Көрші елде күтпеген тарихи өзгерістер басталды

1343

Бұдан былай Мәскеу байланыста емес: бас қала өңірлермен бірге интернетсіз өмір сүруге үйренуде. 

Көрші елде күтпеген тарихи өзгерістер басталды Фото: ЖИ

Бұған оны қарсыласының төбеден дрон жаудыруы да бір себеп болса керек. РФ қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, тек бір тәулікте Мәскеуге қарай заулаған 280-нен аса пилотсыз ұшатын аппарат қағып түсіріліпті.

Дегенмен, басқа да себептер бар сияқты: мәскеуліктер тіпті дрон ұшпаған тыныш кезде де интернет пен байланыс қалпына келтірілмегеніне шағымданады.

Мәскеу бұрындары "әлемдегі ең цифрлық қала" мәртебесімен мақтанушы еді. Бұл шаһарда адам ұзақ уақыт бойы әмиянын ашпай-ақ өмір сүре алатын (ақыны бет-жүзбен, күлкімен, дауыспен төлей салу қарастырылған). Немесе жүргізушісі жоқ такси шақыру мүмкіндігімен туристерді тамсантатын. Енді интернетсіз оның бәрі адыра қалды.

2026 жылдың наурызында бұл көркем көрініс шыныдай шытынап, күйреді. Алдымен Мәскеу, содан кейін елдің жартысынан көбі кенеттен толық офлайнға кетті. Бұл жай ғана техникалық ақау емес. Бұл — "Мен байланыстамын!" деген сөз кенеттен элитарлық сән-салтанаттың белгісіне айналған жаңа шынайылық болса керек.

15 наурызда "Сбой.рф" порталындағы карта майдан даласындағы көріністі елестетті: мобильді интернеттің ажыратылуына байланысты шағымдар елдің ондаған аймақтарынан түсті. МТС, Т2, Yota, "МегаФон", "Билайн" және басқа операторлардың абоненттері бірдей қиындыққа тап болған: жүктеу жылдамдығы құлдыраған, әрі байланыс та тұрақсыз. Салдарынан, онлайн-қызметтерді, навигаторды, каршерингті, іздеу жүйелерін, мессенджерлерді, QR-кодтарды және басқа үйреншікті сервистерді пайдалану мүмкін болмай қалған.

Мәскеуде, Петерборда, Татарстанда, Башқұртстанда, Мәскеу, Свердловск, Ярослав, Новосібір, Саратов, Калининград, Челябі, Омбы, Түмен және басқа облыстарда мобильді интернет пен байланыс болмады, деп жазады news.ru.

Жаяулап қалған депутаттар

Бұл оқиғада бір жайт ерекше назар аудартады.

"Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ақпарат құралдарына түсініктемесінде барлық ажыратулар заңнамаға толық сәйкестікте жүзеге асырылып жатқанын нықтады. Шынында солай: биылғы ақпанның соңында Путин "Байланыс туралы" заңға жаңа түзетулерге қол қойды. Жаңарған заң бойынша операторлар ФҚҚ, құқық қорғау органдарының талабы бойынша байланысты мүлдем өшіруге міндетті болады. Ал, абоненттер мұндай жағдайда операторлар үстінен шағым айту, сотқа жүгіну құқығынан айырылды", – деп жазды msk1.ru.

Мемдума заңды 17 ақпанда қабылдады, президент оны 20 ақпанда бекітті, 2 наурызда заң күшіне енді. Сол кезден бастап РФ жұрты мобильді интернеттің жоқтығына жаппай шағымдана бастады.

Әсіресе, заң шығарушылардың реакциясы қызықты. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы заң үшін Мемдуманың ақпараттық саясат, IT және байланыс комитеті жауапты болған. Оның мүшесі Александр Ющенко журналистерге сұхбатында мұндай болады деп күтпегенін, естен тана жаздап отырғанын жеткізді. Өйткені заңды әзірлеушілер бұл Украинамен шекаралас өңірлер үшін қажет деп сендіріпті. Ол өңірлерге туған күн Мәскеуге де туады деп күтпеген.

"Біз "Охотный рядта" отырмыз. Бізде мобильді интернет те, Wi-Fi да жұмыс істемейді. Біз іс жүзінде байланыстан ажыратылдық. Жалпы, Мәскеу тұрғындарының барлығы толықтай ажыратылған және ешкім ештеңе білмейді. Бұл мүлде дұрыс емес! Алдын ала хабарландыру болуы керек еді: біз мұнша күнге байланысты үземіз деп. Сол кезде адамдар түсіністікпен қарайтын еді. Ол болмаған соң, қоғамда әртүрлі қажетсіз қауесеттер тарап жатыр", – деді Мемдума депутаты.

Жабық отырыста депутаттар мен шенеуніктер мобильді байланыс пен Wi-Fi жоқтығына шағымданды, деп жазды "Ведомости". Қызметтік телефондар мен электрондық пошта да жұмыс істемейтін болып шықты.

Мемдумадағы ақпараттық саясат комитетінің орынбасары Андрей Свинцов "Газета.Ru" тілшісіне жаңа байланыс форматын сипаттады: депутаттар қағаз анықтамалықты ашып, әріптесінің кабинетінің нөмірін және қай қабатта отыратынын тауып, жеке барып сөйлеседі.

"Құжаттарды компьютердегі сымды интернет арқылы жүктейміз, ол істеп тұр. Депутаттардың қолында әріптестерінің кабинетінің қай жерде орналасқанын көрсететін анықтамалықтар бар. Соны пайдаланып, өз аяғымызбен барып сөйлесеміз. Бірнеше күннен бері мобильді байланысты қолданбаймыз", – деді Свинцов.

Ол алдағы 3–6 ай ішінде Роскомнадзор кез келген VPN-трафикті де толық бұғаттау мүмкіндігіне ие болатынын мәлім етті.

"Telegram де VPN арқылы баяулатылатын болады. Егер біреу VPN жүктеп алып, мессенджерді пайдалануды жалғастырамын деп ойласа, қателеседі. Роскомнадзор бәрін толық бақылауға алады", – деді ресейлік депутат.

Ақ тізімдер және нақты өмір

Мемлекет мобильді интернет пен байланыстағы шектеулер кезінде "ақ тізімдегі" сайттарға қолжетімділік сақталатынын жариялаған болатын. Ол тізбеге тек ресейлік ресурстар кірді. Арасында – "Госуслуги", ресейлік әлеуметтік желілер, Mail.ru, "Яндекс" қызметтері, 4 ресейлік маркетплейс, "Дзен", Rutube, "Ресей поштасының", екі банктің, 1 күзет фирмасының сайттары, РЖД, "Туту.ру" көлік сервистері, 2ГИС, Gismeteo, прокуратура, ТЖМ, үкімет пен президент әкімшілігі ресурстары, орталық банк, үш байланыс операторы, онлайн-кинотеатр, екі авиакомпания порталы бар.

Алайда тәжірибеге келгенде, ресейлік пайдаланушылар бұл ресурстардың жұмыс істемейтініне шағымдануда. MSK1.RU оқырмандары кеше басты сервистердің де істен шыққанын хабарлады.

"Таганка ауданында автобус күтіп тұрғанда, е-картадан оның қашан келетінін көргім келді. Бірақ карталар мүлде жүктелмеді: байланыс жоқ. Ұялы байланыспен жазу немесе қоңырау шалу мүмкін болмады. Ақ тізімде бар "Макс" те, музыка қосымшасы да баяулап қалды", – дейді Мәскеу тұрғыны Виктория.

Тағы бір мәскеуліктің әңгімелеуінше, көшеде бір адам талып қалған. XXI ғасырдағы мегаполисте жедел жәрдем тез жетуге тиістей. Бірақ РФ астанасында емес: онда мобильді байланыс жоқ.

"Мәскеу көшесінде бір адам кенеттен өзін нашар сезінді. Байланыс жоқ. Жедел жәрдем шақыру мүмкін болмады. Бұл адамның ары қарайғы халі не болғанын білмеймін. Енді мұндай жағдайды әрбір Мәскеу тұрғыны бастан өткеруі мүмкін. 112 нөмірі соңғы уақытта жауап бермейді. Ал, стационарлық телефон барлық жерде жоқ. Яғни, төтенше жағдайда адам үлкен қалада мүлде байланыссыз қалады", – дейді Владимир.

Мәскеулік Наталья бірнеше күн бойы ақылы тұрақты төлей алмай жатқанына ашулы. Салдарынан оған 5000 рубль айыппұл салыныпты. Мұндай айыппұлдар ары қарай көбейеді деп қауіптенеді. Басқа пайдаланушылар банктік қосымшалар арқылы ақша аударуға мүмкіндігі жоқтығына қапаланады.

TelecomDaily ақпараттық-талдамалық агенттігінің басшысы Денис Кусковтың түсіндіруінше, байланыс саласындағы жағдай – кездейсоқ эпизод немесе тек Мәскеу аномалиясы емес, керісінше ресейлік телекоммуникацияның жаңа шындығы. Сарапшы интернет пен мобильді байланыс үзілістері елдің әртүрлі аймақтарында жүйелі түрде орын ала беретінін ескертті.

"Мәскеу бұл тұрғыда енді ресейлік басқа өңірлерден ештеңесімен ерекшеленбейді. Қазіргі кезде байланысты бұғаттаулар саны күрт көбейді. Сондықтан жақын арада жағдай тез жақсарып, үзілістер азаяды деп үміттенуге болмайды", – деді сарапшы.

Ресей электрондық коммуникациялар қауымдастығы (РАЭК) болжағандай, 2028 жылы ресейлік интернет жаһандық желіден толық ажырап, тәуелсіз жұмыс істеуге көше алады.

Пейджерлер мен таксофондар дәуірі

Нарық цифрлық дағдарысқа әбжіл әрі абсурдты түрде жауап қатты. Мәскеудің интернетсіз және ұялы байланыссыз қалуы аясында баламалы түрде байланыста болуға мүмкіндік беретін құрылғыларға сұраныс күрт өсті. Соның ішінде рациялардың, үй мен кеңсеге арналған стационарлы телефондардың, тіпті пейджерлердің саудасы қызған.

Мәскеуде пейджерлер мен рациялар сатылымы артты, деп жазды "Ведомости" төл дереккөзіне сілтеме жасап. Мысалы, пейджерлердің сатылымы 73%-ға, рациялар – 27%-ға, стационарлық телефондар саудасы – төрттен бірге өсті.

VPN кіріктірілген портативті маршрутизаторлардың танымалдығы да тез өсті. Бұған қоса, маршрутизаторлар қымбаттады: өткен жылы олар 10–15 мың рубль тұрса, бүгінде 25–50 мың рубль сұралады.

"Ресейліктер Wi-Fi маршрутизаторларын, әдетте, өткен жылдан бері сатып алуда: қаржылай көлемде сатылым 70%, саны бойынша 60% өсті. Соңғы күндерде маршрутизатор сатылымы Мәскеуде өскен жоқ", – деді Wildberries өкілдері Hi-Tech Mail-ге сұхбатында.

Алайда сарапшылар бұл қызбалыққа күмәнмен қарайды. TelecomDaily басшысы Денис Кусков пейджерде еш мән жоқтығын жеткізді.

"Қалалық тұрғындар үшін пейджер сатып алу қазіргі уақытта мәнсіз іс. Өйткені Ресейде мұндай байланыс қызметін көрсететін компаниялар қалмады. Бір жыл бұрын геологтарға пейджинг қызметін ұсынатын соңғы компания жұмысты тоқтатты", – деп хабарлады ол ТАСС агенттігіне.

Бір қызығы, Ресей астанасында қаланың қағаз картасына сұраныс артыпты. Мәскеудің қабырға карталары да сатылуда. Өйткені ресейліктер керекті мекенжайды бұрынғыдай смартфонға енгізіп, соның жетегімен жүре алмайды. Картадан адресті тауып, бағдарын қарындашпен сызу қажет.

Сонымен қатар, Мемдума байланыс дағдарысына байланысты тоқсаныншы жылдардың атрибуты – таксофондарды қайтаруды ұсынды. Ресей көшелерінде телефон будкаларын қайта қалпына келтіру азаматтардың байланыс пен интернет үзілісінен зардап шегуін жеңілдетеді. Бұл туралы ТАСС-қа Мемдуманың өнеркәсіп және сауда комитетінің мүшесі Игорь Антропенко мәлімдеді.

"Таксофондарды қайтадан орнату мәселесі өте өзекті. Бұл азаматтарға ұялы байланысты ажырату кезінде де байланыста қалуға мүмкіндік береді және қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді", – деді депутат.

Таксофон өндірушісі осы ұсынысқа дереу үн қатты. Пермьдегі "Телта" зауытының өкілдері таксофон өндірісі біраз жыл бұрын тоқтатылғанын жариялады. Бірақ егер үлкен сұраныс пайда болса, қайта жасай бастауға әзір.

Осылайша, болашақта Марсты отарлап, барлық мегаполистерінде ұшқышсыз логистиканы жолға қоюды армандаған алпауыт көрші мемлекеттің тұрғындары бүгінде ескінің сарқыншағына жүгініп, радио қабылдағыштар мен плеерлерге батарейкалар іздеп әлек.

Moscow never sleeps = Moscow is now never online. Ешқашан ұйықтамайтын қала қазір ешқашан байланыста болмайтын шаһарға айналып бара жатқандай. Әрине, оның емі бар: көршісімен қырылыспай, бейбітшілікке бас исе, бәрі бұрынғы қаз-қалпына келуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу