Көрші елде қорқынышты оба індеті "тарап жатыр"

1595

Іргедегі елдің Іркіт өңірінде төтенше жағдай қалыптасуда.

Көрші елде қорқынышты оба індеті "тарап жатыр" Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ресейдің Иркутск облысында оба індетін жұқтырды деген күдікпен 200-ден астам адам ауруханаға жатқызылды. Атының өзінен адамзат шошынатын кеселден көз жұмған бойжеткенмен қарым-қатынаста болған жүздеген адам қатаң медициналық бақылауға алынды.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, контактіде болған барлық адамдар екіге бөлініп, Иркутск облысының екі жергілікті ауруханасына шұғыл түрде оқшауланды. Тағы 20-ға жуық адам арнайы обаға қарсы институтқа жіберіліп, ерекше бақылауға алынған. Ауруханаға түскендердің кейбірінде аурудың қауіпті нышандары байқалып үлгерген. Бірақ үрейлі диагноз ресми түрде қойылмады: дәрігерлер ең нашар сценарийдің алдын алу үшін күресіп жатыр.

Иркутск облысындағы Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы қатаң шаралар енгізілді. Аурухана стационары карантинге көшіріліп, бірнеше бөлімшеде науқастарды қабылдау мен шығару уақытша тоқтатылды.

"РЕН ТВ" телеарнасының хабарлауынша, ахуал шегіне жетіп тұр, шұғыл қызметтер мен құқық қорғау органдары өлім қаупін тоқтату үшін науқастармен соңғы аптада кездескен әрбір адамды анықтауға тырысуда.

Іркіт қаласында күш құрылымдары мен әкімшілік ведомстволар басшыларының қатысуымен шұғыл кеңес өтті. Сондай-ақ, 2 қазанда санитарлық-эпидемияға қарсы комиссия жедел отырысқа жиналған: оған Мәскеуден "Роспотребнадзор" федералдық агенттігінің басшысы Анна Попованы өзі арнайы жетіп, жеке қатысты.

Шелехов қаласының жұртшылығы үрей құшағында: жергілікті тұрғындар көшелерде толық бітеу қорғаныш костюмдер мен бетперде киген адамдар қаптап кеткенін әлеуметтік желіде жазды. Төтенше жағдайдың атмосферасы күн санап күшейіп келеді: куәгерлердің мәлімдеуінше, әлеуметтік мекемелерге, соның ішінде балабақшаларға қорғаныш құралдары мен қолғаптарды жаппай тарату басталып кетті.

Өлімге соқтырған өкпе обасының құрбаны – обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері. 29 қыркүйекте әйел "ковид" деген күдікпен Шелехов ауруханасына жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Небәрі екі күннен кейін, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол көз жұмды.

Жұқтыру ошағы қайда?

Қауіпті індеттің ошағы қайда екені жұмбақ күйінде қалуда. Ресейлік Mash Telegram-арнасының дерегінше, тергеушілер жұқтырудың екі сұмдық нұсқасын қарастырды. Біріншісі – жұмыс орнындағы қайғылы кездейсоқтық: обаға қарсы мекеменің лаборанты диагностика үшін биоматериал жинау кезінде қауіпті бактериясы бар пробирканы байқаусызда сындырып алған. Зертхана бүгінде шынымен де талдаулар қабылдауды және жоспарлы зерттеулер жүргізуді тоқтатты.

"Құрбанның аты Дарья Шипилова: ол Иркутск обаға қарсы институтында лаборант болып жұмыс істеген. 25 қыркүйекте ол өкпе обасының қоздырғышы бар пробирканы сындырып алған, содан кейін өзін нашар сезінген. Бұл туралы оның әріптестері де мәлім етті. Әйел Шелехов аудандық ауруханасына жатқызылды. Ол жерде үш күн болып, 2 қазанға қараған түні қайтыс болды", – деп жазды "Люди Байкала" басылымы. Бұл нұсқаны ресми ведомстволар әзірге жария түрде растаған жоқ.

Екінші нұсқа – қатерлі іссапар: ресейлік ақпарат құралдары бұған дейін әйелдің Моңғолия шекарасында "обаның табиғи ошағы тіркелген" Бурятияға жұмыс сапарынан оралғанын хабарлады.

Қауіп-қатердің 7 күндік кезеңі Ресейде тек енді басталуда

Билік өкілдері Шелехов қаласындағы аурухана науқасының шын мәнінде обадан қайтыс болғанын ресми түрде растады. Бұл туралы 2 қазанда "Макс" мессенджеріндегі арнасында Бурятия басшысы Алексей Цыденов мәлімдеді. Алайда ол бұл өлім оқиғасына өз өңірінің қатысы барын жоққа шығарды.

"Роспотребнадзордың, сондай-ақ Бурятия Республикасы үкіметінің мәліметінше, Иркутск облысында обадан қайтыс болған әйел Бурятияға келмеген. Республикада оба ошақтары жоқ, соның ішінде Моңғолиямен шекаралас аумақта да жоқ. Жұқтыру ошағы Бурятияға қатысты емес өзге мән-жайлармен байланысты", – деді Цыденов.

Бұл ресми жоққа шығару көрші елдегі дүрбелеңді одан ары күшейтті: өйткені жауапты тұлғалар әлі күнге халықтың өміріне үлкен қауіп төндіретін індет эпицентрінің қайда екені туралы басты сұраққа жауап бермеді. 

Оның үстіне, Ресей ғылым академиясының академигі және Ресей білім академиясы президентінің орынбасары Геннадий Онищенко ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Иркутск облысында тіпті "басқа бір экзотикалық инфекция жайлауы" мүмкін екенін болжады.

"Ресейдегі барлық оба ошақтары табиғи: олар тұрақты бақылауда. Бірақ ызғар түскелі, обаның барлық тасымалдаушылары бүгінде "ұйықтап" жатыр", – деп түсіндірді эпидемиолог.

Бірақ оба қаупі сейілген жоқ: академик Геннадий Онищенко бұл қауіпті инфекцияның инкубациялық кезеңі шамамен жеті күнді құрайтынын ескертті. Бұл көрші елде індеттің өршу қаупі жоғары екенін және ықтимал жұқтыру толқыны өңірді алдағы апта бойы қамтуы мүмкін екенін білдіреді.

Әлемдегі оба: онжылдық тыныштық аяқталды, табиғи ошақтар қауіп тудырады

Оба Yersinia pestis бактериясы арқылы қоздырылады. Әлемде негізінен без-бубонды оба, өкпе обасы және септикалық оба түрлері таралған. Табиғи ошақтарда қоздырғыш ең алдымен кеміргіштер – суырлар, сарышұнақтар, құмтышқандар, тышқандар және қоян тектестер арасында сақталған. Көбіне бұл кеселді адамдарға бүргелер жұқтырады. Өкпе обасы адамнан адамға ауамен, тыныс алу жолдары арқылы берілуі мүмкін.

Аурудың таралу қаупін тек табиғаттағы қаптаған бактерия ғана емес, сонымен бірге диагноздың жылдам қойылмауы да ушықтырады. Обаны антибиотиктермен емдейді, бірақ терапия кеш басталса, (әсіресе өкпе формасында), онда асқынады және өлім қаупін күрт арттырады.

Бұған дейін Ресейде адамдар арасында обаның соңғы рет расталған жағдайы 2016 жылы Алтай Республикасының Қосағаш ауданында тіркелген болатын. Сол кезде суырды союға қатысқан 10 жасар ұл бала ауырған.

Ол аурудың ауыр түрін бастан өткерді, алайда ерте анықтаудың және уақытылы емдеудің арқасында аман қалды. Бұған дейінгі кезеңде РФ-тағы оба жұқтыру 2014, 2015 және 2016 жылдары тіркелген еді. Жұқтыру ауру суырларды аулау немесе союмен байланысты болды.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, оба Ресейден ешқайда кеткен, жоғалған жоқ: ел аумағында 11 табиғи ошақ сақталған.

"Роспотребнадзор" жыл сайын мониторинг, дератизация және дезинсекция жүргізеді. Эпизоотиялық белсенді аудандарда халықты вакцинациялауды және медициналық мекемелер үшін жаттығуларды ұйымдастырады. Жүйеге Обаға қарсы орталық, 12 обаға қарсы станция және 5 ғылыми-зерттеу обаға қарсы институт кіреді.

Әлемдік статистика да адамзаттың бұл індетті жеңбегенін, обаның қазіргі заманғы инфекция болып қалғанын көрсетті. ДДҰ мәліметінше, 2019-2025 жылдары 10 ел обаның тарауының ықтимал жағдайлары туралы хабарлаған: алтауында ол расталыпты.

Барлығы 3 847 ықтимал жағдай және 423 өлім тіркелді: жағдайлардың көпшілігі Конго Демократиялық Республикасына және Мадагаскарға тиесілі болды. 2025 жылы Мадагаскарда 51 расталған жағдай, Конго Демократиялық Республикасында – 54, Кенияда – 7 жағдай тіркелген. Енді оларға Ресей де қосылды.

Оба десе, неге адамзаттың шошитыны белгілі. Бұрын бұл індет миллиондаған адамды өлтірді, тіпті Еуропаны және Азияны бос қалдыра жаздады.

Тарихта "Юстиниан обасы" деп аталатын бірінші пандемия 531 жылы басталып, шамамен 50 жылға созылды. Екінші пандемия – "Қара өлім" – 1320 жылдар шамасында басталды. Әртүрлі бағалаулар бойынша 25 миллион адам, яғни, Еуразия халқының шамамен үштен бірі қаза тапты. Үшінші пандемия 1894 жылы Гонконгта басталып, шамамен 14 миллион адамның өмірін қиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу