Қырғызстанда 1 маусымнан қараша айына дейін "Солтүстік – Оңтүстік" балама автожолы уақытша қозғалыс үшін ашылатын болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған қадам өз кезегінде туристік маусым кезінде жолды уақытша пайдалану қолданыстағы автожолдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек. Дей тұрғанымен, жүргізушілерге көлік құралдарының осьтік жүктемесі 11,5 тоннадан аспауы тиіс екені ескертіліп отыр.
Жобаның маңызды нысандарының бірі – Көк-Арт асуы астынан өтетін тоннель. Ұзындығы 3890 метр болатын нысан – Қырғызстандағы ең ұзын тоннель. Оның ені – 10-14 метр, биіктігі 8,6 метр болса, жолдың жүру бөлігі – 8,5 метр. Сондай-ақ, екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер қарастырылған.
Тоннель теңіз деңгейінен 2521 метр биіктікте орналасқан және толық пайдалануға дайын тұр. Қауіпсіздік мақсатында әр 300 метр сайын апаттық эвакуация шығатын жолдар салынған. Негізгі тоннельмен қатар, ені 4 метр болатын арнайы эвакуациялық жерасты дәлізі де жүргізілген.
Жалпы ұзындығы 433 шақырымды құрайтын "Солтүстік – Оңтүстік" автожолының шамамен 200 шақырымы бұрын жол болмаған аумақтар арқылы салынған. Жоба аясында екі эстакадалық көпір мен ең ұзын тоннель тұрғызылды.
Министрлік мәліметінше, жол толық пайдалануға берілгеннен соң Жалал-Абад пен Балықшы қалалары арасындағы жол жүру уақыты қазіргі 13 сағаттан шамамен 6 сағатқа дейін қысқармақ.
Қазіргі уақытта жолдың кейбір учаскелерінде көшкін мен селден қорғайтын инженерлік нысандардың құрылысы жалғасуда. Осыған байланысты жол әзірге маусымдық режимде пайдаланылады. Жоба толық 2028 жылы аяқталып, сол жылы пайдалануға беріледі.