Көрші елде "ұлы депрессия" басталды

228

Жергілікті психиатрлардың дерегінше, әрбір он ресейліктің жетеуі невроз бен жүйке жүйесінің бұзылысына шалдыққан. 

Көрші елде "ұлы депрессия" басталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ресей күн санап еңсесін езер мазасыздық шыңырауына құлап барады. Көрші ел үшін болашақ жарқын мүмкіндіктердің кеңістігі емес, жаңа қауіп-қатердің қайнары ретінде қабылдануда.

Күдік пен үрей халықтың күнделікті тұрмысына, ертеңге деген жоспарларына, ұйқысыз түндеріне тереңдеп еніп барады. Салдарынан, ресейліктер кез келген маңызды шешімді "жақсы күндер туғанша" деп, шегеруді әдетіне айналдырды.

"Ресейліктердің тең жартысына жуығынан депрессияның айқын нышандары анықталды. Сарапшылар мұның басты себебі ретінде экономикаға қатысты пессимистік болжамдарды, халықтың табысы өсімінің баяулауын және арнайы әскери операцияның тез арада аяқталуына деген үміттің үзілуін атады", – деп мәлім етті ресейлік Афиша Daily басылымы Ресей ғылым академиясының деректеріне сілтеме жасап.

Салыстырсақ, РФ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы депрессия диагнозы Ресей тұрғындарының тек оннан бірінен (шамамен 15 млн адамнан) ғана табылған еді. Яғни, жүйкесі бұзылғандар қатары күрт көбейген.

РФ ҒА Психология институтының жүргізген мониторингі мәселенің бүгінде қаншалықты үрейлі ауқым алғанын әшкереледі: респонденттердің әрбір екіншісінің – 49%-ының бойынан депрессия белгілері табылған. 33%-ы үнемі үрей үстінде жүргенін хабарлаған. 36%-ында айқын білінетін депрессивті-мазасыздық симптомы анықталған. Бұл ретте бір адамға бірнеше жауапты белгілеуге рұқсат етілді.

Әсіресе, ресейлік жастардың жағдайы өте ауыр: 18 бен 34 жас аралығындағы респонденттердің 70%-ында депрессия нышандары бар көрінеді. 48%-ы "бақылауға еш көнбейтін үрейді және мазасыздықты бастан кешіріп жатқанын" жеткізген.

РФ ҒА Психология институтының дерегінше, қаржылық жағдайын ойлағанда бойын үрей билейтін ресейліктердің үлесі биылғы шілдедегі 56%-дан кілт өсіп, тамыз айында 68%-ға шарықтады. Өз отбасының экономикалық жағдайы нашарлайды деп қорқа күтетін ресейліктердің саны 48%-ды құрады. Алдағы 12 айда елдегі жалпы экономикалық ахуал ушығады деп есептейтіндердің үлесі 56%-ға дейін артқан.

Мұның соңы неге соқтырады? Ресейлік ғалымдар дабыл қағуда: азаматтар балаларына жақсы болашақ сыйлай алатынына күмәнданғандықтан, өмірге сәби әкелуден бас тартуда. 

"Егер үздіксіз мазасыздану және өз өмірін бақылау мүмкіндігінен айырылу үрдісі сақталса, бұл демография мен мансаптық стратегияларға да ұзақ мерзімді кері әсерін тигізеді. Мұндай жағдайда беймәлім болашақтан қорғану құралы ретінде әрине, отбасының, жақындар мен достық қарым-қатынастардың құндылығы артады. Дегенмен, Ресейде отау құру мен ұрпақ өрбітуге деген ынта қатты төмендеп, жас ресейліктер сәби сүюді кейінге қалдыруға бейім болады", – делінген ресейлік академиктердің баяндамасында.

Өз кезегінде ақ халатты мамандардың байламы бұдан да үрейлі: іс жүзінде РФ-тың әрбір он тұрғынының жеті-сегізінің жүйкесі жұқарып, жынданудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді.

Қиыр Шығыс федералдық университетінің Медициналық кешенінің клиникалық психология және психотерапия бөлімінің меңгерушісі, доцент, тәжірибелі психиатр-дәрігер Александр Сергиевич мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында бүгінде Ресей халқының 78%-ы невротикалық бұзылыстарға, соның ішінде депрессиялық және үрейлі күйге бейім екенін мәлімдеді.

"Мұндай бұзылыстың шарықтау шегі өткір немесе созылмалы стресстен – жанжалдардан, шектен тыс жүктемелерден туындайтын психогендік бұзылыстар түрінде көрініс табуы мүмкін. Мұның белгілері бір жағынан, эмоционалдық тұрақсыздықтан – үрейден, күйгелектіктен көрінеді. Екінші жағынан, физикалық симптомдар, яғни, паникалық шабуылдардан, жүректің жиі соғуынан, бас ауруынан көрініс табады. Мұның бәрі – мазасыздық, депрессиялық және неврастениялық бұзылыстар", – деп нақтылады психиатр.

Оның тұжырымдауынша, ресейліктердің бойын буған невротикалық бұзылыстар көбіне психикалық ауытқу емес, вегетативті жүйке жүйесінің түрлі салмақтарға, қажып-шаршауға және өзге де факторларға білдіретін физиологиялық реакциясы болып табылады. Дәрігер дер кезінде маманының көмегіне жүгінбесе, невротикалық бұзылыстардың психозға ұласып кетуі мүмкін екенін ескертті.

Ресейдің экономикасы да санаға салмақ салады

Ғалымдар бұл жағдайдың себебін бірнеше фактормен байланыстырды. Трагедияның басты қайнары – Украинамен 5 жылға созылған соғыстың биыл аяқталуына деген үміттің өшуі. Әлеуметтік-экономикалық ауыр ахуал да үрейге түрткі. Росстат мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері инфляция 46%-ды құраса, Ресей Банкі жариялаған дерекке сәйкес, ресейліктердің өзі баға өсімінің көлемі 108%-ға жетті деп бағалайды.

Сонымен қатар, халықты борыш батпағына батырған жоғары қарыз жүктемесі, еңбек нарығындағы проблемалар және РФ экономикасының одан әрі дамуына қатысты белгісіздік те шешімін таппай, сақталуда.

Ресейге он жылға жуық экономикалық тоқырау төніп тұр, деп мәлім етті The Moscow Times. РФ Жоғары экономика мектебі (ВШЭ) Даму орталығының консенсус-болжамы бойынша, ресейлік экономикада ұзақ жылдар бойы (2032 жылға дейін) дәл 2023-2024 жылдардағыдай 4%-дан асатын қарқынды өсім енді болмайды. Биыл консенсустық болжам РФ ЖІӨ-сінің өсімі бар-жоғы 0,6%, келесі жылы – 1%, ал, 2028 жылы – 1,6% ғана болады деп межелеп отыр.

Салдарынан, Ресей экономикасы өзге елдерден, соның ішінде көршілерінен де қатты қалып қояды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сай, әлемдік экономика 2026-2031 жылдары шамамен 20,5%-ға өсуге қауқарлы болса, Ресей одан екі есе аз – небәрі 8,9% өсім көрсетеді.

Ресей тіпті болып-толған, сондықтан өркендеуде шабан "дамыған елдердің" өзінен арттап қалады: ХВҚ болжамынша, дамыған мемлекеттер жылына 1,5-1,8%-дап өсіп, алты жылда 10,2% қосады. Ресей сондай-ақ өзі кіретін "дамушы елдердің" шаңын жұтып қалады: ХВҚ дамушы елдердің экономикасы 6 жыл ішінде 27%-ға ілгерілейді деп күтеді. Бұл Ресей көрсеткішінен үш есе артық.

Тұрғындар өз өмірінің тізгінін жоғалтты

Ресейліктердің өз өмірін басқара алу қабілетіне деген көзқарасының да теріс жаққа өзгеруі елдегі үрей бұлтын қалыңдата түсті. Барлық өңірді жаппай жайлаған қымбатшылық, шетелдік санкциялардың толассыз күшеюі, халықтың шынайы табыс өсімінің баяулауы және соғыстың таяу арада аяқталатынына деген үміттің бұлыңғырлануы сайып келгенде, әр адамның өз айналасындағы оқиғаларға ықпал ете алу сезімін біртіндеп жегідей жеп жатыр.

РФ ҒА Психология институтының мәліметінше, 2022 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта "өз өмірімнің қалай өзгеретіні өзіме байланысты" деп есептейтін ресейліктердің үлесі 1,7 есеге құлдыраған. 2022 жылдың сәуірінде мұндай сенімді азаматтардың үлесі 67% болса, 2026 жылдың шілдесінде оның қатарында небәрі 38%-ы қалды.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл халықтың көңіл-күйін бағамдайтын өте маңызды көрсеткіш. Егер адам өз жағдайын өзгерте алатынына кәміл сенсе, онда кез келген қиындықты еңсеруге қауқарлы. Егер болашағы өз ықпалынан тыс қалғанын, өз бетінше ештеңені де өзгерте алмайтынын, өзіне қатысты шешімді тек өзгелер қабылдайтынын түсінсе, адамның мінез-құлқы қатты өзгереді. Тіпті өмірден түңілуі ықтимал.

Ресейлік "Левада-центр" сауалнамалары да бұл тұнжыраңқы үрдісті растайды. Болашаққа мүлде жоспар құрмайтын ресейліктердің үлесі 12 жыл бойы 36-38% деңгейінде құбылып келген екен. Күзде бұл көрсеткіш бірден 44%-ға "ыршып түсті". Ресейліктердің 41%-ы ертеңгі күнге деген ешқандай сенімді сезінбейтінін мәлімдеген.

Пессимизм Ресейдің жаңа тарихындағы ең ауыр кезеңдерді елестететін ауқымға жетті, деп нұсқады ресейлік әлеуметтанушылар. ВЦИОМ мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде ресейліктердің 66%-ы алда "қиын-қыстау кезеңдер тұр" деп есептейді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 16 пайыздық тармаққа өскен. Мұндай межелер тек 1991-1992 жылдары, Кеңес одағы ыдырар алдында және одан кейінгі экономикалық күйреу тұсында тіркелген екен.

Жанды жаншыр үрейлі атмосфераның бір көрінісі дәрі-дәрмек нарығынан табылды. Ресейліктер қатардан бес жыл (!) бойы антидепрессанттарды сатып алу көлемін еселеп арттыруда. DSM Group дерегінше, 2021 жылы 5,6 млрд рубльге шамамен 9,2 млн қаптама сатылған. 2025 жылы – 20,5 млрд рубльге 22,3 млн қаптама сатылды. Осылайша, заттай айналым шамамен 2,4 есе, ақшалай көлемі – төрт есеге жуық артып шыға келді.

RNC Pharma деректері бұл өсімнің 2026 жылы да жалғасып жатқанын паш етті. Биылғы бірінші тоқсанда дәріханалар ресейліктерге 5,8 млрд рубльге 6,4 миллион қаптама антидепрессант өткізген. Бұл заттай мәнде өткен жылғыдан 22%-ға, ақшалай мәнде 34%-ға артық.

Дегенмен, фармацевтикалық нарық халықтың жан-сарайын тасталқан еткен себептерді емес, тек салдарды ғана сипаттайды. Дәрі-дәрмек жан күйзелісіне серпін берген соғыс, санкция, мобилизация, қымбатшылық, дрон шабуылдары, қылмыстың өршуі сияқты қаптаған факторға тосқауыл қоя алмайды.

Таблетка нақты бір адамға сырқатты еңсеруге көмектесуі мүмкін. Бірақ қоғамға қауіпсіздік, үміт, сенім және өз өміріне өзі қожа болудың бақытты сезімін қайтаруға қауқарсыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу