Ресейлік және халықаралық ақпарат құралдары солтүстік көршіде тарихта болмаған дүрбелең басталғанын жариялады. Елдің барлық дерлік өңірлерінде алып жүк көліктерін жаппай тексеру жүруде.
Олар үшінші күн қатарынан федералдық және ішкіөңірлік трассалардың жиегінде ондаған шақырымдық кезек түзіп, қаңтарылып тұр. Біреудің "азабы" біреуге қызық: қасынан өткен өзге автокөліктер жолаушылары тарихта теңдесі жоқ бұл "фура-апокалипсисті" видеоға түсіріп, түрлі әлеужеліден таратып жатыр.
Сарапшылар мұның бәрі ресейлік стратегиялық әскери авиацияның 4 аэродромына Украинаның шабуылынан соң туындағанын айтады. Ішінен жарылғышы бар дрондар ұшып шығатын басқа көліктер РФ-тің өзге өңірлерінде жасырулы жатуы мүмкін.
Осыны ойлаған құзырлы органдар таңдап-талғамай, бәрін тегіс тексеруге кіріскен. Бұл елде теңдесі жоқ көлік кептелістерін туғызды. Оның соңы логистикалық коллапсқа соқтыра бастады. Кейбір ритейлерлер, саудамен айналысатын түрлі компаниялар жеткізу бұлай кешіге берсе, дүкендер және сөрелер босап қалатынын ескертті.
Соғыстың ызғары Украинамен арадағы шекарадан мыңдаған шақырым қияда жатқан Сібірге жетті. "Твой Иркутск" басылымының жазуынша, аймақта, Орталық Ресейдің трассаларында фуралардан ұзынсонар кезектер қалыптасуда. Полицейлер және арнайы құрылымдар әрбір жүк көлігі түрін тоқтатып, іші-сыртын мұқият тексеруде екен.
Ақпарат құралдары мысалы, Амур облысында федералдық трасса мүлдем жауып тасталғанын хабарлады. Өйткені күш құрылымдары "диверсанттары іздеп жатыр".
"Коммерсантъ" Чита-Хабаровск федералдық трассасының 11 шақырымы толығымен бұғатталғанын жазды. Қозғалыс көліктің барлық түрі үшін жабылған. Бұған Серышево кентінде тұрақтаған жүк машинасының прицепінің жарылуы себеп болыпты.
Куәгерлер бірқатар өңірде мобильді байланыста үзілістер пайда болғанын айтты. Мұның бәрі жұртшылық арасындағы дүрбелең атмосферасын және логистикалық тығырықты күшейтті.
Телеграм-каналдар ашынған, жыларман жағдайға жеткен жүргізушілер наразы видео жолдай бастағанын мәлім етті. Олар қалыптасқан дағдарысты "жолдардағы сұрапыл анархия" деп бағалады.
Өз кезегінде экономистер салаға бұл тексерістер жойқын соққы болғанын қаперге салды. "Лента.Ру" агенттігінің мәліметінше, жыл басынан Ресейдегі жүк тасымалдары тағы 30%-ға құлады. "АвтоГрузЭкс" қауымдастығы президенті Вадим Филатовтың дерегінше, РФ-та көлік-логистикалық қызметтерге де, жүк тасымалына да сұраныс тоқтаусыз құлдырап барады.
Бұған Ресей халқының басым бөлігінің тауар сатып алуды күрт азайтып, қатаң үнемдеуге көшуі себеп болыпты. Сонымен бірге, "Ресей банкінің" басты ставканы жоғары деңгейге ұстауы салдарынан банктер несие мөлшерлемелерін, ал, техниканы лизингке беруші компаниялар – лизингтік төлемдерін өсіруде.
Филатовтың түсіндіруінше, тек 2024 жылы бұл төлемдер орта есеппен 27-28%-ға, ал, жүк көліктерінің құны – 12 пайызға қымбаттады. Бұл факторлар жүк тасымалы секторындағы біраз компанияның банкрот болуына немесе басқа салаға ауысуына ықпал етті.
Салдарынан, "Infranews" порталының дерегінше, жыл басынан бері ауыр жүк көліктерінің нарығы бірден 2,5 есеге қысқарды. Бұл ретте 2025 жылғы қаңтар-мамыр аралығында РФ-та 20 038 жүк машинасы сатылған. Бұл 2023 жылғы 4 айдағыдан 49%-ға аз. Басылым Ресейді "бос тұрған фуралар елі" (страна опустевших фур) деп атады.
Сонымен бір мезгілде компаниялар техникаларын лизинг берушілерге кері қайтаруда. Фураларға қызмет көрсететін сервис орталықтарының жабылып жатқаны мәлім болды. Өйткені ішкі тасымал сыртында, сұраныстың доғарылуы трансшекаралық бағыттарда да тіркелді.
Мысалы, 2025 жылғы бірінші тоқсанда Қытай өз жүктерін РФ территориясы арқылы тасуды бірден 16%-ға кемітті. Түркия да бұл мемлекет аумағынан аулақтап, транзитін салмақты 18 пайызға азайтты.
Осының алдында "АвтоГрузЭкс" қауымдастығы премьер-министр Михаил Мишустинге хат жазып, салаға шұғыл көмек беруді өтінді. Ол кезде сұралған мемқолдау көлемі 19 миллиард рубльді құраған еді. Қауымдастық мемлекеттің көмегінсіз "сектордағы ахуалдың дамуы ең теріс сценариймен өрбитінін" ескертті.
Енді бұған тексерістер кесірінен фуралардың трассаларда тасбақа табандап жылжуы, немесе бірнеше күн бойы мүлдем қаңтарылып тұруы үстемеленді. Салдарынан, ресейлік бизнес-қауымдастықтың мәлімдеуінше, бұрынғы тапсырыстарын дер кезінде орындай алмаған және жаңа тапсырыстардан қағылған, сондай-ақ уақытында жеткізбегені үшін келісімшарт аясында айыппұл салынған тасымал компанияларының үлкен бөлігі банкрот болуы мүмкін.
"Дальнобойщиктер" де дабыл қағып, бүкіл ел аумағында жүк жеткізу жүйесі бұзылғанын жариялады. Бизнес шығын шегуде, қоймалар, көтерме тарату орталықтары әкетілмеген тауарларға лық толды. Клиенттер – жеке және заңды тұлғалар түсініктеме талап етуде. Бұл электронды коммерцияға, маркетплейстер жұмысына нұқсан келтірді.
Ресейлік ақпарат құралдары куәгерлерге және жүргізушілерге сілтеме жасап, құзырлы органдардың елді шарлап, әлдебір "Артем" деген кісіні іздеп жатқанын жеткізді. Өйткені ол украиналық шабуылдардың бәрінде пайдаланған фуралардың ортақ қожайыны болыпты-мыс.
Өзі Украина тумасы көрінеді. Басқа сипаттамасы белгісіз. "Артем" дегені бүркеншік ат болуы ғажап емес. Қалай болғанда, оны іздеушілер Қазақстанмен іргедегі Челябі облысындағы қоймаларды және автотұрақтарды тінтіп шықты. РФ-тің барлық дерлік субъектісінде полиция және басқасы жүргізушілерден және жұртшылықтан өздеріне "Артем" дегеннің шыққан-шықпағанын, егер кездестірсе, түр-түсі қандай екенін сұрап, бүкілресейлік сауалнама жүргізуде.
Бірақ әскери шолушылар және ресейлік "военкорлар" ешқандай постфактум-тексерістер РФ-тің жойылған стратегиялық авиациясын қайтара алмайтынын еске салды. Дәл осы кезде Батыстың бірнеше беделді сарапшысы Украинаның 1 маусымдағы шабуылдары кезінде Ресейдің шамамен 40-тан астам әскери ұшақтары жойылғанын мәлімдеді. Өйткені 2 маусымда Киевтің өзі бастапқы дерегін қайта қарап, 12 немесе 13 ұшақтың құртылғанын нақтылаған еді.
Тәуелсіз сарапшылар санның қайта өсуіне жаңа түскен құпия видеоларды өңдеу ықпал етті дейді.
Киевке арнайы келген қауіпсіздік саласының маманы, британдық аналитик Джимми Раштон (Jimmy Rushton) Украинадағы өз дереккөздері шабуылдың бұған дейін еш жерде жарияланбаған видеокадрларын көрсеткенін хабарлады. Бейнежазбада 2 FPV-дронның қашықтан радиолокациялық анықтаудың А-50 ұшақтарының екеуінің радарлық күмбезіне тура қонып, жарылғаны бейнеленген.
"Маған жексенбідегі Украинаның дрон шабуылының еш жерде жарияланбаған кадрларын көрсетті. Растай аламын, кем дегенде ресейлік екі А-20 AWACS ұшағын дрондар жарды. Олар радарлар күмбезіне тура қонып, жарылыс жасады. Видеоларда сондай-ақ Ту-22МЗ ұшақтарының бірнешеуі жойылғанын байқауға болады", – деп жазды Раштон.
Ұқсас ақпаратты құпия материалдармен танысқан америкалық әскери шолушы Michael Weiss те жеткізді.
Жаңа құпия видеоматериалдардың түскені туралы осы мәліметтер аясында Украинаның Бас штабы қарсыласының стратегиялық авиациясының шығындарына қатысты деректерін қайта жаңартты. Бастапқыда ол қырық шақты ұшақтың құртылғанын мәлімдеді. Содан кейін ертесіне шамамен 12 стратегиялық бомбардировщик пен басқа ұрыс авиациясының қирағанын нақтылады.
Бірақ жаңа деректерді ұзақ және қосымша верификациялаудан кейін, сонымен қатар спутниктік түсірілімдерді талдаудан соң, Украинаның Бас штабы енді қайтадан РФ-тің 41-ден аса әскери бортының жойылғанын жариялап отыр. Нәтижесінде, украиналық тараптың дерегінше, 2022 жылдан бері қарсыласының 413-ке дейін ұшағы жойылыпты.