Бұл туралы ресейлік басылымдар жазуда.
Қыркүйекте Ресейде кәдеге жарату алымын күрт көтеруге қатысты шешімді қабылдау халықтың наразылығына байланысты кейінге – 1 желтоқсанға қалдырылған болатын. Бұл мерзім таяп қалды.
"Автостат" порталының есептеуінше, алымның қатты артуын күткен РФ тұрғындары өткен қыркүйек айында жанталаса қимылдап, 48,4 мың ұсталған "иномарка" әкеліп үлгерді.
1 айлық көлік импорты көрсеткіші бойынша бұл көлем – рекорд саналады. Қазан айының қорытындысында рекорд жаңарып, осы сан екі еседей көбеюі мүмкін. Ресейде 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қозғалтқышының қуаты 160 ат күшінен асатын машиналар үшін утиль алым еселеп қымбаттағалы тұр.
"Сибирь.Реалии" порталының жазуынша, қолданыста болған автокөліктердің көбісі РФ-қа көрші Жапониядан әкелінеді. Одан кейін Корея мен Еуропа тұр. "Б/у" сегментінде көршідегі ең танымал маркаларға Toyota, Honda, BMW, Kia және Volkswagen жатады. Қытайлық ұсталған көлікке сұраныс жоқ көрінеді.
Утиль алымның өсіп, көліктің қолжетімсіз болып қалуын ресейліктер үреймен күтіп отыр. "РИА "Новости" агенттігі Владивостокта осы аптада кәдеге жарату алымына қарсы шеру өткенін хабарлады.
Осындай қарсылық акцияларына орай, РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров утиль алымды арттыру 2025 жылғы 1 желтоқсанға ысырылғанын мәлімдеді. Дегенмен, сарапшылар шамалы мерзімге кейінге қалдыру машиналардың кезекті қымбаттауына тосқауыл бола алмағанына назар аудартты.
Көршіде халықтың алаңдауы бекер емес: "Фаворит Моторс" компаниясының негізін қалаушы Владимир Попов жаңа ставкалар "темір тұлпарлардың" жаңа иелерінен миллиондаған рубль қосымша шығын шығаруды талап ететінін ескертті. Нақтылағанда, Kia Sorento (194 ат күші) үшін утиль алымның жаңа мөлшерлемесі шамамен 1,9 миллион рубльді (шамамен 13 миллион теңгедей), Hyundai Palisade үшін – 2–2,2 млн рубльді, BMW X5 үшін – 2,7 млн рубльді, Cadillac Escalade үшін – шамамен 2,9 млн рубльді құрайын деп тұр.
"Менің минивэнім бар. Бірақ ескірді, 2010 жылы шығарылған. 400 мың шақырым жол жүрді. Оның орнына жаңалауын және жақсырағын, мәселен, 3,5 литрлік Toyota Alphard-ды алғым келген. Соған қаржы жинап жатырмын. Енді бұл орындалмас арманға айналады. Себебі, машина біршама қуатты болғандықтан, утиль алымды көтергеннен кейін оның ақырғы құны қанша болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл нағыз тонау! Жұрттың бәрін кеңес одағындағыдай "Автоваз" өніміне отырғызу үшін билік тізеге салуда", – деді журналистерге Владивосток тұрғыны Алексей.
РФ Үкіметі бекіткен жоспар кәдеге жарату алымын 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен әрі үнемі көтеруді қарастырады. Ақырында ресейліктерге шетелден көлік әкелу мүлдем тиімсіз болып қалады. Іргедегі Ирандағы сияқты шетелдік маркадағы автомобиль атаулы тек байлардың игілігіне айналады.
Үкіметтің жоспарлауынша, көлік құралдарының құны оның "жасына", қозғалтқышының типіне, көлеміне және қуаттылығына, яғни, ат күшіне байланысты біртіндеп көтеріліп отырады.
Мәселен, қоғалтқышының көлемі 1-ден 2 литрге дейін баратын, қуаттылығы 160-тан 190 ат күшіне дейін жететін, зауыттан шығарылғанына 3 жылдан асқан автомобиль үшін утилизациялық алым 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап – 1,2 миллион рубль (шамамен 8 миллион теңге) болса, 2030 жылы 2,2 миллион рубльге дейін жеткізіледі.
Қозғалтқышының көлемі 3 литрден асатын автомобильдер үшін утиль алым 2025 жылы 2-4 миллион рубль (26,8 миллион теңгедей) аралығында болса, 2030 жылға қарай 8 миллион рубльге дейін жоғарылайды.
Автокөліктердің кейбір категориялары үшін кәдеге жарату алымының сомасы алапат көлемде, 200-300 есеге дейін өскелі тұр. Мұндай жағдай Камчат, Хабар, Забайкал, Владивосток пен Примор өлкелері, Сахалин, Амур облыстары сияқты өңірлерге оңдырмас соққы болуы мүмкін. Оларда машиналардың басым көпшілігі, кейбірінде – барлығы дерлік Жапониядан тасылады. "Автоваз" өнімдері оларға жетпейді.
"Владивостокқа ай сайын Жапониядан шамамен 30 мың машина әкелінеді. Утиль алымның еселеп өсуі бұл мүмкіндікті жоққа теңестіруі мүмкін. Бұл жерде тек қуатты әрі элиталы авто ғана емес, қарапайым халықтың пайдаланатыны да елеулі қымбаттағалы тұр. Бағасы қолжетімді болған "халықтық" жапондық көліктер 1 миллион рубльге (шамамен 6,7 миллион теңгеге) қымбаттайды. Бізде санкциялар кесірінен автомобиль құны онсыз да жыл сайын жоғарылап барады. Жағдай құрдымға жақындады", – дейді жергілікті кәсіпкер Георгий.
Мұндай ахуал тек шекаралық өңірлерде ғана емес. Faridaily телеграм-арнасы 2025 жылғы қыркүйекте РФ өнеркәсіп және сауда министрлігінің қоғамдық сараптамаға шығарған, утиль алымның жаңа ставкаларын бекітетін Үкімет қаулысының жобасы бүгінде шамамен 130 мың ресейліктің дизлайкін жинағанына назар аудартты.
Кәдеге жарату алымын арттыруға "Ресей автоөндірушілері бірлестігінің" хаты сылтау болды. Хатқа "Камаз", "Газ" және "Соллерс" басшылары қол қойған. Хат авторлары Үкіметтен жеке тұлғаларға арналған утиль алымды қазіргідей тек қозғалтқышының көлеміне қарай емес, енді қуаттылығы бойынша да есептеуді ұсынды.
Үндеуде көрсетілгендей, бұл қытайлық көліктердің экспансиясына тосқауыл қою үшін қажет көрінеді. Өйткені турбоқозғалтқыштары бар автокөліктер, гибридті машиналар қозғалтқышының шағын көлеміне қарамастан үлкен қуаттылыққа қол жеткізе алатыны, жоғары жылдамдықты өрістететіні алға тартылды.
Бұл өзгерістердің тағы бір мәні – жеке тұлғаларды импорттаушы компаниялармен бір деңгейде алым төлеуге мәжбүрлеу. Себебі, қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру-жарнама беріп, шетелден көлікті жеке адамдар да айдап әкеліп жатыр.
"Перекуп" аталатын бұл делдалдар тапсырыс берген кез келген көлігіңізді алыс және жақын шетелден әкеп береді. Бірақ түрлі алымдарды төлемеу үшін ол машинаны алдымен өз атына рәсімдейді.
Бұл қадам сондай-ақ соғыс басталғалы Ресейден кетіп қалған дамыған елдердің автоконцерндерін қайта оралуға, ал, қытайлық зауыттарды өндірісін РФ-қа көшіруге мәжбүрлеуді көздейді. Мысалы, қытайлық Chery концерні автомобиль маркаларының бірқатарын Ресейде жинай бастады. Тиісінше, утиль алым өскен соң, одан босатылған "Чери" машиналарына сұраныс артады деп күтілуде.
Қазақстанда барлық көліктен, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасынан да жиналатын бүкіл алым бюджетке түспейді, "Жасыл Даму" АҚ атты квазимемлекеттік ұйымға беріледі, ол оны өзі қалаған жобаға жұмсайды, мысалы, қоқыс өңдеу зауыттарын, ескі көлік қалдықтарын кәдеге жаратушы кәсіпорындарды қолдауға бағыттайды.
Бұдан айырмашылығы, Ресейде утиль алым ел қазынасын толтырады. Қазақстан сияқты, РФ-тің бюджеті де жаңа тарихында болмаған алапат бюджеттік тапшылыққа тап болды. 2024 жылы қағидалардың қатайтылғанына қарамастан, федералдық бюджетке жиналған утиль алым көлемі 1,5 есеге құлдырады.
Үкімет болжамынша, 2025 жыл қорытындысында бюджетке құйылатын кәдеге жарату алымы жоспардағыдан 440 миллиард рубльге азайып, 1,1 триллион рубльді құрайды. Бұлайша күрт құлдырауына шетелден жаңа автокөліктер импорттының азаюы ықпал еткен. Сонымен бірге, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында РФ-та жаңа автомобильдердің сатылымы бірден 22%-ға құлады.