Экс-қазақстандық, бұрынғы Петропавл тұрғыны Ирина Ф. 2000-шы жылдардан бері Ресейде, Омбыда тұрады.
"Бір балам ересек, ол Қазақстанды таңдап, 15 жыл бұрын кері оралды. Біз Петропавлда тұрғанда ескі заттарды осал отбасыларға, қайырымдылыққа тапсыратынбыз. Ресейде олай жасамайды. Балалардан қалған барлық киімді "ВК", Авито арқылы саудаға қоямыз. Әйтпесе, мұғалім ретіндегі айлығым 44 мың рубль ғана, ештеңеге жетпейді", – дейді Ирина.
Сонымен, 90-шы жылдардағыдай Ресейде стихиялы сауданың ренессансы басталды. Осы орайда РФ тұрғындарының және бұл елге қонаққа келген шетелдіктердің арасында кез келген қаладағы көшелерді видеоға түсіретін тренд пайда болды. Өйткені көшелер бейберекет жәрмеңкеге толып барады: жергілікті жұртшылық ағаштардың арасына жіп тартып немесе жерге картон тастап, оған сатуға жарайтын, тіпті жарамайтын затын, көбіне, киімін жаяды.
Бейнеайғақтардан байқалғандай, мұндай жәрмеңкеге келушілер де ығы-жығы: заттарды ақтарып, таңдап, саудаласып жатыр. Қолдан жасалған сөрелер жанындағы жоғары сұраныс пен нөпір халық солтүстік көршіміздің әл-ауқатының шынайы деңгейінен және тұтыну нарығының терең трансформациясынан хабар береді.
Әрине, "гараждық жаппай сатулар" тіпті дамыған елдерде, мысалы, АҚШ-та да танымал. Бірақ олардан айырмашылығы, сарапшылардың түсіндіруінше, Ресейдегі ескі киімдердің – балалар гардеробынан бастап, қайтыс болған жақын-жуығынының мұрасына дейінгі заттардың қызу саудасының артында винтажға немесе коллекциялық заттарға деген әуестік емес, өзгермелі экономикалық жағдайдағы халықтың амалсыз "жанбағыс стратегиясы" жатыр.
"Осыдан 5 жыл бұрын ресейліктерге секонд-хендтен киім сатып алғанын мойындау үлкен ұят болатын. Ондай адамдардан жиіркеніп, жолдас-жора, таныстары араласпай қоятын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Енді ешкім таңғалмайды. Керісінше, адамдар киілген киімді қай жерде сатып алғанын, онда таңдауға тұрарлық заттар барын айтып, дүкеннің мекенжайымен бөліседі. Қонаққа жинала қалғанда осындай сатып алуларын талқылайды. 2026 жылы Ресейде ескі заттарды сатып алу бұрынғыдай, хипстерлік тренд немесе экологиялық ұстаным емес (қоқысқа тасталған ескі киімдер микропластик бөледі), бұл – киінудің үйреншікті тәсілі", – деп жазды ресейлік шолушы Алина Уланова.
Ол басқа түгіл, тіпті ел астаналары – Мәскеу мен Петербордың өзінде "б/у" киімдерге деген ең жоғары қызығушылық тіркелгенін еске салды.
Неге "біреуден қалғанды кию" сәнге айналды?
Ресейлік сарапшылар кейінгі 2 жыл бойы РФ-та ескі-құсқы заттарға деген сұраныстың күрт өсу себептерін зерделеді. Қорытындысында келесі байламға келген:
- Тұтыну мәдениеті өзгеруде: қолданыста болған заттар мен киімді сатып алу бұдан былай оғаш, ұят нәрсе саналмайды, соғыс пен санкциялар жағдайында ол күнделікті қажеттілік.
- Батыс брендтері жаппай кетті: 2022 жылы соғыс басталғанда, батыс брендтері ресейлік нарықты тәрк етті. Басында оларды "достас" елдер – Қытай, Түркия, Үндістан жеткізушілері ауыстыруға тырысты, бірақ ресейлік тұтынушылардың сатып алу қабілеті төмен екенін түсініп, олар да кетуге мәжбүрленді. Нәтижесінде босаған кеңістікті секонд-хендтер, ресейлдер басуда.
- Жаңа киім бағасы қатты қымбаттады: баға орта есеппен кем дегенде 25,7%-ға, ал, кейбір сегменттерде бірнеше есе өскен. Сатып алушылар балама ретінде қолжетімді нұсқаларды іздей бастады. Іздегенге – сұраған: 90-шы жылдарда дәуірлеген секонд-хендтер қайта түлеп, халыққа арзандау, бірақ сапалы әрі төзімді (қалың да берік мата, сенімді фурнитура) киім-кешекті ұсынды.
- Онлайн-ресейл де сауданың көрігін қыздырды: РФ-та ондаған миллион адам ескі заттарын сатады, оның бәрі жайма жайып, далада тұрса, көшелер аяқ алып жүргісіз болар еді. Бұларға көмекке онлайн-базарлар: "Авито", Telegram-арналар, әлеужелілер келді. Тіпті Wildberries-дің өзі ескі затты сататын арнайы бөлім ашты.
- РФ-тың депрессивті аймақтарында жаман-жәутік, жүн-жұрқа заттарды таңдаудан басқа амал қалмай бара жатқан көрінеді. Деревняларда, алыс провинцияда секонд-хенд – өмірлік қажеттілік: статистика бойынша отбасы гардеробындағы мұндай сатып алулардың үлесі 70–80%-ға дейін жетуі мүмкін.
Қызық болғанда, кілең бай-бағылан, сәнқойлар тұрады делінетін, бұрын ең соңғы жаңа заттарды тұтынудың үлгісін паш еткен Мәскеу мен Петербор қазіргі кезде "ресейлдің" өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Бұларда ескі заттар ең белсенді түрде сатылуда.
Аймақтарда өз маршруты қалыптасқан: Қиыр Шығысқа, Хабар мен Владивостокқа заттар көбіне іргедегі Жапония мен Оңтүстік Кореядан тасылады. Ал, Еділ бойы (Поволжье), Орал және бізден шекаралас аумақтарындағы секонд-хендтер Қазақстаннан жеткізілімдермен толығады. Бірақ Қазақстаннан киім-кешекті сатып алмайды, көбіне тегін гуманитарлық көмек ретінде жинап, кейін солтүстік көршіде сатады екен.
Осы орайда Ресейде басқа да тосын тәжірибелер пайда болуда. Мысалы, бұрынғы семіз адамдардан қалған киімдерді кию "сәнге" айналып жатыр. "Новые Известия" газеті жазғандай, қоғамдық ұйымдар Мәскеуде арықтаған адамдарға өздеріне қажетсіз болып қалған үлкен өлшемді киімдерін тапсыру туралы үндеу тастады.
Жинау науқаны да басталған. Арыған жандардың киім-кешегін қабылдау пункттері жаппай ашылып, алыстан менмұндалайтын ашық түсті контейнерлер адам көп жиналатын жерлерге, мысалы, "Мәскеу-Ситиге", "Империя" мұнарасының холына, басқа бұқаралық алаңдарға қойылды.
Сондай-ақ "Новые Известия" секонд-хендтердің тіпті ресейлік брендтерді ығыстырып жатқанына назар аудартты. Жаңа аяқ киімнің былтыр тағы 59%-ға және фабрикадан жаңа шыққан киімнің 36%-ға қымбаттауы салдарынан киім бутиктеріндегі сауда 11%-ға құлдырады.
Мұндай жағдайда Ресейде ресейл сирек санаттағы клиенттерге ғана қызмет көрсететін дүкен болудан қалды. 2025 жылы киілген "люкс" киімдер сегментінің саудасы бірден 10%-ға өсіп, 253 млрд рубльге жетті. Бұқаралық арзан секторда өсім тіпті жоғары: ірі қалалардағы желілік секонд-хендтерге келушілер саны бір жылда 60%-ға артқан!
Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, ресейліктердің жартысына жуығы бұрын пайдаланылған тауарларды тұрақты түрде сатып алады. Сатып алушылардың қозғам-мотивациясы өзгерді: енді бұл тек үнемдеудің тәсілі ғана емес. Сонымен қатар бұл – ресейлік нарықтан кетіп қалған, клиенттер сағынған батыс брендтерінің заттарына қол жеткізу мүмкіндігі, деп жазды ресейлік баспасөз.
Нарыққа жүргізілген талдау жасырын тұрған мәселені әшкерелепті: РФ-та сапалы "б/у" заттардың қоры сарқыла бастады. Қазіргі ресейл ұсыныстарының негізін тозуға төзімділігі жоғары 2019-2022 жылдардағы коллекциялар құрайды.
"Алайда соңғы 2 жылда Ресейге Азия елдерінен, негізінен Қытайдан төмен бағамен жеткізілген киімдердің пайдалану мерзімі тым қысқа. Бір-екі жуған соң түсі өңіп, тігісі сөгіліп, тізесі мен шынтағы ағарып кетеді. Салдарынан, Ресейдің алдында аса жағымды емес перспектива – сапа тапшылығы көрініп тұр. Соның кесірінен, бүгін жаңадан сатып алынған заттар 1,5-2 жылдан кейін секонд-хендтерде қайта сатуға жарамай қалуы мүмкін. Олар тым тез тозады", – деп жазды "Новые Известия".
Демек, қазіргі қайталама нарық негізінен өткен онжылдықтардағы қорларға сүйеніп тұр және 2026 жылы шырқау шегіне шыққанға ұқсайды. Бұдан әрі сапалы киім-кешектің ұсынысы тек азая береді.
"Масс-маркетте киім сапасы төмендеп жатыр. Материалдары арзанқол, тігістері нашарлады. Жаңа заттардың өзі бір-екі маусымға ғана есептелген. Бұл да халықты секонд-хендтерге итермелейді. Өйткені одан сапалы жасалған өткен онжылдықтардың киім-кешегін, аяқ киімін табуға болады. Германиядан әкелінген 90-шы жылдардағы жүн пальтосын таптық, ол тағы 10 жыл киюге жарайды. 2000-шы жылдардағы Levi's джинсылары дүкендегі жаңаларынан мықтырақ. Секонд-хендтен "сапа – стандарт" болған дәуірдің заттарын табуға болады. 80-90-шы жылдардағы неміс және скандинавиялық брендтер, американдық джинсылар мен футболкалар, итальяндық былғары кездесті. Олар ондаған жылдар бұрын жасалған және тағы сонша уақыт қызмет етуге дайын", – деп жазды ресейлік "ИнМайРум" басылымы.
Ол дүкендері көптеген ресейлік үшін ескі болғанымен, іс жүзінде сапалы киімді табудың жалғыз мүмкіндігі екеніне назар аудартты. Жаңа жақсы киім қымбат, сол себепті, көпшілікке қолжетімсіз болып қалды.
Орташа жалақы 70-80 мың рубль болғанда, 20-30 мың рубль тұратын пальтоны алу отбасылық бюджетке айтарлықтай соққы болады. Сондықтан ресейліктер енді көшедегі киім үйінділерін қопарудан, көгеріп кеткен, нафталин иісі бұрқыраған қапырық дүкендерде секонд-хендті ақтарудан арланбайды: бір құнды дүние табудан үмітті. Бұл шынымен де бүгінгі ресейлік квестке айналды, дейді басылым.
Қазіргі кезде онлайн-базарлар да жедел түрде Ресейде орнаған жаңа өмір шындығына бейімделуге тырысуда. Бүкіл РФ бойынша кәдімгі киім дүкендері жаппай жабылып жатыр: нарықтан 18 мыңнан астам нысан кетті. Олардан босаған орынжайларда ресейл-платформалардың тапсырыс беру пункттері, арзандатылған тауарлар бөлімдері, тіпті кеңес кезіндегідей, "киім жөндеу шеберханалары" ашылуда.
"Авито", "Юла", "Вещевой", Wildberries-тегі ресейл, Telegram мен VK-дағы аймақтық-қалалық жеке тақырыптық топтар, стоктар, комиссиялық дүкендер, секонд-хендтер – бұл "экожүйенің" бәрі көршіде жай ашылып қана қоймай, қарқынды өсіп-өркендеп жатыр.
Ыңғайлы іздеу, фильтрлер, фотосуреттер, жеткізіп беру – бәрі кәдімгі интернет-дүкендегідей. Қиындықтар кейінірек басталады: сатушылар негізінен кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлға болғандықтан, сапасыз тауар үшін ақшаны қайтару қиынға соғуы мүмкін.
Көп жағдайда "сауда сақал сипағанша" деген қағида қолданылады. Пайдаланушылар әкелінген заттың сипаттамасына сәйкес келмейтініне жиі шағымданады.
Тағы бір парадоксы сол, РФ-та танымал болуына байланысты тіпті секонд-хенд те біртіндеп қымбаттап жатыр. Егер бұл үрдіс сақталса, ескі киім де солтүстік көршіміздің көптеген тұрғынының қалтасы көтермейтін дүниеге айналуы қаупі бар.
"Ресейліктердің 49%-ы кем дегенде бір рет киім-кешегін сатуға шығарған не онысын жеке тұлғалардан сатып алған. Көбінесе пайдаланушылар киім, аяқ киім, электроника және балалар тауарларын сатады. Нақты соманы көрсеткендердің арасындағы орташа табыс 11 000 рубльді құрады. Біреулер үшін бұл табыс көзі, басқалары үшін – шкафтағы орынды босату тәсілі. Ресейліктердің тек 18%-ы ғана қажетсіз заттарын қайырымдылыққа береді", – деп түсіндірді "Авито Товаров" коммерциялық директоры Алексей Ли.