Көрші елде кең ауқымды дағдарыс басталды

552

Тіпті министрлер мен депутаттардың жүйкесі сыр берді.

Көрші елде кең ауқымды дағдарыс басталды Фото: airpano.kz

РФ экономикасы құрылымдық дағдарыстың батпағына белшесінен батып барады. Бұл енді "уақытша қиындықтармен" немесе сыртқы жаудың жымысқы әрекетімен ақтап алуға келмейтін іргелі дертке айналған сыңайлы. 2026 жылдың тек І-ші тоқсанында ғана федералды бюджеттің тапшылығы 4,5 триллион рубльден (шамамен 60 миллиард доллардан!) асты. Апаттың ауқымын аңдау үшін бір ғана салыстыруды келтірсек те жеткілікті: бұл көрсеткіш биылғы жылға жоспарланған бүкіл тапшылық межесінен 800 миллиардқа артық, деп жазды inbusiness.kz.

Науқас экономикаға мұнай "екпесі" да ем болмас

Көптеген сарапшылар АҚШ пен Израилдің Иранға шабуылы кесірінен шарықтаған мұнай бағасы РФ-тағы жағдайды күрт түзейді деп болжаған еді. "Қара алтын" барлық дерттің дауасы ретінде қарастырылатын. Бірақ бұл жолы ғажайып орын алмады.

Тіпті сәуірде қазынаға тамған қара алтынның наурыз айындағы шектен тыс табыстары да жағдайды түбегейлі түзете алмапты. Көршіде қаражат енді базалық қажеттіліктерге де жетпей жатыр: асфальттағы шұрық-тесік шұңқырларды жамаудан бастап, операциялық үстелдерге және мектеп парталарына дейін қаржы жоқ.

Бұрын шетін шара ретінде қарастырылатын бюджетті секвестрлеу, яғни, қысқарту қайшысы бүгінде іс жүзінде әмбебап аспапқа айналды. Табиғаттың бергеніне ғана телмірген экономиканың тағдыры таусылмас үміт пен тоқыраған қазынаның арасындағы арпалысқа айналады екен.

Мәселен, жыл ортасына жетпей жатып, сәуір айында-ақ РФ вице-премьері Марат Хуснуллин тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта апатты жағдай қалыптасқанын мәлімдеп, дабыл қақты. Биылғы қаңтарда апаттар саны былтырғыдан 2 есеге жуық артқан.

Бюджеттің қолдауынсыз қалған аймақтар коммуналдық шаруашылықты қолдау бағдарламаларын жаппай доғаруда. Салдарынан тұйық шеңбер пайда болды: ақша аз бөлінсе, қазандық-құбырда апат көбейеді, авария өршісе, болашақта бұдан да көп шығын қажет, бірақ оған қаражат жоқ. Бұл тауқыметті шеңберден шығар жол іздеген РФ Үкіметінің әрекеті өз көлеңкесін басып озғысы келіп, сілекпесі шыққан әпендіні елестетеді.

Жекелеген мысалдардан макроэкономикаға көшсе, көрініс бұдан да көңілсіз бола түседі. РФ Қаржы министрлігінің мәліметінше, қаңтардан наурызға дейін федералды бюджеттің кірісі 8,3 трлн рублді құрады: бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-дан астамға аз.

Шығындар, керісінше, 13 триллионға дейін өсті, бұл өткен жылғы деңгейден 17%-ға жоғары. Соның кесірінен тапшылық 4,576 трлн рубльге дейін жетті! Бұл былтырғы бірінші тоқсандағыдан 2,5 есе көп және ең маңыздысы – бүкіл бір жылғы бюджетте бекітілген тапшылық (3,8 триллион) лимитінен 800 млрд рубльге (10,6 млрд долларға) асып түсті.

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс кесінінен бағасы әлі де аспандап тұрған мұнай-газ саласынан Ресейге келер қайыр шамалы көрінеді. Тіпті оңтайлы сценарийдің өзінде наурыз-сәуір айларындағы қосымша түсімдер ең көп дегенде 500 млрд рубль болады деп бағалануда. Бұл тек наурыз айындағы (800 млрд) тапшылықты ішінара ғана жабады.

Оның үстіне көршіден бұл кіріс те бұл-бұл ұшуы мүмкін: Украина тарапынан ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына, порттары мен қара алтын қоймаларына соққылар үдеді және олар келтірген залал РФ экспорттық мүмкіндігін шектеп, мұнай өндірісін құлдыратуда.

Бостандықта "өлуге" рұқсат сұраған бизнес

Экономиканың және құрылыстың локомотиві болуға тиіс инфрақұрылымдық сектор өзінің де күйрей бастағаны туралы белгі беруде. Ресейдегі жол құрылысы мен жөндеумен айналысатын ірі компанияларды біріктіретін Ұлттық инфрақұрылымдық компаниялар қауымдастығы (НАИК) Үкіметке "каскадтық банкроттықтардың басталғаны" туралы үрейлі хат жолдады. Мемлекеттік келісімшарттар бойынша бюджеттен төлемдердің кешіктірілуіне байланысты компаниялардың жалпы дебиторлық берешегі бірінші тоқсанның қорытындысында бірден 2,5 есеге өсті!

Үнемдеуге тырысқан Үкімет осылай бизнестің төлем қабілетсіздігі дағдарысын тудырды. Күйзеліс салық түсімдерінің азаюына соқтырады және сол арқылы мемлекеттің өзіне соққы болып тиді. Есеп айырысусыз қалған ресейлік компаниялар салық төлеуін тоқтатып жатыр.

Әрі қарай бәрі белгілі қалыппен өрбиді: салық органдары салық төлемегені үшін кәсіпорындарды өсімпұлдармен және айыппұлдармен жазалауда. Соның кесірінен тау басынан құлаған қар жентегіндей қарқынды өскен қарызын төлей алмай, кәсіпорындар жабыла бастаған.

Осыған орай қауымдастыққа кіретін жол құрылысшылары бір өтініш жасап отыр: 2027 жылдың соңына дейін тексерулерді тоқтатып, түрмеге жабу қаупін жоюды (хатта: "қылмыстық және субсидиарлық жауапкершілік қаупін алып тастау" деп дәйектелген) сұрады. Бұл енді дамуға демеуді емес, ең құрыса бостандықта "өлуге" мүмкіндік беруді ғана өтінумен тең.

Ресей экономикасын барған сайын кең қамтыған төлем қабілетсіздігі дағдарысы тіпті ресми статистикада да көрініс тапты. Росстат мәліметінше, 2026 жылдың басында мерзімі өткен дебиторлық берешек рекордтық 7,7 триллион рубльге жетті. РФ-тің тарихында мұндай антирекорд ешқашан болмаған! Түсіндіре кетер жайт, дебиторлық берешекке клиенттерінің бәрінің, соның ішінде мемлекеттің бизнеске төлеуге тиіс барлық қарыздары кіреді.

Енді тіпті елдің жоғарғы басшылығы да мәселені мойындауға мәжбүр. Владимир Путин экономикалық мәселелер жөніндегі арнайы кеңесте Ресей экономикасының екінші ай қатарынан құлап бара жатқанына наразылығын білдірді.

"Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, екі ай қатарынан экономикалық динамика, өкінішке орай, төмендеп жатыр. Жалпы алғанда, қаңтар-ақпан айларында ЖІӨ 1,8%-ға қысқарды. Өңдеуші салалар да, өнеркәсіптік өндіріс те, құрылыс та минусқа кетті", – деді Ресей көшбасшысы.

Ол РФ макрокөрсеткіштерінің траекториясы тіпті Үкімет пен Орталық банктің болжамдарынан да төмен екеніне назар аудартты. Сондай-ақ ол Ресейдегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны бірден 12,3%-ға артқанын қаперге салды. Әйтеуір, бір жерде өсім бар көрінеді.

Осы орайда РФ Экономика министрі Максим Решетниковтың Ресей экономикасындағы күрделі жағдай туралы мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

"Экономикадағы резервтер таусылды! Макроэкономикалық жағдай қазір соңғы жылдардағыдан әлдеқайда күрделі. Бұл рублдің нығаюы, несиенің қымбаттығы, кадрдың тапшылығы және бюджеттің шектелуі аясында ушықты. Экономикадағы жағдайдың оңай еместігі түсінікті, көп қайталамай-ақ қояйын. Меніңше, әсіресе салықтық өзгерістерден кейін бұл жағдай бизнестің қабырғасына қатты батып отыр", – деп ашық мәлімдеді РФ Экономикалық даму министрлігінің басшысы бүкілресейлік кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымы форумында.

Оның пікірінше, Үкіметтің қолынан келетіні – бизнеске тек "қалыптасқан жағдайға барынша бейімделуге" көмектесу ғана. Оның мәлімдемесін "Интерфакс" агенттігі келтіреді. Осыдан кейін ол жоғарыдан сөз естісе керек, ізінше бұл байбаламға толы мәлімдемесін жуып-шаюға тырысты. Бірақ сөз – атылған оқ, кері қайтпайды.

Айдаһардың құшағындағы импорталмастыру иллюзиясы

Мемдуманың Бәсекелестікті қорғау комитетінің басшысы Валерий Гартунг НСН-ге сұхбатында жағдайдың шынымен аса күрделі екенін мойындады. Кремль шенеуніктерге "дағдарыс" деген сөзді ауызға алуға тыйым салады, сондықтан олар "экономиканың салқындауы" деген біртүрлі терминді қолданатыны мәлім. Депутаттың пікірінше, ресейлік экономика салқындап қана қойған жоқ, ол мұз боп қатып қалды.

Осының алдында ғана Череповец балқыту-механикалық зауытының директоры Владимир Боглаев осыған ұқсас пікір білдірген еді. Оның бағалауынша, РФ экономикасын "салқындату" деп аталған процесс әлдеқашан "мұздату" сатысына өтіп кеткен.

Ол Ресейде қалыптасқан жағдайды "іргелі дағдарыс" деп ашық атады. Мұндай жағдайда өндіріске инвестиция салу мағынасыз: кәсіпорындар кеңеюдің орнына, жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр. Мысалы, ресейлік кәсіпорындар үш күндік жұмыс аптасына көшіп жатыр.

"Ресейлік өнеркәсіпшілер биліктің экономикалық саясатының сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеуде. Череповец балқыту-механикалық зауытының директоры Владимир Боглаев ресейлік экономикада "апат орын алып жатқанын", билік болса, "шынайы өмірден алшақтап кеткенін" жариялады. Оның сөзінше, экономиканы салқындату іс жүзінде импорталмастыру бағдарламасын күйретті. Боглаев қазіргі ахуалды КСРО-ның ыдырауы дәуірімен салыстырды", – деп жазды topwar.ru.

"Қоғамдағы ахуал өте қатты шиеленісіп барады! 90-шы жылдардан бері биліктің жұрт алдындағы беделін осылай белсенді түрде өзі түсіргенін көрген емеспін. Басқарушы элита экономикадағы нақты жағдаймен байланысын толық жоғалтты. Халықтың басшылыққа сенімін біржола құртатын өте жағымсыз шешімдер қабылданып жатыр", – деді Боглаев.

Мемдума депутаты Гартунг журналистермен әңгімесінде бизнестің мұнша мұңды, таусыла айтқан бағалауларын іс жүзінде қолдап, күрделі жағдайдың қалай туындағанын жіктеп беруге тырысты.

"2022 жылы санкциялар енгізілгенде күш алған импортты алмастыру бүгінде қарқынын жоғалтты, тіпті құрдымға кетті. Өйткені Қытайда және жалпы әлемде өнімді артық өндіру орын алуда: олар басыартық өнімінің бәрін экспортқа шығаруға тырысып, өзге нарықтарды жаулап алу үшін демпинг жасап жатыр. Бағаны түсіруде әлемдегі ең үлкен мүмкіндіктерге іргедегі Қытай ие. Ол осы төмен бағалармен Ресейдің нарығын басып қалып, ресейлік өндірушілерді жоюда. Кәсіпорындарымыз әлі де импорталмастырумен айналысады, бірақ Қытаймен бәсекелесу мүлдем мүмкін емес! Біз мысалы, былтыр небары 414 робот-манипулятор шығара алдық, ал, Қытай 250 мың данасын өндірді. Мұндай жағдайда біздің робот арзан бола алмайды", – деді депутат.

Оның байламынша, салдарынан ресейлік экономика жай ғана суыған жоқ, "ол мұз болып қатып қалды" және бұл жайт экономиканың барлық саласында байқалып отыр. Валерий Гартунг нақты мысал келтірді: ММК-да (Магнитогорск металлургия комбинаты) өндірістің құлдырауы 60%-ға жетті, КАМАЗ да шығынға батуда, өзге кәсіпорындарда жағдай осыған ұқсас: ахуал барлығы үшін дерлік ауыр, деп қосты депутат Гартунг.

Бұл тек бір ғана адамның пікірі емес. "Подъем" басылымына берген түсініктемесінде Мемдуманың Өнеркәсіп және сауда комитеті басшысының орынбасары Александр Спиридонов әлгіндегі зауыт директорының жанайқайын тым радикалды, бірақ әділетті деп атады.

"Меніңше, бұл тым радикалды баға. Бірақ оның эмоциясын түсінемін, өйткені елдегі, өнеркәсіптегі жағдай өте ауыр! Бүгінде тек оның ғана емес, жалпы көпшіліктің ашу-ызасы тасып, төзімі таусыла бастады. Біз экономиканың алға жылжып, өскенін, өнеркәсіптің өркендеп, дамығанын қалаймыз, бірақ мұның бірі де жоқ", – деп налыды депутат Спиридонов.

Мұндағы назар аударар жайт, сын жебесінің қай тараптан борап жатқанында. Бұл – шетелге табанын жалтыратып, Батыстың майшелпек грантын игеру үшін бұрынғы отанын күстәналайтын ресейлік оппозицияның жеңілтулақ мәлімдемелері емес. Бұл – іс басындағы саясаткерлердің және жергілікті нарықтың ыстық-суығына шыдап жүрген кәсіпорын басшыларының өзекжарды, ащы сөздері. Жүйенің ішкі механизміне кіріккен бұл тұлғалар қалыптасқан қиын ахуалға күнделікті куә болып, оны өз тәжірибесінің сүзгісінен өткізеді.

Қымбат несиенің қыл-бұрауы, құлдыраған сұраныс пен даму көкжиегінің тарылуы олардың жігерін құм етіп қана қойған жоқ, ертеңге деген сенімін де селдіретті. Ашынатыны да содан. Демек, бұл бағалаулар мен байбаламдардың салмағы әлдеқайда ауыр. Жүйенің ішінен шыққан "сұржылан" шындық – сырттан айтылған сыннан әлдеқайда қауіпті, өйткені ол алып қабырғаның сөгіле бастағанын алғашқы болып сезетін іргетастың дірілі іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу