Бұл талап 2025 жылғы 1 қыркүйекте күшіне мінді. Осы күннен бастап, мобильді құрылғыларын Ресей аумағында сатқысы келетін немесе РФ аумағы арқылы мысалы, Қазақстан мен Орталық Азияға транзитпен өткізгісі келетін барлық компаниялар девайстарына, соның ішінде смартфондары мен планшеттеріне ресейлік қосымшаларды алдын ала орнатуға тиіс.
Осы мақсатта міндетті тізім қалыптастырылуда. Әзірге тізбеде ресейлік Max мессенджері мен RuStore ресейлік мобильді қосымшалар дүкені бар.
Америкалық Apple алпауыты өзінің iPhone-дарына және iPad-тарына ресейлік қосымшаларды алдын ала ("предустановка") орнатудан үзілді-кесілді бас тартты. Ендеше, ресейлік сарапшылардың мәлімдеуінше, уәкілетті органдар РФ шекарасынан өте сала, бұл компанияның мобильді құрылғыларының да қораптарын бұзып ашып, міндетті тізімдегі қосымшаларды өз бетінше орнатады.
Немесе, импорттаушыны осыған мәжбүрлейді. Тиісінше, ақпарат құралдарының жазуынша, ол тауар "жаңа" болып есептелмейді, керісінше, қолданыста болған (б/у) саналады.
Дегенмен, ресейлік ақпарат құралдары жаңа талапты мәжбүрлі түрде орындату сәл кейін басталатынын ескертті. Өйткені РФ-тің қос құрылымы – "Роспотребнадзор" және Цифрлық даму министрлігі нақты қандай құрылғыларға орнату міндетті болатыны, ал, қайсысына ендірмеуге рұқсат етілетіні туралы ортақ келісімге келе алмаған. Бұл туралы Forbes хабарлады.
Соның ішінде, мәлім болғандай, "Роспотребнадзор", яғни, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызмет барынша қатаң шарт қойып отыр.
"Салдарынан, ақыр соңында қандай нұсқауға бағыну керектігін жете түсіне алмай, ритейлерлер әрі-сәрі күйде қалып тұр. Өйткені ресейлік ведомстволар ресейлік бөлшек саудада қолжетімді нақты қандай жаңа гаждеттерге RuStore мен Max мессенджері алдын ала орнатылуға тиістігі жөнінде өзара уағдаласа алар емес. Нақтылағанда, Цифрлық даму министрлігі бұл талаптар тек 2025 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген құрылғыларға ғана таралуға тиіс деген ұстанымда, "Роспотребнадзордың" тәсілдемесі мүлдем басқа", – деп жазды ресейлік Cnews.
Бұл қызметтің тұжырымдауынша, Max пен RuStore 2025 жылғы 1 қыркүйектен кейін бөлшек саудада болатын, соның ішінде осы датаға дейін өндірілген барлық смартфондар мен планшеттерге де орнатылуға тиіс.
"Сонымен қатар, ведомство бұл талаптың орындалуы тауарды бүлдіретіні туралы алаңдаушылыққа қатысты түсініктеме бермеді. Себебі, гаджеттің фирмалық қорабын бұзып ашу және оны іске қосып, ресейлік қосымшаларды, софтты қолмен қосымша орнату құрылғының тауарлық түрін жоғалтуына және оның жаңа деп танылмауына соқтыруы мүмкін", – деп назар аудартты мамандандырылған Cnews.ru порталы.
Осы орайда РФ Цифрлық даму министрлігінің ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Дмитрий Никитин Max пен RuStore-ні алдын ала орнату талабы 2025 жылғы 1 қыркүйектен кейін зауыттан шыққан құрылғыға ғана таралатынын қайталай мәлімдеді.
Бұл туралы ол Электрлі тұрмыстық және компьютерлік техника өндірушілері мен сауда компаниялары қауымдастығының президенті Александр Онищукке түсіндірме хатында да нықтады, деп жазды Forbes. Сондықтан түбінде бұл қос меморганның қайсысының ұстанымы үстем шығатыны әзірге белгісіз.
Бір анығы, бұдан былай ресейліктерге (бәлкім, қазақстандықтарға) аты жаңа болғанымен, қорабы жолай ашылып, құрылғысы пайдаланылған девайстарға қанағат етуге тура келуі мүмкін.
РФ Цифрлық даму министрлігі әлгі жауап хатында "1 қыркүйекте күшіне енген қағидаларға сәйкес, техникалық күрделі тауарлардың жекелеген түрлерін сату және пайдалану кезінде оған ЭВМ-ге арналған бағдарламаларды, соның ішінде ресейлік қосымшалардың бірыңғай дүкенін және басқа қосымшаларды алдын ала орнату міндетті" екенін, сондай-ақ "бұл талаптың орындалмауы аталған тауарлардың кінәратты деп танылуына әкелетінін" ескертті. Заң бойынша "ақаулы" тауарлар нарықтан тәркіленуге жатады.
Forbes IT саладағы дереккөздеріне сілтеме жасап, бизнес нысандарының бұл талапты орындауға кірісіп кеткенін, тіпті Android-смартфондардың вендорлары да RuStore-ні алдын ала орнатуға тырысатынын хабарлады.
"Ал, Apple-ге қатысты жағдай басқаша: америкалық компаниямен Мәскеу сол бойы келісімге келе алмады. Алайда iPhone мен iPad ресейлік ритейлден ізім-ғайым жоғала қойған жоқ: сатушылар сатпас бұрып, клиенттеріне оның ішінде әзірге RuStore және Max жоқтығын алдын ала ескертеді. Бірақ заң бойынша бұл "кінәрат" болып табылады және мұндай гаджеттер "дефектілі" саналады. Болашақта тәркіленуі мүмкін", – деп ескертті басылым.
Бұл оғаш, күлкілі, тіпті абсурдты жағдайға соқтырды. Мысалы, ресейлік телекоммуникациялық алпауыт – МТС операторының сайты 2025 жылғы 19 қыркүйекте ғана жаһандық саудасы басталған iPhone 17 Pro моделіне келесідей сипаттама береді.
"Бұл тауардың кінәраты бар, сатып алу сәтінде онда міндетті ресейлік қосымшалар, соның ішінде қосымшалардың бірыңғай дүкені күнібұрын орнатылмаған. Компанияның қарсылығы нәтижесінде RuStore-ні алдын ала орнату мүмкін болмады", – деп хабарлады ресейлік ірі оператор.
Ақпарат құралдары ұқсас ескертпелер өзге ірі ритейлерлердің сайттарында орналастырылғанын қаперге салды. Оның бәрі су-жаңа өнімді "ақаулы" дейді.
Айтқандай, 1 қыркүйекте күшіне енген жаңа қағидаларға сәйкес, РФ тұрғындары ресейлік сервистер мен RuStore орнатылмаған девайстарды "сапасыз" ретінде дүкенге қайтарып, ақшасын кері ала алады.
Бұл жайында сенатор, Федерация кеңесінің мемлекеттік құрылыс комитеті басшысының бірінші орынбасары Артем Шейкин мәлімдеді. Оның байламынша, осындай батыл қадам арқылы РФ өзінің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық тәуелсіздігін нығайта түсті.