойынша өткізілді. Жаңа жүйеге тезірек өмірге жолдама беру үшін Жоғорку Кеңеш биылғы жазда өзін-өзі таратып жіберген болатын.

Мерзімінен бұрынғы парламенттік дода қорытындысы депутаттық корпус құрамына елеулі ықпал еткелі тұр. Нақтылағанда, жергілікті сарапшылардың мәліметінше, азат Қырғызстанның тарихында тұңғыш рет бір палаталы Парламентте әйелдердің үлесі артып отыр.

Сондай-ақ, алғаш рет "партиялық тізіммен сайланған" деп аталатын, іс жүзінде өзін халық тікелей сайламаған, тек жеңімпаз партия өз тізімі бойынша таратқан мандатты кулуарлы түрде иеленген бірде бір кездейсоқ депутат жаңа Парламентте болмайды. Қырғыздың жаңа заң шығарушы органы толығымен тікелей әрі жеке сайланған бір мандатты депутаттардан ғана құралады, деп жазды жергілікті саяси шолушы Екатерина Хван.

Қырғыз Республикасында кезектен тыс парламенттік сайлау 30 қарашада өтті. Жаңа сайлау жүйесімен ұйымдастырылған сайыстың алдын ала қорытындылары енді ғана белгілі болуда.

"Аса маңызды өзгерістердің бірі – партиялық тізіммен сайлаудан бас тарту болды. Екіншіден, Парламенттегі әйелдердің саны күрт өсіп отыр. Қырғызстанның бір палаталы Парламентінде жалпы саны 90 депутат болады. Бұрын елдегі 36 округтің әрқайсысынан 1 депутаттан сайланатын. Қалған 56 депутаттық орынды жеңіске жеткен партиялар өз тізімі бойынша қалағанынша үлестірілетін. Ол бөліске сайлаушылар араласа алмайды. Сондықтан "ҚР Президенті мен Жоғорку Кеңеш депутаттарын сайлау туралы" заңға өзгерістер енгізілді", – деп түсіндірді германиялық жетекші Deutsche Welle басылымы.

Ел Президенті Садыр Жапаров елдегі демократияны күшейтетін бұл заңға 2025 жылғы маусымда қол қойды. Бетбұрыс аясында Қырғызстан бойынша жалпы саны 30 көпмандатты округ құрылды. Оның әрқайсысы 3 депутаттан сайлады.

Жаңа заң талабы бойынша ол үшеудің кем дегенде біреуі міндетті түрде әйел болуға тиіс. Осылайша, сайлаудың түпкілікті қорытындылары жарияланғанда ел Парламентіндегі орындардың жартысына дейінгісін нәзік болмыс иелері иеленгелі тұр.

Ақпарат құралдары мұның тәуелсіз Қырғызстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның тарихындағы теңдесі жоқ ең жоғарғы көрсеткіш екенін жазуда. Салыстырсақ, Парламенттің ресми сайтында көрсетілгендей, Қазақстанның қазіргі 8-ші сайланымдағы Мәжілісінде әйелдердің үлесі – 18,4%, көпшілікті немесе 81,6%-ын ерлер құрайды.

Бішкектегі Әлемдік саясат институтының директоры Шерәділ Бақтығұловтың байламынша, депутаттық мандаттағы әйелдердің басым квотасын қамтамасыз ету жаңа депутаттық корпустың жұмыс сапасына да, қабылдайтын шешіміне де міндетті түрде ықпал етеді. Ол оң әлде теріс нәтиже бере ме, уақыт көрсетеді.

Дегенмен, сарапшы оптимист: өйткені алдыңғы VII және бұрынғы шақырылымдағы парламенттерде әйелдер жағымды рөл атқарды, өнімділігін паш етті.

"Олар бос даурықпа-дауға бой ұрмады, Үкіметтің кейбір қырсыз, қажетсіз бастамаларына лайықты, сарабдал қарсы дәйектемелерін келтіріп, абыройлы пікір таластырды. Сынаумен шектелмей, төл бастамаларын белсенді ілгерілетті. Қырғызстан тарихында қос палаталы Парламент те болған, сонда депутаттық корпуста бірде бір әйел болмап еді! Соңыра тек бір кандидат ханым ғана сот арқылы депутаттық мандатына қол жеткізе алды және Парламент құрамындағы жалғыз айым болды. Бұл көне патриархалдық қауымға оралғандай бір ұят кезең еді", – деп еске салады институт басшысы.

Қырғызстандағы Әйелдердің заңнамалық бастамалары альянсының үйлестірушісі Зульфия Көшербаева заңмен бекітпесе, арнайы шараларды қабылдамаса, Парламенке бірде-бір әйелдің өте алмай қалу қаупі болғанын әңгімеледі.

Қырғызстанда алғашқы гендерлік квота бірінші рет 2007 жылы енгізіліпті. Бірақ тиімді жүзеге асырылмаған. 2019 жылы жергілікті кеңештерде (бізше мәслихат) әйелдерге арналған 30 пайыздық резервтеу тетігі ендірілді. Осы-ақ екен ауыл-аймақтағы жігерлі, білекті ханымдар жергілікті өкілді биліктің тізгінін өз қолына ала бастады.

Орынды резервтеу арқасында 4 есеге жуық ғаламат өсім бой көрсетті: жергілікті кеңестердегі әйел депутаттардың жалпы үлесі 9,5%-дан 38%-ға дейін ұлғайып шыға келген.

"Енді Парламентте әйелдердің саны неғұрлым көп болса, әйел-аналардың әртүрлі топтарының мүдделері де заң қабылдау кезінде соғұрлым көбірек ескерілетін болады. Сарапшылар осының алдында зерттеу жүргізген еді. Соның барысында анықталғандай, әйел депутаттар негізінен саяси мәселелерден алшақтау жүреді, оның орнына халыққа жақын әлеуметтік маңызды заң жобаларына көбірек бастамашы болады. Олардың өмірлік тәжірибесі білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және басқа сала мәселелерімен тығыз қабысып жатыр ғой", – деді Көшербаева.

Сонымен бірге, қызметі құқық қорғау, күш құрылымдары сияқты салалармен байланысты депутат ханымдар да қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелерін көтере алады.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа бастама Қырғызстандағы әйелдердің барлық деңгейдегі көшбасшылық қозғалысына соны серпін берді. Оның үстіне ел халқының жартысынан астамын әйелдер құрайды.

Әйтсе де, Шерәділ Бақтығұлов жаңа сайланған депутаттар арасында адуынды, жарқын саясаткерлердің аздығына назар аудартты. Салдарынан, бұл Парламент Президентке және Үкіметке саяси оппонент болудан қалады.

"Жаңа депутаттық корпус басым көпшілігінде саясатпен ісі жоқ, ащы мәлімдемелер жасаудан бойын аулақ салатын технократтардан құралғалы тұр. Біздің болжамымызша, жаңа Парламент шынында "заң шығарушылық жұмысшы атқа" айналады. Өз ісін жақсы біледі, басқасында шаруасы жоқ. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар: депутаттар дау-дамайға уақыт жоғалтпай, атқарушы және сот билігі тармақтарымен бірге тізе қоса қимылдап, елді сапалы дамудың тура даңғылымен алып өтеді. Партиялық тізімнен бас тарту – депутаттардың партия емес, сайлаушы алдындағы жауапкершілігін арттырады, сол арқылы ұлттық Парламенттің рөлін биіктетеді", – деді Әлемдік саясат институтының директоры.

Бақтығұловтың түсіндіруінше, кең таралған бұл құбылыста қандай да бір партияның көшбасшысы немесе басшылығы алдымен депутаттықта кандидаттар тізіміне кімдерді қосатынын өз бетінше шешеді.

Тізімдегі орындар партияға немесе оның басшысына көп ақша берген кәсіпкерлерге, саясаткерлерге, басқасына, сондай-ақ туыс-туған, жора-жолдас арасында таратылады. Артынша, сайлаудан кейін партиялық тізім арасынан депутаттық мандатты алатындар арасында қызу бақталастық басталады. Көрші ел мұның бәрінен бірінші болып арылды.

Тарих ғылымдарының докторы, Парламенттің бұрынғы спикер Зайнидин Құрмановтың байламынша, халық тікелей таңдайтын жүйеде сайланбасын түсінетін бай-бағылан өз капиталын, бизнесін, артықшылық-привилегияларын сақтау, депутаттық иммунитет иелену үшін партиялық тізімдерге кіріп, сол арқылы депутаттыққа қол жеткізетін.

Салдарынан нақты бір идеологияны ілгерілету, өз көзқарасын қорғау бойынша партиялардың функциясы тоқырады. 300-ден аса "дивандық партия" пайда болды.

Енді тарихшы ғалымның пікірінше, жаңа жүйе аясында Қырғызстанда саяси партиялар құрылысының екінші кезеңі басталды. Парламентке өте алған бір мандатты депутаттар бір жағынан, тәуелсіз болғанымен, екінші жағынан, өз бастамаларын бірлесе ілгерілету үшін идеологиялық астар-мотив бойынша біріге бастайды. Бұл жаңа бір партиялардың құрылып, нығаюына жол ашады.

Сайлау қорытындысында беделді депутаттардың – бұрынғы депутаттық корпустың жартысынан астамы қайта сайлана алғаны анықталды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегінше, бұрынғы шақырылымдағы 49 депутат жаңа Парламентке өткен. Бірақ 41 депутат жаңадан сайланып отыр.

Парламенттің экс-төрағасы Тұрғынбек Нұрланбекұлы да саяси ықпалын сақтағанын паш етті: №15 округте ол 25,59% дауыспен жеңіс тұғырына көтерілді.

Жаңа шақырылымға сондай-ақ танымал саяси отбасылардың өкілдері өтті: арасында бұрынғы Президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сеидбек Атамбаев, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиевтің інісі Шаирбек Тәшиев және басқасы бар. Сарапшылардың түсіндіруінше, жүйе жаңғырғанымен, сайлаушылардың өздері үйренген белгілі саясаткерлерді қайта таңдауға шешім қабылдағаны байқалады.

Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – бейбіт өткені. Дода қорытындысын шығарған ел Президенті Садыр Жапаров та осыған назар аудартты.

"Әділетсіз және ашық емес сайлау процесіне байланысты Қырғызстанда 3 рет төңкеріс жасалды. Қырғыз қоғамдастығы дауыс берудің тазалығына өте сезімтал. Демократия – бұл тек сын айту және бәсекелесу құқығы ғана емес, сонымен қатар ережелерді қатаң сақтау және халықтың таңдауын құрметтеу міндеті", – деді Жапаров.

Ашықтықты, мөлдірлікті, қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар, сайлаушыларды биометриялық сәйкестендіру, автоматты электронды дауыс санау жүйесі, онлайн сайлаушылар тізілімі және қашықтықтан дауыс беру жүйесі қолданылыпты.

Ел көшбасшысы бұл жолы сайлау толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өткенін жоғары бағалады.

"Бұл жүйе мандаттар сахна сыртында, сайлаушыдан жасырын таратылатын партиялық тізімдерді жойды және енді сайлаушы кандидаттың жеке қасиеттеріне баса назар аударады", – деді Президент.

Сөз соңында Жапаров Қырғызстанның болашақта тағы бір салада Орталық Азияның көшбасшысы болатынын, онлайн дауыс беруге көшетінін жариялады. Соның арқасында дауыс беру учаскелерін сайлап, жабдықтауға, сайлау комиссиялары мүшелеріне жалақы төлеуге, басқа да жұмыстарға шығын шығару қажет болмайды, көп қаржы үнемделеді.

Өйткені бүгінде мемлекеттік қызметтер де қашықтан көрсетіледі. Осыған байланысты жеке басты барлық сәйкестендіру тәсілдері енгізілген және қауіпсіздік мәселелерін толыққанды ескеретін онлайн дауыс беру жүйесін әзірлеу басталатын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу