Көрші елде "дағдарыс" басталып, 104 банк жабылып қалды

1521

Орталық банк коммерциялық банктердің жартысына дейінгі бөлігін жауып тастауға дайын екендігін мәлімдеді.

Көрші елде "дағдарыс" басталып, 104 банк жабылып қалды Фото: ЖИ

Санкциялардың және соғыстың қыспағында қалған ресейлік қаржы секторы қармайтын тал таппай, құрдымға құлап барады. 2026 жылдың маусым айындағы мәліметтер жантүршігерлік: 140 миллиондай халқы бар алып елде небәрі 301 банк қана қалды.

Салыстырғанда, 2019 жылы РФ-та 405 банк жұмыс істеп тұрған еді. Бар-жоғы бірнеше жыл ішінде олардың басым бөлігі санкциялар соққысына шыдамай жабылды немесе сала алпауыттарының жеміне айналып, жұтылып кетті. Сарапшылар биыл банктердің ең кемі тағы 20%-ы жабылып тынады деп болжауда.

Лицензиялар "қырғыны" және нарықтың ащы шындығы

РФ Орталық банкінің ресми дерегінше, банк жүйесі жыл сайын алапат қарқынмен азаюда. Мәселен, сектор 2020 жылы 34 банктен, 2021 жылы – 36, 2022 жылы – 9, 2023 жылы – 2, 2024 жылы – 10, 2025 жылы 13 банктен айрылды.

Алайда Рrofbanking сарапшылары бұл күйзелістің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанына нұсқады. Олардың мәліметінше, осыған дейінгі сегіз жылда, яғни, 2014 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта саланы ұсақ ойыншылардан жаппай "тазартқан" реттеушінің лицензияларды жаппай тартып алуы салдарынан Ресейдегі банктер саны 588-ге күрт азайған болатын.

Қазіргі кезде бүкіл Ресей аумағында әмбебап лицензиясы бар 212 ірі және орта банк, сондай-ақ тек базалық лицензияға ие 89 шағын банк қана қалды. "Известия" газеті зерттеген Ресей Банкінің статистикасы сұмдық жағдайды әшкереледі: тек 2026 жылдың алғашқы үш айында ғана Ресейде 483 банк бөлімшесі жабылды. Осылайша, елдегі қызмет көрсетуші кеңселерінің саны 21,87 мыңға дейін құлдырап кеткен.

"Секвойя Групп" тәуекелдерді басқару агенттігінің негізін қалаушы Максим Гмыряның пікірінше, бұл үрдіс қарапайым халықтың, әсіресе аға буын өкілдерінің қаржылық қызметтерге қол жеткізуін қиындатып, үлкен әлеуметтік шиеленіс тудыруда. Клиенттердің шоттары бұғатталған жағдайда мәселені шешу үшін міндетті түрде кеңсеге бару керек, ол кеңселер болса жаппай жабылып жатыр.

Максим Гмыря банк бөлімшелерінің жабылуын шығындардың шарықтауымен және банктік қосымша сияқты цифрлық сервистердің қарқынды дамуымен байланыстырды. Мұндай жағдайда оңтайландыру банктер үшін жалғыз дұрыс қадамдай көрінеді.

Ал, Freedom Finance Global жетекші талдаушысы Наталья Мильчакова бөлімшелердің қысқаруына бірінші кезекте жасанды интеллектінің өркен жаюы тікелей әсер етіп отыр деп тұжырымдады. "Финам" қаржы тобының талдаушысы Игорь Додоновтың байламынша, бұл жағдайға нарықтағы бірігу және жұтып қою мәмілелері де үлкен ықпал етуде.

Дегенмен, Наталья Мильчакова Ресейде интернеттің жаппай бұғатталуына байланысты банктер бұл процесті амалсыз баяулатуы мүмкін екенін де ескертті. Максим Гмыря қаржылық ұйымдар офлайн-кеңселерді алдағы уақытта да аяусыз жаба береді деп есептейді, деп жазды kommersant.ru.

"Жарылыс қаупі бар" дағдарыс: Еуропа білген құпия

"Ресей нағыз жарылыс қаупі бар банк дағдарысының алдында тұр": Reuters агенттігі Еуропа елдерінің бірінің барлау қызметінің жабық баяндамасына сілтеме жасап, бұл апаттың "тұтандырғыш триггер-тетігі" еуропалық санкциялардың жаңа толқыны болатынын мәлімдеді.

Бұл құпия құжат маусым айында Еуропалық Одақтың төл санкцияларының 21-ші пакетін талқылау қарсаңында жоғары лауазымды шенеуніктер үшін арнайы дайындалған екен.

"Баяндама авторлары Ресей билігі өнімі – әскери техникасы, оқ-дәрісі майдан даласында жарылып жоқ болатын, яғни, экономикалық айналымға түспейтін қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына, сондай-ақ еш табыс әкелмейтін, бірақ пиар үшін қажет өңірлік мемлекеттік жобаларға, әлеуметтік ипотекамен тұрғын үй сатып алушыларға еш құжат сұратусыз, талдаусыз несие беруге банктерді мәжбүрлеп отыр деп есептейді", – деп жазды Reuters.

Құжаттағы мына деректерден дене түршігеді: РФ-тағы корпоративтік несиелердің тура 10%-ына дефолт қаупі төніп тұр. Сондай-ақ РФ ірі банктері 2025 жылы қайтарылмайтын тұтынушылық несиелер үлесінің 15%-ға күрт өскенін хабарлады. Небары бір жылда жарты миллионнан астам ресейлік банкрот болуға өтініш берген: бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен үштен бір есе көп!

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар 13 миллионнан астам ресейліктің бір уақытта кем дегенде 3 несиені арқалауына түрткі болған. Ендеше банкрот болатын жеке тұлғалар саны миллиондап өсе беруі ықтимал. Осы факторлардың барлығы қосылып, ресейлік қаржы жүйесін терең құрдымға құлата түседі, дейді еуропалық сарапшылар.

Баяндамада елеулі экономикалық соққылар, оның ішінде банк секторына қарсы санкциялардың жаңа пакеті РФ-та қаржылық дағдарысқа соқтыруы мүмкін екені көрсетілген. Нақтылағанда, тағы 90 ресейлік банк еуропалық санкциялардың қысымына, тыйымына ілігуі мүмкін. Ресей Банкі бұл ақпаратқа қатысты Reuters агенттігіне қандай да бір түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Құрылымдық қажу және Эльвира ханымның сесі

"Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғанына төрт жылдан астам уақыт өткенде Ресей экономикасы құрылымдық қажудың немесе "күші сарқылудың" айқын белгілерін көрсетуде. Мұны Кильдегі Әлемдік экономика институты мен Стокгольмдегі өтпелі кезең экономикасы институтының бірлескен зерттеуі анықтады", – деп жазды dw.

Дәл осы тұста РФ Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина нарықты тазартудың екінші "ұлы толқынын" бастап, шағын банктерге қырғидай шүйлікті. Ол шағын банктерге қосымша ақша табуға, басқамен бірігуге немесе нарықтан біржола кетуге тура келетінін ашық мәлімдеді.

Ruinformer талдаушыларының болжамынша, капитал нормативтерінің көтерілуіне байланысты ресейлік банктердің ең кемі 20%-ға жуығы, яғни, 60-қа жуық банк 2026 жылдан өте алмай, келмеске кетуі ғажап емес. Өйткені РФ Орталық банкі несиелік ұйымдардың ең төменгі капиталына қойылатын талаптарды бірден 3 есе арттыруға бел буған.

"Ресей Банкі банк секторын шағын банктерден тазартудың жаңа толқынына дайындалып жатыр. Салдарынан, жұмыс істеп тұрған қаржылық ұйымдардың жартысына жуығы нарықтан кетуі мүмкін. 2028 жылдан бастап Орталық банк банктер үшін ең төменгі капитал көлемін үш есе арттырады, деп ескертті банкирлерді РФ Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина. Ол талаптарды 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен күшейтуге уәде беріп отыр", – деп мәлім етті The Moscow Times.

Осы кезеңде банктерден талап етілетін ең төменгі капиталының көлемі 1 миллиардтан 3 миллиард рублге өседі. Базалық лицензиясы бар банктер үшін 300 миллионнан 1 миллиард рублге дейін ұлғаяды.

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 63 банктің капиталы 1 миллиард рублден, тағы 146 банктің капиталы 3 миллиард рублден төмен болған. Бұл дегеніміз – бүгінде жұмыс істеп тұрған барлық банктердің 20%-дан 50%-ға дейінгісі жаңа, жоғарылатылған талаптарға сай келмей, жойылып кету алдында тұр деген сөз!

Нарықтың монополиялануы: көрші тұйыққа тірелді

Ресейдің қаржы нарығындағы банктер саны кемуін жалғастырады. Сарапшылардың болжамынша, алдағы бірнеше жылда жыл сайын 15-ке дейін қаржылық ұйым өз қызметін тоқтатады. Банки.ру сайтына берген түсініктемесінде экономист Сергей Лукьянец осындай пікір білдірді.

Ол өткен он жыл ішінде жұмыс істеп тұрған ресейлік банктердің саны үш еседен астам азайғанын еске салды: егер 2010-шы жылдардың басында олардың саны 1 мыңға жуық болса, 2026 жылдың басына қарай небары 300-дейі ғана қалды.

Бұл процестің басты себебі – реттеушінің секторды тазартуға бағытталған қатаң саясаты болды: төлем қабілеті жоқ банктердің лицензиялары кері қайтарып алынуда. Сондай-ақ ірі ойыншылардың шағын банктерді жұтып қоюы, шетелдік банктердің нарықтан кетуі және нормативтік талаптарды сақтауға, яғни, комплаенс пен киберқауіпсіздікке жұмсалатын жоғары шығындар да өз рөлін атқарды.

Бұл шағын банктерді тиімсіз етіп, оларды жабылуға мәжбүрлейді. Сергей Лукьянец тәуекелдерді басқаруы мен бизнес-моделі әлсіз банктер қауіп астында қала береді деп түйіндеді.

Сарапшылар онсыз да қатты монополияланған сектордағы банктер санының одан әрі қысқаруы бәсекелестіктің төмендеуіне, комиссиялардың өсуіне және несие беру шарттарының қатаңдауына әкелетінін ескертеді.

Тазартудан кейін қалуы мүмкін 200 банк қарыз алушы үшін таңдаудың қатты шектелетінін білдіреді. Таңдау аз болса, несие пайыздары жоғары, талаптар қатаң, бас тартулар көп болады. Бизнес үшін бұл дамуға несие алу қиындайды дегенді білдіреді. Қарапайым халық үшін ипотека, автонесие және тұтынушылық қарыз алудан біржола күдер үзумен тең.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу