Көрші елде оқудың жаңа түрі нағыз абыр-сабыр тудырды

1836

Өзбекстанның білім беру саласында "зумерлердің цифрлық революциясы" басталды.

Көрші елде оқудың жаңа түрі нағыз абыр-сабыр тудырды Фото: canva

Оңтүстік көршіде онлайн білім беру нарығы жай ғана өсіп қоймай, жақсы мағынасында "жарылыс" жасап жатыр. 2024 жыл қорытындысында 126 миллиард сум белесін бағындырды. Сырттай (заочно) оқудың онлайн форматқа өзгертілуіне байланысты, 2025 жыл қорытындысындағы көрсеткіші одан еселеп артуы мүмкін.

Бұл қуатты серпін – "демографиялық дүмпумен", тиісінше, Өзбекстанда жастар үлесінің тез артуымен байланысты. Өйткені дәстүрлі университеттер инфрақұрылымдық шектеулері, ғимараттарының жетіспеуі кесірінен білім қуған жастардың барлығын қамти алмай жатыр, деп хабарлады upl.uz.

Жыл сайын мектеп түлектері санының рекордтық артуы (14-29 жастағы өзбек жастарының саны 11 миллионға жуықтады) ЖОО-лардағы әрбір орын үшін қызу тартыс тудырады. Биыл бәсекелестік ғаламат деңгейге жетті. ӨР Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, әрбір орынға 11 талапкер таласқан!

Бұл тығырықты жағдай жүздеген мың үміткерге білім алудың басқа жолдарын іздеуден басқа амал қалдырмайды. Олар тұйықтан шығарар жолды цифрлық кеңістіктен тапты. Онлайн курстар тек балама ғана емес, сонымен қатар диплом алудың және ең бастысы, жоғары жалақылы жұмыс пен мансаптық табысқа қол жеткізудің мейлінше жылдам әрі ең қолжетімді жолын ұсынатын "құтқарушыға" айналды.

Дегенмен, бұл революция тек "зумерлермен" шектелмейді. Цифрлық қайта өрлеу дәуірі тәжірибелі мамандарды да шабыттандырды: 25 жастан 45 жасқа дейінгі кәсіби мамандардың өзі "алтын дағдыларды" иелену үшін жаппай EdTech-ке бет бұруда.

Ересектер контингенті қолданбалы дағдыларды ұсынатын, нақты кәсіпке үйрететін курстарды таңдайды, бұл оларға жоғарғы білімі жоқ қатардағы қызметкерлер қол жеткізе алмайтын "мансаптық лифтімен" қозғалудың "алтын кілт-картасын" ұсынады. Олардың таңдауының логикасы тура әрі әділ. Небәрі 6 айда ақылы курс арқылы нарықта нақты сұранысқа ие дағдыларды игеруге болса, неге 4 жыл өмірін университеттер қабырғасында босқа құртуы керек?

Бүгінде Өзбекстанда бүкіл онлайн оқу сегментінің ең көп үлесін – 70%-ға жуығын IT-мен байланысты курстар құрайды. Өйткені бағдарламалау және цифрлық мамандықтар курстарын бітірген түлектердің өмірі күрт өзгеруде, шыңдарды тезірек бағындырады.

Өзбекстандық статорганның мәліметінше, бірнеше айлық оқуды бітірген соң айтишілер бірден 800 доллардан 1000 долларға дейін табыс таба бастайды. Ал, ЖОО-ға түсіп, ұзақ академиялық жолдан өтуді таңдаған дәстүрлі университет түлектері әрең дегенде 300-400 долларлық жалақы төлейтін жұмыс орнына тұрғанына мәз болады.

Жас ұрпақ үшін бұл жай ғана таңдау емес, бұл тиімділікті ұсынатын "референдум" десе болғандай. Көптеген өзбек жастары ұзақ академиялық сапарға қарағанда жетістікке жылдамырақ жеткізер практикалық бағдарламаларды қалайды.

"IT саласы – Өзбекстанның еңбек нарығындағы ең тартымды әрі ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. 2020 жылдан бері IT мамандары ең жоғары жалақы алатындардың төріне тұрақты түрде жайғасты. Оларға деген сұраныс та әрі қарай өсуде. Мобильді банкингтің қарқынды дамуы және халықаралық ойыншылардың Өзбекстан нарығына кіруі аясында жергілікті мамандарға сұраныс пен олар үшін бәсеке күшейіп келеді. Компаниялар нарықты байқаусызда өздері қыздырып алды. Өзінде ашылған бос орындарды маманмен толтыру үшін нарықтағы бақталастарына қарағанда көбірек еңбекақы ұсынады. Бұл мамандардың бір компаниядан екіншісіне кідіріссіз көшіп жүруіне, тіпті біліксіз мамандардың өзіне жоғары жалақы төленуіне, кадр тапшылығына соқтырды", – дейді TBC Uzbekistan компаниясының адами капитал жөніндегі директоры Анна Силагадзе.

Ресми статистикаға сәйкес, Өзбекстандағы IT саласындағы орташа жалақы келесі салаларда ең жоғары:

  • Компьютерлік бағдарламалау, консалтинг және басқа да қызметтер – айына орта есеппен 19,99 миллион сум (шамамен 1,2 миллион теңге),
  • Ақпараттық қызметтер – 18,64 миллион сум,
  • Байланыс – 11,75 миллион сум.

Білім беру саласында жалақы әрұдай: салыстырғанда, жоғары оқу орындарындағы орташа жалақы 9,51 миллион сумды құраса, балабақшаларда ол небәрі 2,77 миллион сумнан аса бермейді. Spot.uz мәліметінше, мектеп мұғалімдері 4,1 миллион сум, ал техникалық училище оқытушылары 4,2 миллион сум айлық алады.

Мемлекет бұл қозғалыстың қарсыласына емес, қуатты одақтасына айналып, оның алдынан біраз кедергілерді белсенді түрде жоюда. Қабылданған "Цифрлық білім беру туралы" заң онлайн форматтың мәртебесін дәстүрлі оқумен теңестірді. Ал, "Цифрлық Өзбекстан 2030" стратегиясы цифрландыруды ұлттық басымдық ретінде нығайтып, оны ұлттық мегажобаға айналдырды.

Сонымен қатар, мемлекеттік "IT Park"-тың өтемақы бағдарламасы оқу ақысының бір бөлігін өтеп береді, сол арқылы жастың алдынан туындаған қаржылық кедергілерді азайтып, онлайн курстарды барлығына қолжетімді етті.

Білім берудің жаңа түрлеріне деген қоғамдық сенім қамырдай қомпиып, тез-ақ өсіп келеді. Өзбекстандық бұл жүйенің тамсандыратын элементі – оның қарапайым халыққа мейлінше жақындатылғаны.

Мысалы, Қазақстан үйінен оқитын баланы бірнеше камерамен қатаң бақылауға алатын күрделі және қымбат прокторинг-технологияларды таңдады. Ал, Өзбекстанда онлайн білім беру процесінің үлкен бөлігі қарапайым Telegram мессенджері арқылы жүзеге асырылады. Осы арқылы тосқауыл азайтылды, оқу арзандатылды, күрделі платформаларға үрке қарайтын адамдар үшін оқуды қолжетімді етті.

Сонымен қатар, өзбек тіліндегі курстарға сұраныс тез өсіп келеді. Айта кететін жайт, бүгінде Өзбекстандағы әрбір екінші жас ағылшын тілінде сөйлейді. Әсіресе, көршіде балаларға арналған онлайн білім беру ғаламат қарқынмен дамуда: бір жылда 1 095% (!) өсімді паш етті.

Бауырлас ел бір оқпен бірнеше қоянды атып алады: Үкімет жаңа ұрпақты осылай цифрлық болашаққа дайындайды, дәстүрлі ЖОО жүйесінің шамадан тыс жүктемесін жеңілдетеді, ұлтты болашақтағы бәсекеге қабілетті дағдылармен мұздай қаруландырады.

Биыл онлайн оқытуға соны серпін берілді: Өзбекстандағы білім беруді трансформациялау аясында барлық университетте сырттай ("заочно") оқуға тыйым салынды.

ӨР Президентінің жаңа жарлығына сәйкес, 2025-2026 оқу жылынан бастап бүкіл ел бойынша университеттер сырттай оқытуға студенттерді қабылдауды толығымен тоқтатты. Тек бұрын түскендер оқуын аяқтай алады. Бұл шешім білім беру сапасын жақсартуға және мамандарды даярлауды бақылауды күшейтуге бағытталған ауқымды реформаның бөлігі болып табылады.

Сонау кеңес заманынан қалған, студенттер өз бетінше оқып, даярланатын және тек емтихан сессиялары үшін ғана университетке келетін сырттай оқыту – формат ретінде жойылды. Оған балама ретінде кешкі және онлайн формалар ұсынылды, деп жазды vaib.uz.

Оның үстіне мүлдем жаңа формат енгізілді, "кредиттік-модульдік жүйеге негізделген оңтайландырылған күндізгі білім беру" (part-time education). Оған сәйкес, студенттер күндіз оқи алады, бірақ оқу кестесі икемді болады.

Шәкірт оқуға қатысып, балл алған әрбір күні үшін кредиттік сағаттарды жинақтай алады. Бұл тәсіл студенттерге оқуды жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік береді, сонымен бірге оқу процесіне тұрақты әрі белсене қатысуын ынталандырады.

Қазіргі уақытта Өзбекстандағы студенттер саны оқу түрі бойынша (онлайн оқуды қоспағанда) былайша бөлінеді:

  • Күндізгі оқудағылар – 707 287,
  • Сырттай оқудағылар – 673 424,
  • Кешкі оқудағылар – 52 099.

Айтпақшы, Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, Өзбекстандағы шетелдік университеттердің саны 30-ға жетті. Осы тұрғыда Өзбекстан Орталық Азиядағы жаңа көшбасшыға айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу