Көрші елде қызық құбылыс басталды

551

Ресейліктер тамыз айынан бері "таби" аталатын аяқкиім түрін жанталаса сатып алуда.

Көрші елде қызық құбылыс басталды Фото: canva

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, бір ғана айда РФ азаматтары "қос бақайдан" тұратын бұл кебісті иеленуге 600 миллион рубльдей (шамамен 4,2 миллиард теңге) жинағын жұмсаған.

Түсіндіре кететін жайт, таби – XV ғасырдан біздің дәуірімізге жеткен жапондық дәстүрлі аяқкиімнің бір түрі. Ол басқасынан адамның башпайларын қақ ортасынан екіге "бөліп тастауымен" ерекшеленеді. Текенің қос айыр тұяғына ұқсағандықтан, оны "теке кебісі" (козлиные тапки) деп те атайды.

Бұл тосын трендке алғаш болып назар аудартқан РФ Перспективті технологияларды дамыту орталығының (ЦРПТ) мәліметінше, бір айда кеткен 600 млн рубль – соңғы 4 жылдағы РФ азаматтарының аяқкиім сатып алуға жұмсаған шығынының ең жоғарғы көрсеткіші болып табылады. Сол себепті бұл құбылыс мамандарды да жалт қаратып, ынта-ықыласын туғызып отыр.

Орталық эксперттерінің мәлімдеуінше, ресейліктердің бұл шығысының күтпеген жерден көп болғаны сонша, ол тіпті бір айда РФ тұрғындарының дәмханалар мен мейрамханаларға баруына және азық-түлік сатып алуға бағыттаған барлық шығысынан да асып түскен.

Бұл жайт сарапшыларды "шок" қылды: әлемде өткен ғасырдан бері бар мұндай құбылыс Ресейде бұрын тіркелмепті және оның РФ-та не себепті туындағаны, не түрткі болғаны белгісіз. Ресейлік блогерлер оны ілгерілетуге тек кейін, жолай ғана қосылған. Қазіргі кезде "теке тұяқ" аяқкиім басқа өңірлері сыртында, әсіресе Мәскеу және Петербор тұрғындары арасында барынша кең танымал.

Мамандар дәстүрлі жапон ұлттық киімінің бір элементі саналатын "таби" бастапқыда тек байпақ, шұлық түрінде болғанына назар аудартады. "Күншығыс елінің" тұрғындары байырғыда "егер үлкен және кіші башпайларды айырса, бұл адамға қолайлылық әкеледі" деп есептеген. Кейін табиді теріден жасап, етік түрінде де кие бастады.

Оны киген адам билік өкілі немесе бай сияқты паңдана, тәкаппарлана, найқалып, шайқала жүретін болған. Өйткені жүгіргенде немесе тез жүргенде башпайларының арасындағы терісі қажалады. Сондай-ақ, ажыратылған башпайлар тым жылдам қозғалуға мүмкіндік бере қоймайды. Суық түссе, ызғар ессе, бөлінген башпайлар да тез тоңады.

Бірақ үйрене келе мұндай кебіс арқасында керісінше, ұшқыр қозғала алатын адамдар табылды. Мысалы, 1951 жылы жапондық жүйрік Сигэки Танака дәстүрлі табиге ұқсастырып арнайы жасалған кроссовкамен Бостон марафонында жеңіске жетті. Бұл оқиға америкалық ақпарат құралдарының үлкен қызығушылығын туғызғанымен, мамандар "башпайларын ажыратып тастау спортшының жарақат алуына соқтыруы мүмкін" деп, қауіп қылды.

Жапониядағы Эдо дәуірінде мұндай кебістер жапондық гардеробтың бөлінбес бөлшегіне, сонымен бірге – әлеуметтік мәртебенің нышанына айналды. Бұл бұйымның түсі феодалдық иерархия нормаларымен реттелді: салтанатты рәсімдер үшін тек ақ түсті таби кию салты енгізілген.

Самурайларға ғана көңілі қалаған, кез келген түстегісін таңдап киюіне рұқсат етілген. Бірақ олардың өзі күлгін және алтын түсті "теке тұяққа" қол соза алмапты – оған тек билігі жүретін бай-бағылан ғана лайық деп саналған.

Соған қарағанда, психологтардың байламынша, қазіргі адамдарға байсалдылық, кербездік, маңғаздық жетіспейтін болса керек. Сондықтан өткен ғасырдан бері табилер тек Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде сәнді аксессуар ретінде танымалдылыққа ие болды.

Беделді батыстық журналдар табиді әлем бойынша "2023 жылдан бергі ең танымал аяқкиімнің бірі" деп атап үлгерді. Бұған биыл оны насихаттауға білек сыбана кіріскен белгілі жұлдыздар мен инфлюенсерлер түрткі болды.

"Известия" газетінің жазуынша, ресейліктер де бұл дүрмектен қалмауға ұйғарды: көршінің маркетплейстерінде жапондық дәстүрлі аяқкиімнің қазіргі заманғы түрлі форматын – қарапайым модельдерінен люкс нұсқаларына дейін кездестіруге болады.

Ресейде табидің құны бір-екі мың рубльден бастап, сәнді-салтанатты нұсқалары жүз мыңға дейін баруы мүмкін. Мысалы, "теке тұяқ" ақ түсті туфли 97 мың рубльге (шамамен 680 мың теңгедей) сатылуда.

Айтпақшы, ресейлік ақпарат құралдары ресейліктердің тұтынушылық таңдауы стандартты емес модельдер пайдасына өзгере бастағанына назар аудартуда.

Мысалы, қуқы тірлік пен сұрқай минимализмнен шаршаған көршінің тұрғындары арасында қайтадан 90-шы жылдардағы сияқты алабажақ, түрлі-түсті киім кию тренд үрдіске айналуда. Бұл ретте клеш шалбарлар, белден төменірек түсірілген мини-белдемшелер, бомберлер, платформалы аяқкиім қайта сәнге кіріпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу