Көрші елде дау тудырған шешім қабылданды

1347

Италиялық Фабио Каннавароның футболдан Өзбекстанның ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына тағайындалуы қоғамда қызылкеңірдек айтыс-тартыс тудырды.

Көрші елде дау тудырған шешім қабылданды Фото: podrobno.uz

Халықтың шамалы бір бөлігі қолдайды, алайда жанкүйерлердің басым көпшілігі үдере қарсы тұрып, даусы қарлыққанша таласып, саусағы талғанша пікірін теріп, ашынып жатыр.

Қазіргі кезде 52 жастағы Фабио Каннаваро (Fabio Cannavaro) 2011 жылы футболшы карьерасын аяқтаған. 2006 жылы Италия әлем чемпионы атанғанда ол команда капитаны болды. Сол жылы "Әлемнің үздік футболшысы" атанды.

Содан кейін бапкерлікке ауысқанымен, бұл салада әлемдік деңгейдегі жетістікке жете алмады. БАӘ, Сауд Арабиясында және Қытайда ортанқол клубтарды баптады. 2012 жылдан бері "екінші санаттағы кәсіби жаттықтырушы" біліктілігіне ие.

Сондықтан қазіргі кезде жігерін жанып, рухын қайрап, жаһандық деңгейде жасындай жарқырай бастаған Өзбекстанның құрама командасының тізгінін осындай "бетегеден биік, жусаннан аласа" бапкердің ұстауы өзбектердің ашу-ызасын туғызды.

Пікір білдіруші кейбір өзбекстандықтар ұлттық құраманы тарихи жеңісіне жеткізген жаттықтырушы, өзбек футболының аңызы Тимур Кападзенің жұмыстан қуылғанына наразы.

Өз кезегінде ресейлік сарапшылар былай деп жазып жатыр. Мысалы, ресейлік журналист Дмитрий Егоров ӨР футбол федерациясының бұл шешімін жария түрде айыптады. Оның байламынша, Америка Құрама Штаттарының өзінде өтетін футболдан келесі Әлем чемпионатына өзбек құрамасының өз тарихында тұңғыш рет жолдама алуына теңдессіз еңбек сіңірген Кападзені "қайдағы бір Каннавароға" ауыстыру жарамады.

Егер Кападзенің орнына дүниежүзіндегі ең білікті бапкерлердің бірі келгенде, қоғам мұны мундиальдың – Америкаға ұлы жорықтың қарсаңында "қолбасшылықты" күшейту деп түсініп, қызу құптайтын еді.

Ресейлік сыншы италиялықтың кемеліне келмек түгіл, жаттықтырушы ретінде қалыптаса алмағаны туралы пікірін білдірді. Ол Каннавароның Загреб қаласының "Динамо" клубына жетекшілік еткенін, сол кезде бұл команда 10 жыл ішінде алғаш рет Хорватия чемпионы атағынан айрылып қалғанын мысал ретінде келтірді.

Жалпы, италиялық ортанқол бапкердің жалақысын естігенде, ел естен тана жаздады. Каннаваро ай сайын 4 миллион еуро жалақы алып тұратын болады. Ол сондай-ақ кең сарайдай баспана, жеке аспаз талап еткен деген әңгіме айтылуда. Бұл ақпаратты федерация растамады, жоққа шығармады да.

Сарапшылар Кападзенің бұдан әлдеқайда аз сомаға еңбек етіп, жеңісті жолын жалғастырып, бастаған ұлы ісін аяғына жеткізе алуы мүмкін екеніне назар аудартты.

"Өзбектің мықты командасының тізгінін Каннавароға беру туралы шешім – нағыз масқара! Құраманы АҚШ-тағы Әлем чемпионатына шығара алған өзбек футболының аңызы Тимур Кападзені орнынан дереу алып тастады. Сонда мұны кім үшін жасады? Каннаваро үшін?! Оны тіпті толыққанды бапкер деп атауға ауыз бармайды. Каннаваро "Динамо Загребті" жарға жығып, 10 жыл ішінде алғаш рет Хорватия чемпионатының алтынынан айырды емес пе! Енді осындай жаттықтырушысымаққа ай сайын 4 миллион еуро төлеуге бола ма? Не үшін? Ол кім еді сонша? Шетелдік болғаны үшін ғана ма?" – деп қарадай күйінді Дмитрий Егоров.

"Бұл бір үлкен қате әрі цирк. Мүлдем кеш болмай тұрғанда, Фабио Каннавародан бас тартып, Копадзеге бүкіл әлеуетін толыққанды ашып, құраманы келесі жеңіс тұғырларына көтеруге мүмкіндік беру керек. Оның үстіне Копадзеге төленетін жалақыдан біраз қаржы үнемделеді. Егер сонша жалақы ала отырып, Каннаваро құраманы жеңіске жеткізе алмаса, мұны халық кешпейді", – дейді Ойбек есімді Ташкент тұрғыны.

ӨР Футбол федерациясы (Футбол қауымдастығы) кеше Фабио Каннаваро – Өзбекстан құрамасының бас бапкері екенін растады.

"Ұлттық құрамамыз биыл тарихта тұңғыш рет футболдан Әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл тарихи нәтиже ел футболының жаңа беті! Ендігі басымдық – мундиальға тыңғылықты дайындалып, жарыста лайықты өнер көрсету. Өзбекстанның Футбол қауымдастығы Әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарда тәжірибесі бар бапкерлер арасынан үміткерлерді зерттей келе, Бапкерлер кеңесінің талдау қорытындысы негізінде Фабио Каннаваромен келісімшарт жасауға ұйғарды", – деп түсініктеме берді федерация.

6 қазан күні Ұлттық футбол орталығында ӨР Футбол қауымдастығы Фабио Каннаваромен келісімшартқа қол қойды. Федерация жаңа жаттықтырушылар құрамының жан-жақты талдау, зерделеу арқылы іріктелгеніне тағы да назар аудартты. Каннавароның "ірі турнирлерде жинаған тәжірибесі мен шеберлігі арқылы ұлттық құрамамен бірге табысқа жетеріне" сенім білдірді. Осылайша, өзбек құрамасын АҚШ, Канада мен Мексикада өтетін мундиальға италиялық бапкер баптап, бастап апарады.

Каннаваро құраманың жаттықтырушылар штабын толық жаңартып, Өзбекстанға өз командасымен көшіп келді. Ол таныс мамандарын ерте келіпті. Нәтижесінде, ӨР ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабында келесі мамандар бас бапкерге көмектеседі:

Евгенио Альбарелла – бапкердің көмекшісі (Жапон ұлттық құрамасында, "Ювентус", "Удинезе" және Загребтің "Динамосында" жұмыс істеген);

Троиз Франческо – дене шынықтыру жаттықтырушысы (Беневенто, Удинезе және Загребтің "Динамосы");

Антонио Чименти – қақпашылар бапкері (Италияның жастар құрамасында, "Сампдория" мен "Спалда" жұмыс істеген).

Жаңа бапкер Өзбекстан құрамасын чемпион қылмаса да, ең құрыса Әлем чемпионатында плей-оффқа шығарамын деп уәде етіп жатпады.

"Ең алдымен, көрсеткен сеніміңіз үшін алғыс айтқым келеді. Өзбекстан сияқты футболды сүйетін елде жұмыс істеу үлкен мәртебе, бұл өз алдына үлкен жауапкершілік. Әлем чемпионатына тек ұлттық құрама ғана емес, барлық жастар мен жасөспірімдер құрамаларының қатысып жатқаны Өзбекстанда футболға үлкен көңіл бөлінуінің жемісі екені белгілі. Өзбекстан құрамасының табысты болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", – деп қысқа қайырды Фабио Каннаваро.

Айта кету керек, соңғы рет, 2025 жылғы 5 маусымда Тимур Кападзе басшылық еткен Өзбекстан құрамасы тарихқа алтын әріптермен жазылатын ірі жетістікке жетті. Өз тарихында тұңғыш рет өзбек құрамасы 2026 жылы өтетін футболдан Әлем чемпионатының финалдық бөліміне жолдама алды.

Мұндай жетістікке Орталық Азияның бірде бір елі, соның ішінде Қазақстан да ешқашан қол жеткізіп көрген емес. Осының арқасында Өзбекстан бүкіл Түркі әлемінің абыройын асқақтатып, әлемдегі №1 супердержаваның төрінде, жаһандық деңгейде Көк Түріктің намысын қорғайтын болады.

БАӘ құрамасымен қонақ матчта тең түсе алған Өзбекстан құрамасы 18 ұпаймен А тобында 2-орынға шықты. Футболдан ӘЧ 2026 жылғы 11 маусым мен 19 шілде аралығында жаңа форматта және бірден АҚШ, Канада мен Мексикада қатар өтеді.

Жаһандық ойындар 16 қаладағы (негізінен – америкалық) стадионда ұйымдастырылады. Америкада матчтар – Нью-Йорк, Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Филадельфия, Сан-Франциско мен Сиэтлде, Мексикада – Гвадалахара, Мехико мен Монтеррейде, ал, Канадада – Торонто мен Ванкувер мегаполистерінде дүркірейді.

Әлем чемпионаты бұл жолы жаңа регламентпен өтеді: 2025 жылдың соңында ұйымдастырылуға тиіс жеребе тарту қорытындысында ақырғы айналымға әрқайсысы 3 құрамадан тұратын 16 топ қалыптастырылады. Тиісінше, аталған қалалардың әрқайсысында жанкүйерлер бір топтың кездесуін тамашалай алады.

Тақырыпқа оралсақ, Upl.uz порталының жазуынша, енді Өзбекстан Әлем чемпионатына шыға алғаны үшін FIFA-дан алған сыйлықақысын тегіс дерлік өз құрамасының жаңа бас бапкерінің жалақысына шығындауға мәжбүрленеді. Оның өзінде тек 2 айға ғана жетеді.

"Өзбекстан құрамасы алғаш рет мундиальда ойнайтын болады. Өзбек футболшылары дүниежүзінің басты сайысында 2026 жылғы жазда өнер көрсетеді. Өзбек құрамасы әлемдік турнирге шыққаны үшін ФИФА-дан шамамен 10 миллион доллар қаржы алды. Құраманың жаттығуларына тағы 1,5 миллион доллар бөледі. Егер ӘЧ кезінде құрамамыз өз тобынан шыға алса, онда Өзбекстан бұдан да көп табыс таба алады. Алайда осы 10 миллион табысының жартысы жаңа бас жаттықтырушының бір айлық жалақысын ғана "жаба" алады", – деп мәлім етті өзбек порталы.

Өзбекстан Футбол қауымдастығының құрамалар бөлімінің бұрынғы басшысы Шерзод Игамбердиев те құрама айналасында қалыптасқан жағдайды "циркке" теңеді.

"Мен үшін бұл ұлы ұжыммен қош айтысу өте қиынға түсті. Алайда қазіргі жағдайда ары қарай қала беру айып. Біз құрамамен бірге ұзақ әрі күрделі жолдан өттік. Сондықтан құрамамыз ең жоғарғы құрметке лайық! Мен де әрине, қала алатын едім. АҚШ-қа барып, нәтижеге қарамастан орден-медаль мен сыйақыны қалтаға басып, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елден небір әсем фото алып келе алатын едім. Бірақ мен құрамамызды керемет ұлық тұтамын және өз Отанымды бәрінен биік бағалаймын! Сол себепті, жоқ, мен енді бұл цирктің бір бөлшегі бола алмаймын!", – деген Игамбердиев ұлттық құраманың басшылығының ауысуына наразылығын білдірді.

"Уикипедия" Фабио Каннавароның кезінде қанынан допинг табылған спортшы, сондай-ақ "сотталған" адам екенін еске салады. 2015 жылғы ақпанда италиялық Неаполь қаласының соты оны полиция енгізген тыйымды бұзғаны үшін 10 айға соттады. Футболшының әйелі және інісі тиісінше, 4 және 6 айға бас бостандығынан айрылды.

Соның алдында, 2014 жылғы қазанда Неаполь билігі 1 млн еуродай салықтан жалтарғаны үшін Каннавароның мүлкін шектеген. Алайда Фабио әйелімен және інісімен бұғат қойылған үйіне еніп, бассейнін пайдаланыпты. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен келіспеген Каннаваро апелляциюға шағым түсірді. Ақыры немен тынғанын жергілікті ақпарат құралдары сол бойы хабарламады.

Бәлкім, өзбек жанкүйерлері мен сарапшылардың қаупі бекер болар және "Каннаваро и Cо." табысқа жетіп, өзбек құрамасын келесі шыңға шығарар? Мұны уақыт пен Солтүстік Америка континентіндегі біріншілік көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу