Көрші елде енді әшекей сататын дүкендер жаппай жабыла бастады

654

Бұған халықаралық санкциялар да ықпал етуде.

Көрші елде енді әшекей сататын дүкендер жаппай жабыла бастады Фото: yaplakal.com

Былтырғы 2024 жылғы қыркүйектен бастап кілең дамыған державалар ғана кіретін G7 елдері және Еуропалық Одақ ресейлік алмастың, алтынның және басқа зергерлік бұйымдардың, тіпті олармен байланысты қызметтердің импортына да тыйым салып тастады.

Санкция өткен жылы енгізілгенімен, өтпелі кезең белгіленіп, тыйым тек биылдан толыққанды қолданылуда. Содан тосын, оғаш оқиғалар орын алған. Мысалы, Еуропада РФ паспорты бар адамның алтын-күміс, гауһар-бриллиант тағып алғанын көрсе, кедендік бақылау қызметкері мен шекарашылар оны қосымша тексеру аймағына алып кетуі мүмкін.

Ол жақта ресейлік әйел не еркек үсті-басындағы барлық зергерлік бұйымдарды жеке мақсатта пайдаланатынын, импортқа апара жатпағанын құжат жүзінде дәлелдеуге тиіс. Сондықтан кедендік брокерлер ресейліктерге әсіресе, дамыған елдерге саяхаттауда тағатын қымбат әшекейлерін сапардан көп ерте, мысалы, бір жыл бұрын сатып алуға, чегін сақтап, өзімен ала жүруге, сондай-ақ бірден зергерлік бұйыммен бірге фотоға түсуге кеңес береді.

Егер шетелдік құзырлы орган тексеріп, "тиісе" қалса, әлгі фото бұл бұйымды бір жылдан бері тағып жүргенін дәлелдеуге көмектеседі. Әйтпесе, қымбат әшекейі тегіс тәркіленіп, айыппұл салынуы мүмкін.

"Ресейге қарсы енгізілген кейінгі қатаң санкциялар әшекей бұйымдарын экспорттауға ғана емес, сыртқа алып шығуға да айтарлықтай кедергі келтіруде. Бүгінде заңдарды сақтау, сонымен бірге құжаттарды дұрыс толтыра білу де маңызды. Сонда ғана РФ азаматы шетелдік кеден органдарына қатысты проблемадан құтылып, қаржылық шығынның алдын ала алады. Ресейліктер есінде ұстағаны жөн: Ресейден шыққан алтынға, платинаға, гауһарға, алмасқа, асыл тастарға әлемнің белгілі бір өңірлерінде тыйым салынды, тиісінше, оны тұтынатын ресейліктен арнайы рұқсатты талап етуі мүмкін", – деп мәлім етті ресейлік маманданған "Customsforum" порталы.

Оның сарапшыларының түсіндіруінше, егер РФ-тің ауқатты азаматы шетелде де төл алтын-гауһар әшекейлерін тағынып, сыланып жүргісі келсе, онда олар үшін құжаттардың тұтас топтамасын міндетті түрде жинауға тиіс.

Оның арасында Тауарды шығару декларациясы (тауардың саны мен құны туралы ақпарат жазылады, онда қате жіберілсе, айыппұлға соқтырады), кедендік декларация (егер бұйым құны белгіленген лимиттен асса, мысалы, 1 000 еуродан қымбат тұрса), Шығу-тегі туралы сертификаттар (Ресейде жасалған зергерлік өнімдерден талап етіледі, онда бұйымның халықаралық санкцияны бұзбайтыны туралы дәйектеме болады) және басқасы бар.

Сарапшылардың мәліметінше, бұдан бөлек, шетелдік кеден органдары тексеру кезінде келісімшарттар, чек, инвойс, шот-фактуралар, бұйым жасалған материалдың шығу-тегін растау куәлігі сияқты қосымша құжаттар сұраттырылуы мүмкін.

Содан болар, жатжұрттарда вилласы, қымбат пәтерлері, салтанатты жылжымайтын мүліктері бар және шетелге ұзаққа кететін ресейліктер қымбат әшекейлерді Ресейде емес, барған елінде сатып алады.

Осылайша, жан-жақтан қыспаққа салған халықаралық санкциялар биыл ресейлік зергерлік индустрияға жойқын соққы бере бастады. Forbes РФ-та зергерлік дүкендердің жаппай жабылып жатқанын хабарлады. Біраз қалада олардың төрттен бірі банкрот болған.

"2025 жылғы маусымда зергерлік дүкендердің саны тағы 6%-ға кеміді. "Яндекс Карта" аналитиктерінің есептеуінше, миллионнан аса тұрғыны бар бірқатар қалаларда жабылғандар үлесі 20%-дан асып кетті. Бұрынғы қымбат бутиктер бәсекеге шыдас бере алмады. Ірі сауда орындары зергерлерге ең көрнекті, беделді орындарын ұсынуды доғарды. Бизнеске шикізат бағасының өсуі де теріс әсер еткен. Сондай-ақ РФ халқының табысының құлдырауы кері серпін берді", – деп Forbes ресейлік кезекті сектордың күйреуінің алғышарттарын тізді.

"Яндекс Карта" картографиялық сервисінің мәліметінше, РФ-та дәстүрлі зергерлік ритейл күрделі заманды бастан өткеруде. 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта солтүстік көршіде небары 15 365 зергерлік сауда нүктесі ғана қалған.

Миллиондық келесі қалаларда өте қатты құлдырау тіркелуде:

Омбы – 22,3%-ға кеміді (202 сауда нүктесіне дейін азайды),

Нижний Новгород – 22,1% (204 нүкте ғана қалған),

Краснояр – 18,4% (217),

Пермь – 17,9% (112),

Челябі – 13,9% (166),

Самара – 13,3% (180),

Мәскеу – 9,7% (1 624 дүкен қалды),

Петербор – 7,8% (668).

Уфа – 4,1%.

Башқұртстан астанасында зергерлік бұйымдар сататын 145 сауда орны ғана сақталған.

Ресейлік ақпарат құралдары мен сарапшылар РФ-тің миллионнан астам халқы бар 15 қаласының бірде бірінде осы салада оң көрсеткіш тіркелмегенін жариялады. Алып қалалардағы ахуал осындай болғанда, шағындарында не болып жатқаны түсінікті, сондықтан эксперттер оларды тіпті назарға алмады.

"Коммерциялық алаңдарға және нарыққа жүргізілген талдау көрсеткендей, бірінші кезекте жергілікті зергерлік ойыншылардың дүкендер желілері жабылып қалуда. Мұны сауда орталықтарынан байқауға болады. Зергерлік дүкеннен босаған орынға сауда орталығының басқарушылары ұқсас арендаторды іздемейді. Қазіргі жағдайда ол да тез жабылуы мүмкін. Зергерлік брендтер Ресейде СОО-лар үшін тартымды болудан қалды", – деді журналистерге коммерциялық жылжымайтын мүлік эксперті Антон Реутов.

Оның дерегінше, бұрын жарқ-жұрқ етіп, жанды жадылап, жанарды жаулайтын қымбат әшекейлерді сататын әдемі бутиктерді сауда ойын-сауық орталықтары ең көрнекті жеріне, төріне, "топ-локацияда" (әдетте басты кіреберістің оң және сол босағасы) орналастыратын.

Енді жағдай өзгеріпті. Реутов сауда орталықтарының өзіндегі ең "майшелпек" орындарын бүгінде кофеханаларға, аспаздыққа, наубайханаға немесе мейрамханаға ұсынатынын жеткізді. Өйткені қандай дағдарыс болса да, халық тамақ ішуін тоқтатпайды.

"Сатып алушылар қазіргі кезде зергерлік дүкендерге бас сұға бермейді. Негізінен, еріккендер не алуды тек армандағандар кіріп, бір сүзіп шығуы мүмкін. Салдарынан, Ресейдегі ірі форматты сауда орталықтарындағы мұндай дүкендердің клиенттерінің жалпы саны 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында, 2024 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда орта есеппен 9%-ға күрт азайды", – деді Focus Technologies зерттеулер және консалтинг бағытының басшысы Михаил Васильев.

Компания РФ-тің барлық өңірі бойынша жүздеген сауда орталығының деректеріне талдау жүргізген. Васильев мұндай көңілсіз көрініс тұтыну моделінің өзгергенін паш етеді деген байлам жасады.

"Байлар, әрине, сатып алуын жалғастырды. Алайда жалпы, сауда орталықтарында зергерлік дүкендерде сауда жасайтындардың саны тоқтаусыз азаюда. Шын мәнінде, бұқаралық сұраныс қысқаруда. Тиісінше, орта және премиалды сегменттің үлесі артты. Бұл кері үрдіске Ресейде қалыптасқан макроэкономикалық факторлар түрткі. Мысалы, үдеген инфляция бағаларды жоғары итеруде. Соның кесірінен зергерлік бұйымдардың қатты қымбаттауы сатып алушылар шеңберін тіптен тарылтты", – деді Михаил Васильев.

Қарапайым ресейліктер сертификаты бар зергерлік бұйымды, әшекейді алуды қойып барады. Мәселен, тойда күйеу мен қалыңдыққа тағылатын сақиналар Түркиядан, Ираннан, Сириядан көптеп әкелінеді. Олардың құрамы таза алтын болмауы, мыс, никель және өзге элементтер қоспасы, тіпті минералдар араластырылуы мүмкін.

"Ресейліктердің тұтыну мінез-құлқы өзгерді. Экономикалық белгісіздік жағдайында сатып алушылар сауда орталықтарында қымбат заттардан үнем қыла бастады. Көбісі енді тіпті қарапайым дүкендерге нақты тізіммен, белгілі бір заттарды сатып алу үшін барады. Бұрынғыдай киім іздеп немесе достармен кездесуге СОО-ға келгенде, жолшыбай ұнаған әшекейді қоса сатып алатын "спонтанды сатып алулар" күрт азайды. Содан зергерлік дүкендердегі трафик қысқарды. Алайда орташа чек өсті. Себебі, баға қымбаттауда, әрі ауқатты клиенттер ғана келеді", – дейді "585 Золотой" федералдық зергерлік желісінің маркетинг жөніндегі директоры Станислав Колосков.

Оның үстіне метал қымбаттауда: 2025 жылы әлемдік нарықта алтын бағасы төрттен бірге өсті және ары қарай шығандауда. Сарапшылар оның 1 унция үшін құны қазіргі 3,6 мың доллардан алда 4 мың долларға дейін артады деп болжауда.

Дегенмен, сауда желілерінің "орташа чек өсті" деуі тек көңіл аулауға, жұбатуға көбірек ұқсайды. "Чек Индекс" аналитикалық орталығының дерегінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында РФ-та зергерлік бұйымдар бойынша орташа чек небәрі 9 202 рубльді құрады. Бұл әрине, былтырғыдан 7%-ға көп. Сонымен қатар сатып алулар саны 5%-ға құлаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу